Балалар ойындары
Балалардың білім алуынан тыс демалыс кезінде жасөспірім ортақ істің ұйымдастырушысы, әрі белсенді қатысушысы болуға үлкен мүмкіндік алуына себеп болады. Лагердегі балалардың өмірі, бос уақыты қызықты, тартымды өтуі – тәлімгерлердің қолында. Назарларыңызға балалар ойындарын ұсынамыз
«Шалма тастау»
Мақсаты: балалардың ойлау қабілеттерін дамыту, шапшаңдылыққа, мұқияттылыққа тәрбиелеу.
Ойынға қатысушылар жиналып келіп, алаңды, ойнайтын жерді таңдап алады. Сол жерден меже белгіленеді, он метр жерге қазық қағылады немесе бұтағын жоғары қаратып, қу томар тасталады. Содан кейін ұзындығы сол қазыққа немесе томарға еркін жететіндей арқан әзірленіп, бір жағын ілмектеп, шалма жасайды. Орталарынан біреуін ойынның жүргізуші етіп тағайындайды да, соның басқаруымен жиналғандар кезектесіп әлгі қағылған қазыққа немесе томардың бұтағына шалманы кезектесіп тастай бастайды. Ол үшін белгіленген көнбеде тұрған ойыншы, арқанның бір ұшын сол қолына ұстайды да, екінші шалма жағын оң қолының шынтағына орап, шеңберлеп алады да қазыққа не томарлы бұтаққа лақтырады.
Ойынға қатысушылардың санына қарай кезек төрт-бес рет қайталанады. Шалманы нысанға кім көп түсірсе, сол жеңеді. Жеңіске жеткен ойыншының құрметіне өлең айтылып, ән шырқалады. Ойын жалғаса береді.
«Асық ойындары»
Мақсаты: ұлттық ойындар арқылы балалардың бойындағы ұлттық қасиеттерін, ойлау қабілетін дамыту, адамгершілікке, шапшаңдылыққа, мұқияттылыққа тәрбиелеу.
Ұлттық ойындары көбінесе әр халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайларына, шаруашылық мүмкіншіліктеріне байланысты қалыптасқан. Қазақ халқының ұлттық ойындарының көбі табиғи заттармен ойнауға негізделген. Шаруашылығы мал шаруашылығына негізделгендіктен қазақ халқының ұлттық ойындары да осыған икемделеді. Әсіресе, қойды көп өсіргендіктен, балалар ойынының көбі қой асығымен байланысты болып келеді. Сондықтан асық ойындары ұлттық ойындарының ішіндегі бұрыннан келе жатқан көне ойынның бірі болып табылады. Асық ойыны баланың кіші жасынан бастап нерв жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке, ұстамдылыққа, байсалдылыққа тәрбиелейді. Мұндай қасиеті болмаса, адамда төзімділік, шыдамдылық та болмайды. Ондай қасиеттер баланың бойында болмаса, адам ойын барысында да, өмірде де көздеген мақсатына жете алмайды. Бұл ойынның еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін ойнайтын түрлері болған.
«Айгөлек»
Мақсаты: балаларды ұжымдылыққа, адамгершілікке, жауапкершілікке тәрбиелеу.
Айгөлек - ұлттық ойын болып есептелінеді. Айлы кеште, кең далада өткізіледі. Ойынға қатысушылар екі топқа бөлінеді. Олардың сандары да, жас мөлшерлері де бірдей болулары керек. Екі топтың да бастаушысы болады. Аралары 10-15 метрдей болуы шарт. Екі топ бір-біріне сөз тастап, күш көрсетіп, өнер жарыстыра бастайды. Екі жақтың ойын бастаушылары орталарынан бір қыз бен бір жігітті шығарып, олардың қолына бір ақ тас, бір қара тас береді. Олар екі тасты ешкімге көрсетпей, уысында қысып тұрады да: сен қай қолдағы тасты қалайсың? - деп сұрайды. Бастаушылардың біреуі: «мен оң қолдағы тасты қалаймын»,- дейді, екіншісі сол жақ қолдағы тасты алады. Қайсысында ақ тас болса, сол топ ойынды бастайды.
Бірінші топ:
Айгөлек-ау, айгөлек,
Айдың жүзі дөңгелек.
Күші мығым, қуатты,
Екпіні желдей өршіген,
Шепті бұзар ер керек.
Екінші топ:
Айгөлек-ау, айгөлек,
Айдың жүзі дөңгелек.
Күші мығым, қуатты,
Екпіні желдей өршіген,
Саған қандай ер керек?- дейді.
Алдыңғы топ:
Айгөлек-ау, айгөлек,
Айдың жүзі дөңгелек.
Күші мығым, қуатты,
Екпіні желдей өршіген,
Бізге пәлен ер керек,
- деп бір ойыншының атын атайды.
Ол тобынан шығып, бір-екі қадам жасап:
Айгөлек-ау, айгөлек,
Айдың жүзі дөңгелек.
Сайысқанда саспайтын,
Самал күнге бастайтын,
Пәлен деген ер шыққан,
Топ бұзуға мен шыққам,
- деп сол жүгірген бойы қарсы топты жарып өтпек болады. Ол екпінді, күшті болса, топты жарып өтіп, өзі қалаған бір қызды, не бір жігітті жетектетіп өз тобына алып келеді. Егер ол топты жарып өте алмаса, сол топта өзі қалып қояды. Ендігі шақыруды екінші топ бастайды. Сөйтіп, ойын жалғаса береді, ойын барысында дөрекілік көрсетуге, жұптасқан жұдырықты жүгіріп келе жатқан ойыншыға қарсы қоюға болмайды. Жүгірген ойыншы да ойын ережесін сақтауға тиіс.
Салбенбекова Салтанат
ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» РМҚК әлеуметтік-педагогикалық бөлім әдіскері, Астана қаласы