Жаңалықтар

Балаларға би өнерінің зияны бар ма?

Би жаттықтырушылары не дейді?
Балаларға би өнерінің зияны бар ма?
04.04.2019 12:22 15377

Би – салауатты өмір салтының құрамдас бөлігі. Ол ең алдымен, баланың денсаулығына оң әсер етіп, психологиялық тұрғыдан беріктік сыйлайды. Әрдайым белсенді болу, жаңа әрі ерекше қимыл-әрекеттер координацияны дамытып, физикалық  тұрғыдан жетілдіре түседі. Сол үшін оның зияны туралы ешқашан бас қатырмағаныңыз дұрыс.

Баланың дамуына бидің әсері қандай?

Он жылдан бері биден балаларға дәріс беріп келе жатқан білікті маман Әйгерім Әлиева былай дейді:

«Би ­– тек хобби емес. Ол денсаулықтың мығым болуын қамтамасыз етеді, одан кейін шаршауды басуға көмектесіп, иммунитетті көтеріп, шыдамдылықты шыңдайды. Бізге келіп жүрген балалар тек өз қатарластарымен емес, ересектермен де тез тіл табысқыш. Би тұйық, ұялшақ ұлдар мен қыздардың өзін  аз уақыттың ішінде «ашып» үлгереді».

Бидің оң әсері:

Біріншіден, бидің физикалық тұрғыдан әсері жоғары. Осы өнерге келген балалардың төзімділігі артып, ағзаға түсетін жүктемеден буындардың жұмысы жақсарып, жүрек бұлшық еті нығая түседі. Қан айналымы жиілеуінің арқасында кез келген вируспен күресу оңайға соғады. Соның әсерінен балалар аз ауырады. Қан барлық ағзаға жеткілікті мөлшерде жетіп, бастысы миды оттекпен, қажетті заттармен қоректендіреді. Осының арқасында ми жылдам дами бастайды. Би барлық бұлшық ет тобының дамуына үйлесімділік беріп, дене мүсініне сымбаттылық сыйлайды.

Екіншіден, психологиялық жетілуге жәрдемші. Би өнерімен шұғылданушы бала ерік-жігерін жаттықтырып, сабырлылыққа үйреніп, өзін-өзі бағалауда кездесетін проблемалармен өте сирек ұшырасатын болады. Би әдемі қимылдарға баулып, баланың өзін және өз денесін қалай бар солай қабылдап, оны ыңғайына қарай икемдеп алуының таптырмас жолы. Қимыл әрекеттің жеңіл әрі әдемі болуы қоғамдық өміріне де әсер етеді. Баланың өзіне деген бағасы мен сенімділігі жоғарылайды.

Үшіншіден, бидің интеллектті дамытуға да пайдасы біршама. Іс-қимылдың еркіндігі шығармашылық ойлауды жетілдіріп, импровизациялық қабілетін шыңдап, аяқ астынан жаңалықтар жасауға дағыдыландырады. Бидегі қимыл-қозғалыстың стратегиясын жасап шығу ғылым секілді күрделі шаруа. Ал оны балалар жылдам әрі жеңіл қабылдап алады.

Би туралы қызықты деректер:

Биді үш топқа топтастырады. Алғашқысы ­– ұлттық билер, оның қатарына өзіміздің қара жорға, қамажай және де басқа ұлттардың өздеріне тән билері кіреді: лезгинка, гопак, фламенко т.б. Екінші би тобы – банальді классикалық деп аталды. Оның құрамына вальс, танго, румба секілді билерді жатқызады. Соңғысы – заманауи билер, яғни, рок-н-ролл, брейк, сахналық балет және т.б.

