Жаңалықтар

Балаларды құмар ойын жарнамасынан қалай қорғаймыз?

Балаларды құмар ойын жарнамасынан қалай қорғаймыз?
Фото: © Pixabay 24.03.2023 17:00 1535

Қазақстанда заңсыз орнатылған ойын автоматтары мен казино саны артқан. Былтыр елімізде заңсыз 46 ойын алаңы, 2 казино, 110 ойын терминалдары, 52 процессор, 50 монитор, чиптер және 3 млн теңге көлеміндегі қолма-қол ақша тәркіленген. Бұл іске қатысты Астана экономикалық тергеу департаменті 9 қылмыстық істі тіркеген.

Бір жылдың ішінде заңсыз құмар ойындарының белгісі бар 2416 сайт бұғатталған. Ойын алаңдарын ұйымдастырушылардың қатары да өскен. Қазақстанда ойын мекемелерін ұйымдастыруға заңмен тыйым салынған. Заңсыз ойын алаңын ұйымдастыру үшін үй-жайды жалға берген адам да заң алдында жауап береді.

Дегенмен, елімізде заң жүзінде жұмыс істейтін казинолар мен ойын автоматтары да бар. Қазақстанда заңды түрде тіркелген 6 казино 5ана жұмыс істейді. Олардың бесеуі Қапшағайда болса, біреуі Бурабайда орналасқан. Мамандардың айтуынша, бұл әлемдегі ең көп табыс әкелетін саланың бірі. Сондықтан, оны жойып жіберу мүмкін емес. Былтыр ойын бизнесінен бюджетке 16 млрд теңге салық түскен. Бұдан бөлек, букмекерлік кеңсе қызметімен айналысуға рұқсат берілген 24 лицензиялардың ішінен 9 букмекерлік кеңсе жұмыс жасайды, олар 2022 жылы салыққа 93 млрд теңге төлеген.

Желідегі ақпаратқа сүйенсек, құмар ойынға құмартқандардың басым көпшілігі ер адамдар. Қазақстанда 10 отбасының  7-еуі осы құмар ойынның кесірінен ажырасып кетеді екен. Былтыр елімізде 350 мың адам құмар ойынның құрсауында жүргені белгілі болды. Бүгінде олардың қатары күн санап артып келеді.

Психолог мамандар құмар ойынның «қызығына» түсетіндердің көбі мектеп оқушылары екенін айтады. Өйткені жалт-жұлт еткен букмекерлік кеңселердің жарнамасы көп.  Әлеуметтік желіде де, интернеттен бірдеңе іздесең де,  YouTube-ке кірсеңде  ақша тігіп оңай табысқа жетуді насихаттайтын жарнама қаптап тұр. Оны тіпті кәмелет жасқа  толмаған жасөспірімдер мен балалар да емін-еркін көре береді. Жарнама заңды болуы мүмкін. Бірақ бесіктен белі шықпаған баланы мұндай жарнамаға қызықпайтынына кім кепіл? Балаларды жалт-жұт еткен жарнамадан неге қорғай алмай отырмыз? Кәмелет жасына толмаған бала оңай ақша тапқысы келіп, жарнаманың тұзағына түссе кім жауапты? Ата-ана ма? Олай болса, ата-ана баласын қалай қорғауы керек? Мемлекет  букмекерлер жарнамасына неге тосқауыл қоя алмай келеді Бюджетке түскен салыққа қызығып отыр ма? Ертең сол ақша санасы уланған ұрпақты тура жолға салуға жете ме?

Балаларға арналған жеке YouTube платформасы бар. Онда жарнама жоқ. Бірақ қай ата-ана баласының қолына телефон ұстатқанда қай сайтқа кіргенін қарап отыр?

Заңгер Қанат Аманбайұлы елімізде  балаларды зиянды ақпараттан қорғау үшін әлеуметтік желілерде букмекерлік кеңселерді, ақша тігетін ойындарды жарнамалауға тосқауыл қойылмағанын айтты. Тіпті, бұл мәселе туралы үкіметке бірнеше сауал жолданған және бұл мәселені заң шеңберінде шешуді ешкім қарастырмай отыр дейді.

Қазақстанда 2018 жылы 7 шілдеде «Балалардың денсаулығы мен дамуына зардап тигізетін ақпараттан қорғау» туралы заң қабылданды. Дегенмен бұл заңда балаларды түрлі ақша тігетін букмекерлік кеңселердің жарнамасынан сақтандыру жолы қарастырылмаған, - дейді заңгер.

Оның айтуынша, әлеуметтік желіде, әсіресе YouTube платформасында бейне-роликтерді, жарнамаларды көру үшін де 14,16,18 жасқа деп бөліп жас ерекшелігіне байланысты маркировкалар болуы керек. Ал біздегі  жарнамаларда ондай шектеулер жоқ.

Ата-аналар баламыз не көріп отыр екен деп уайымдайды. Оны түсінуге болады. Өзімнің де екі балам бар. Қазіргі таңда заңға өзгертулер енгізілмейінше, балаларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыру керек. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айтып, балаларды өзіміз букмекерлік кеңсенің, құмар ойындарының жарнамасынан қорғауымыз қажет, - деді заңгер.

Оның айтуынша, заңгерлер заңға өзгертулер енгізу керек деп бастама көтерсе, оған қарсы шығатындардың қатары көп. Себебі, мұндай қатардағы жарнама мен букмекерлік кеңседен түсетін табыс жоғары көрінеді.

YouTube платформасындағы контент жұмыстарымен айналысатын Рауан Есентеміров жақында елімізде YouTube платформасын жарнамасыз көруге болатын премия жоба жүзеге асырылатынын айтты. Дегенмен, бұл платформа ақылы түрде жұмыс істейді.

«Ғаламтор мен YouTube-тағы букмекерлік кеңселер мен ақша тігетін жарнамалардың лицензиясы бар. Сондықтан оларға ешқандай шектеулер қойыла бермейді. Ал лицензиясы жоқ компаниялардың жарнамалары әрине заңсыз болып есептеледі. Осыдан бірнеше жыл бұрын Ресейде ақша тігетін жарнамалар көбейіп кетті. Бұл елдегі өзекті мәселеге айналды. Сондықтан бүгінде YouTube платформасы желідегі казино, ақша тігетін сайттармен, жарнамалармен күресіп келеді.  YouTube ең кеңінен қолданылатын желі болғандықтан, ол жерде балалар үшін де, ересектер үшін де қауіпсіз және қолайлы болуы маңызды», - деді Рауан Есентеміров.

БҰҰ мамандары құмар ойынға тәуелділігі бар адамдарды психологиялық аурудың бір түріне жатқызады. Оның нақты ем шаралары белгіленбеген.

Психолог Балабек Сақтағанов елімізде ақша тігетін сайттар мен казиноларға 21 жасқа дейін емес, 25 жасқа дейін шектеу қою керек екенін айтты. 

Біздің елімізде құмар ойын ойнайтындардың қатары көп болуының бірден бір себебі түрлі сайттар мен жарнамаларға қойылатын шектеулердің жоқтығынан деп есептеймін. Елімізде 21 жасқа дейін ғана казино мен ақша тігетін сайттарға кіруге тыйым бар. Психология бойынша адамның 21 жаста да ақыл-ойы қалыптасып үлгермейді. Демек, адам өзін өзі басқара алмайды деген сөз. Психологиялық тұрғыда адам 25 жаста көп нәрсені ескере бастайды. Сондықтан шетелде 25 жасқа дейін көп дүниеге шектеулер қойылған, - деді Балабек Сақтағанов.

Қазіргі жастар желіде белсенді сондықтан олардың түрлі құмар ойындардың құрсауына түсіп кетуі де тезірек екенін айтып өтті.

Балалар өтпелі шақта түрлі дүниені жасап көргісі келеді.  Түрлі орталарда жүреді. Сондықтан ең бірінші кезекте ата-ана баласының қайда, кіммен және не істеп жүргенін бақылауы маңызды. Бала құмар ойынның құрмауына ерте жастан іліксе, одан шығуы да қиын болатынын ескеру керек, - дейді психолог.

Дүниежүзілік статистикаға сәйкес, жер бетіндегі халықтың 2-3% -ында құмар ойындарға тәуелділік пайда болу ықтималдығы жоғары, ал халықтың 1% -ында бұл тенденция ауруға айналады. Американдық зерттеушілердің айтуынша, құмар ойындарға тәуелділердің 70 %-ы өз-өзіне қол жұмсау туралы ойларда болған, тексерілген пациенттердің 14 %-ы кем дегенде бір рет өзін-өзі өлтіруге әрекет жасаған екен.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға