Дельфиндер қонаққа шақырады
Олимпиада чемпионы, Баркер кубогының иегері, Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Сәпиевтің ұйымдастыруымен «Дельфинде қонаққа» қайырымдылық акциясы өтті.
Акцияға мүмкіндігі шектеулі, сол секілді аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар шақыртылды. Олар бір сағат көлемінде Ресейдің Сочи қаласынан келген дельфиндер мен теңіз мысықтарының қойылымдарын тамашалады. Теңіз сұлулары үлкенді-кішілі доптармен ойнап, түрлі сальтолар жасап, жаттықтырушыларымен де қосылып не түрлі шеберлік әдістерін көретті.
«Дельфинде қонаққа» акциясын ұйымдастыруға қол ұшын созған Астана қаласының әкімдігіне, «Mega Silk Way» СО дельфинариясына алғысымды білдіремін. Шара арқылы мүмкіндігі шектеулі балалар мен аз қамтылған отбасыдан шыққан балалардың жағдайына қоғамдық, мемлекеттік ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының назарын аудартқымыз келді», – дейді Серік Сәпиев.
Дельфиндер шоуын көруге аутизм, Даун синдромы, спинабифид, церебральды сал ауруы (ДЦП) секілді дертке шалдыққан балалар арнайы көліктермен келіп, Олимпиада чемпионымен естелікке суретке түсуге мүмкіндік алды.
Балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлаған дельфиндер мен теңіз мысықтарының жаттықтырушысы Николай Бондарь: «дельфиндер өзіне назар аудартқанды ұнатады, олар көп халық жиналған жерде өнер көрсетуге әбден дағдыланған. Бұлар да кәдімгі адамдар секілді, бәріне бірдей қарамасаң ренжіп қалуы мүмкін» дейді.
Акция жалпы, 200-ге жуық баланы қамтып отыр.