Жетісіне екі рет би үйірмесіне барудың қандай пайдасы барын білесіз бе? Ол ақыл-парасаттың кемшлігінен сақтайды. Ал бала кезінен биге қатысқандардың сүйегінің беріктігі басқалармен салыстырғанда 5 % -ға мықты болады екен. Сол секілді бишілердің қандағы оттек мөлшері қарапайым адаммен салыстырғанда 18 %-ға көп болса, спортшылардікі 16%-ға жоғары көрсеткішті көрсеткен. Бидің 60 минуттың ішінде 400 ккал энергияны жұтып жіберетіні тағы бар. Зерттеулер көрсеткендей, балаға екі жасқа дейін сөйлеуден гөрі, музыка ритміне қозғалу оңайға соғады екен. Би жүйкеге түсетін салмақты азайтып, бас ауруларын емдеп, артериалды қысымды қалыпқа түсіруге ықпал етеді. Кәсіби бишілер ешқашан Паркинсон ауруына шалдықпайды екен.

Би маманы Әйгерім Әлиева баласын би мектебіне беретін ата-аналарға мынандай кеңес береді:

Балаңызды би студиясына апармас бұрын ол орын туралы ғаламторда жазылған пікірлерді оқып шығыңыз, жұмыс уақытымен танысып, үйіңіздің алыс-жақындығына назар аударыңыз. Сонымен қатар, ай сайынғы төлемнің маңызы жоғары. Кейбір студияларда алғашқы келушілерге тегін сабақтар жүргізіледі. Сол дәрістерге балаңызбен бірге қатысып, жаттықтырушыны бақылап, оның балалармен байланысы қандай екенін байқап қайтыңыз Оның әр баланы ғана емес, топпен қалай жұмыс істейтіні де маңызды.

Студиялардың би өткізетін залдарын қарауды ұмытпаңыз. Оның ыңғайлылығы, көлемі, жарықтануы маңызды рөл ойнайды. Балалар бимен айналысатын залдың температурасы жоғары, әсіресе едені жылы болуы шарт. Биге қажетті құралдардың да жеткіліктілігіне мән беріңіз.

Бала үш жасқа толмай биге берудің қажеті жоқ. Ал бұл көрсеткішке жеткеннің өзінде, өз денесін меңгеріп, жақсы жүре алуы абзал. Маңыздысы ­– бүлдіршін педагог талабын түсіне алуы қажет.

Баланы күштеп би студиясына апармаңыз. Сіздің қалауыңыз оның қалауымен сәйкес келмеуі мүмкін. Егер бала бұл өнер түрін ұнатпаса ертең-ақ, уақытын босқа өткізгенін түсінесіз. Қызыңыз не ұлыңыз бір кездері сіздің қолыңыз жетпей кеткен арманыңызды орындауға міндетті емес.

Егер балаңыз би студиясына барып жүрсе, жаттықтырушы айтқан барлық ұсыныстарды қабыл алыңыз. Ол үй тапсырмасы немесе басқа да тәртіптер болуы мүмкін. Есте сақтаңыз, қосымша жүктеме алып жүрген бала толық әрі нәрлі тамақтануы қажет.

Егер әлі де бидің пайдасы мен зияны, оның денсаулыққа тигізер әсері туралы ойланып жүрсеңіз, алаңдамаңыз. Би – бала денсаулығына оң ықпал ететін ең дұрыс шешім. Би арқылы бала адамдармен қарым-қатынас жасауды үйреніп, өз денесін толық меңгеріп, барлық бұлшық ет тобын дамытып, координациясын жақсарта түседі. Ілгеріде айтып кеткендей, би психологиялық жағдайына да әсер етіп, өзін-өзі дамытудың дұрыс жолы.

Балаға би мектебін қалай таңдау керек?

Әр жыл сайын бимен айналысатындардың саны артып келеді. Оған себеп, бұл өнердің әлемде ерекше танымалдылыққа ие бола бастауы. Балаңыз үшін бидің қаншалықты пайдалы екенін жоғарыда атап көрсеттік. Ендігі, ол жоғары жетістіктерге жетіп, кәсіби айналысуы үшін жақсы би мектебін таңдау керек. Жоғары квалификациялы педагогтардың қолына түскен періштеңіз көп өтпей-ақ, жаңа жеңістерге жетіп, көз қуанышыңызға айналатынан күмән жоқ.

Мектеп таңдау үшін алдымен қандай мақсатта балаңызды биге жіберіп отырғаныңызды нақтылап алыңыз.

Егер ол кәсіби түрде айналысып, үлкен сахналардан көрініп жүргенін қаласаңыз, үш жасынан хореографиялық немесе балет мектебіне беріңіз. Ал егер балаңыз хореографияның негізгі қағидаларын біліп, әдемі қимылдай алғаны ғана жеткілікті болса, балалармен жұмыс жасай білетін жақсы жаттықтырушылары бар, кішігірім студияға жаздырсаңыз болады.

Мектеп не студия таңдарда назар аудартатын екі нәрсе бар: қай жастан қабылдайтыны және іріктеу шарттары. Бала билеп үйрену үшін алты жастан да арнайы үйірмелерге бара берсе жарайды. Ал егер оның кәсіби түрде айналысқанын қаласаңыз таңдау конкурстары мен мықты бапкерлік құрамы бар мектепті алдыңғы қатарға шығарыңыз. Ал студиялар билеп үйренгісі келетін барлық ұлдар мен қыздардың көңілін қалдырмай, қабылдай береді.

Тіпті, кішігірім студия жаттықтырушыларының өзі әрдайым квалификациясын жоғарлатып отыруы міндетті, аккомпаниатор мен басқа да педагогтардың білімі өз жұмыстарына сай келуі керек.

Егер мектептерде «ашық есік күні» болатынын естісеңіз, міндетті түрде іс-шараға қатысып көріңіз. Сол жерде мұғалімдермен бетпе-бет кездесіп, ол мектептің сіздің балаңызды жоғары биікке жеткізуге қауқары бар-жоғын біліп, дәріс өтетін залдардың хал-ахуалын бағамдап қайтасыз. Балаңыз оқитын бағдарламамен танысып, оның қиындығын бағалап, талаптар мен қажеттіліктердің тізіміне көз жүгіртіңіз.

Ал би мектептері мынандай талаптарға сай болуы керек:

Егер балаңызды бидің қай бағытына жіберетініңізді анықтамаған болсаңыз, сізге көптеген нұсқаларды ұсынатын үлкен мектепті таңдағаныңыз абзал. Ал әрі қарайғы шешімді балаңызға қалдырыңыз.  Егер мүмкіндік болса, балғын бишінің алғашқы дәрістеріне қатысқаныңыз жөн.

Егер балаңыз үлкен сахналарға шығуды, ел аузындағы бишіге айналуды армандаса, өнер көрсетуге арналған кестесі бар мектепті таңдаңыз.

Сол сияқты кей мектептердің қабылдау уақыты бар. Кейбіреулерінде жылына бір рет қана болса, басқаларының жыл он екі ай жаңа оқушыларға есігі айқара ашық. Назар аудартатын және сіздің бүлдіршініңіз үшін аса маңызды жайттардың бірі - мектептің алшақтығы мен сабақ уақыты.

Мекеменің талаптарын қарап шығыңыз. Кейбір кәсіби мектептер оқушыларын қатаң тәртіпке бағынуға итермелейді. Сонымен қатар, тамақтану жүйесіне де көңіл бөліңіз.

Би – баланы жаңа нәрсеге алдандыруға, сана-сезімін дамытуға, бос уақытын пайдалы нәрсеге жұмсауға таптырмас құрал.  Егер перзентіңіз бимен кәсіби айналысып, болашағын осы өнер саласынан көрсе, бүгінгі сіз таңдаған би мектебінің оған қосар үлесі оорасан болмақ. Талантын ашып, табысқа жеткізуші – мектеп пен білікті бапкер.

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға