Жаңалықтар

Балалар невропатологы: «Әр баланың денсаулығына бірінші кезекте ата-ана жауапты»

Балалар невропатологы: «Әр баланың денсаулығына бірінші кезекте ата-ана жауапты»
Фото: Дәулет Өтебаевтың жеке мұрағаты 28.05.2024 16:00 21086

Неврология – медицинадағы күрделі салалардың бірі. Әсіресе балалар неврологиясы аса жауапкершілікті қажет етеді. Өйткені жүйке жүйесі ауруларын анықтап, дер кезінде ем жүргізетін бұл сала баланың бүкіл өміріне тікелей қатысты. Баланың дұрыс дамуы үшін қандай жайттарды назарға алу керек? Ата-ана қай кезде дабыл қағуы қажет? Соңғы жылдары балалар тілінің кеш шығуы неге белең алып отыр? Бұл сұрақтарға жауап алу үшін Түркістан облысы Сарыағаш аудандық орталық ауруханасының балалар невропатологы Дәулет Өтебаевпен сұхбаттастық.  

El.kz: Қазір балалар арасында қандай аурулар белең алып барады?

Дәулет Өтебаев: Мен еңбек етіп отырған сала бойынша айтар болсам, өкінішке қарай соңғы жылдары балалар арасында тілдің кеш шығуы, психикалық дамуының артта қалуы белең алып отыр. Психомоторлы дамуының, іс-қимылының кешігуі бар. Бұл күрделі түрі деуге болады. Содан кейін ананың жүктілігі кезінде болатын асқынуларды айтуға болады. Оған тікелей кері әсер ететін себептер – жүктілікті жоспарламау, жүктілік кезінде болашақ ана ағзасына қажетті дәрумендер жетіспеушілігі, психикалық эмоционалды жүктемелердің шамадан тыс артуы, яғни психосоматикалық құбылыстар әсері. Бұның бәрі құрсақта жатқан балаға тікелей әсер етеді.   

El.kz: Кейбір невропатолог дәрігерлер мойын омыртқасы зақымданған балалар саны артты деп дабыл қағып отыр. Оның бірден бір себебі жүкті әйел дұрыс босанбауынан балаға зақым келеді, дүниеге келген нәресте жарақат алады дейді. Келісесіз бе?

Дәулет Өтебаев: Иә, ондай балалар да бар. Бірақ артып отыр деген пікірмен келіспеймін. Бала туылған кезде алатын жарақаттар бұған дейін де болған. Бұл дегеніміз жүкті әйел босанарда баланың бас миы мен жүйке жүйесі зақымданып, мойын омыртқасына зақым келуі мүмкін. Бірақ бұл жедел артып кетті немесе төмендеді деген асқынуға жатпайды. Шамамен 100 баланың екеуінде кездеседі деуге келеді. Бәлкім одан да көп шығар. Бірақ эпидемия сияқты көбейіп кеткен жоқ.

Тағы бір айта кетерлігі, бала құрсақта жатқанда жатырішілік жарақат түрлері де бар. Яғни, бала ұзақ уақыт кіндікке оралып қалса, тұншығып қалуы мүмкін. Ондай кезде дәрігерлер жүкті әйелді шұғыл босандырып алады.  

Бала кіндікке оралып қалса, оттегі жетіспеушілігінен бас миына зақым келеді. Әрине, оның жеңіл, орта, ауыр түрлері бар. Бірақ менің тәжірибемде 50-60 пайызында жеңіл түрі кездескен. Негізі әдебиетте жеңіл түрін диагноз санамайды.

Бала дүниеге келерде түрлі жағдайда басы қысылып туылуы мүмкін. Оған түрлі себептер бар. Соның бірі анасының жамбасы тар болуы. Егер бала қысылып туылса, оған кефалогематома диагнозы қойылады. Бұл дегеніміз бас сүйегі мен терінің ортасында қанның ұюы.

El.kz: Дүниеге келген кезде мойны немесе басы жарақат алған балаларды толық емдеу мүмкін бе?

Дәулет Өтебаев: Әрине, толық емдеуге болады. Ол алған жарақаттың деңгейіне қарай. Мәселен, жеңіл дәрежесінде клиникалық белгілеріне қарай реабилитациялық күтім жасап, 1-2 айда емдеуге болады.  Ал орта дәрежесі болса, 3-5 ай кетуі мүмкін. Ол нақта зақым неден келгеніне байланысты.

Ауыр түріне церебральды қан құйылу - қан тамырларынан ми паренхимасына жергілікті қан кету жатады. Яғни, бас миындағы қан тамырларының жарылуы салдарынан жаңа туған нәрестеде субэпендимальды киста пайда болады. Ол көлеміне қарай, бас миының қай бөлігінде орналасуына байланысты уақыт өте өздігінен кетеді. Әрине, бұл ретте тұрақты ем қажет.

Туылған кезде орта және ауыр дәрежедегі жарақат алған балаларды бірінші кезекте неонатолог дәрігер Апгар шкаласы бойынша тексеріп, нейросонография аппаратына түсіреді. Бұл құрылғы арқылы бас ми құрылымын, қанталау бар немесе жоқтығын анықтауға мүмкіндік бар. Бұл - перзентахада жүргізілетін тексеру. Ауырлық деңгейіне қарай қажеттілік болса, перзентханада балалар невропатологынан тікелей кеңес алынады. Кейін нәресте патология бөлімшесіне ауыстырылып, қалыпқа келгенше бақылауда болады. Содан соң амбулаториялық емге жіберіледі. Бала бір айлығында балалар невропатологына қарату керек, ультрадыбыстық зерттеу жүргізіледі. Егер дәрігер қажет деп тапса, тиісті емдом тағайындайды. Бақылауға алынады. Ауырлық дәрежесіне қарай оны емдеуге 5-6 ай кетеді. Егер дер кезінде ем жүргізілмей, асқынулар болса, тілдің кеш шығуы, психомоторлы дамудың тежелуіне әкеп соғуы мүмкін. Егер бала бақылаусыз, реабилитациялық күтімсіз қалса, оның соңы эпилепсия, ДЦП-ға  әкеп соғатын жайттар да кездеседі. Өзімнің тәжірибеме келетін болсам, бас миы зақымданып және алған жарақаты ауыр балалардың  80-90 пайызын уақытылы ем жүргізу арқылы толықтай емдеуге болады. Ал егер дұрыс емделмесе, асқыну салдарынан медицинаның күші жетпеуі мүмкін.

(Фото: Дәулет Өтебаевтың жеке мұрағаты)

El.kz: Баланы қай кезде невропатологқа көрсету керек? Ата-ана қай кезде дабыл қағуы қажет? Оның денсаулығында ақауы барын қалай анықтайсыздар?

Дәулет Өтебаев: Бірінші кезекте жаңа туған сәбиде ана сүтін емуі қалыпты болуы керек. Омырауды белсенді алып, шаршап қалмауы қажет. Содан соң ұйқысы тыныш болуы маңызды. Дені сау кез келген сәби алғашқы айында 18-20 сағат ұйықтайды ғой. Кейінгі айларда айналаға қарап, фотореакциясы байқалады. Салмақ жинау, бойының өсуі де - басты факторлардың бірі. Негізі балада өзгеріс болсын немесе болмасын 1 айында профилактикалық тексеруден өтуі керек. Скрининг бойынша бұл кезде педиатрдан бөлек, балалар невропатологы мен балалар хирургы қарайды. Содан соң 3, 9 айлығында және 1 жасында міндетті түрде профилактикалық тексеруден өтуі қажет. Ал егер жоғарыда айтып өткен қалыпты жағдайларда өзгеріс болса, учаскелік дәрігер кез келген уақытта дереу балалар невропатологына жолдама береді.  

El.kz: Соңғы кезде балалар арасында бас сүйек ішілік қысым (внутричерепное давление) дегенді  жиі естіп жүрміз. Осыған тоқталып өтіңізші...

Дәулет Өтебаев: Бізде көп жағдайда мазасызданып, жиі жылайтын балаға бұл диагнозды көп ата-ана өздері қойып алады. Бірақ алдымен оның себебін анықтау керек. Өйткені бала туылған кезде жүйке жүйесінің перинаталдық зақымдануынан, іші немесе құлағы ауырып жылауы мүмкін.

Бізде бас сүйек ішілік қысымы бар нәрестелер жоқ емес, бірақ аз. Ол нейросонографияға түсірген кезде анықталады. Соның ішінде доплерография жасаған кезде егер қысым жоғары болатын болса, бас сүйек ішілік қысым диагнозы қойылады. Оны жүйелі түрде ем жүргізу нәтижесінде 2-3 ай көлемінде емдеуге болады. Бірақ бізге ең алдымен бас сүйек ішілік қысым бар ма, жоқ па соны анықтап алу керек. Нейросонографияға түсіргенде бас миында су мөлшері кішкене шамадан жоғары болуы мүмкін. Яғни, баланың еңбегі үлкен боп жатады. D дәруменінің жетіспеушілігінен бастағы су мөлшері көп болады. Бірақ біз бұны бас сүйек ішілік қысым деп айта алмаймыз. Оны гидроцефалия дейміз.

El.kz: Бала тілінің кеш шығуы белең алып отыр деп айтып қалдыңыз. Маман ретінде айтыңызшы, соңғы жылдары балалардың тілі кеш шығуы неше пайызға өсіп отыр? Белгілі бір статистика бар ма? Онымен қалай күресу керек?  

Дәулет Өтебаев: Бұл бойынша нақты статистика қолымда жоқ. Бірақ менің пайымым бойынша соңғы 3-4 жылда 20-30 пайызға артқан сияқты. Нақты статистиканы коррекциялық кабинетте логопедтер жүргізеді.

Бала тілі неліктен кеш шығып жатқанына тоқталсам, жоғарыда айтып өткенімдей бала 1 жасқа дейінгі бақылауда болады. Қалыпты жағдайда алғашқы айларында айналасына қарап, реакциясы болуы қажет. 2-3 айында анасымен контактіге түседі. Күлсе, күледі. Еркелетсе, еркелеткенді түсінеді. 3-4 айында емізікті (соска: авт), 4-5 айында ойыншықтарды ұстап білуі қажет. 5-6 айынды гуілдетіп дыбыс шығарады. 7-8 айында еңбектей бастайды. 8-9 айында өзі отырып ойыншықтармен ойнай біледі. Бұның бәрі 1 жасқа дейінгі болуы керек әрекеттер. Егер өзгеріс болса, демек баланың дамуы кешеуілдеп, тілінің кеш шығуына себеп бар деген сөз.

Бала тілінің кеш шығуына туылған кезде алған жарақаты да әсер етеді. Содан соң билирубиндік энцефалопатия деген бар. Бұл сәбидің қан құрамында билирубин концентраты көбейген соң сөйлеу, есте сақтау, қабылдау, жеткізу сияқты когнитивтік функция қызметін тежеп қояды. Статистиканы қарасақ, сарғайып туылған балалардың көбінде тілі кеш шығып жатады.

Психикалық дамудың кешігуі деген бар. Ол баланың психологиялық-физикалық дамуын тежейді. Біз оны 2-2,5 жасында  анықтаймыз. Команданы орындау, өзіне келетін қауіпті қабылдауын бақылаймыз. Кей жағдайларда психикасы өз жасына сай болады, тек сөйлеп жеткізуі кешігіп жататындар бар. Ол тіл кеш шығудың жеңіл түрі. Ал ауыр деңгейінде баланың психикасын қалыпқа келтіру үшін балалар психологы, невропатолог, дефектолог мамандары бірлесе отырып жұмыс істейді. Яғни, мидағы ұйықтап қалған клеткаларды ояту жұмыстары жүргізіледі.  

Микрополяризация деген аппарат бар. Микро тоқ жіберу арқылы мидағы клеткаларды оятады. Содан соң қазір ТМС деген аппарат  кеңінен қолданылып жатыр. Ол магниттік толқын жіберу арқылы мидағы клеткаларды оятады. Бұдан өзге тілдің кеш шығуына балаға қажетті гемоглобин, кальций, калий, магний, фосфор сияқты дәрумендердің жетіспеушілігі де себеп болуы мүмкін.  

Соңғы 4-5 жылда жүре пайда болатын тілдің кеш шығуы жиілеп отыр. Бұл анасының баламен контактісі аз болуынан, отбасы мүшелерінің бір-бірімен сөйлеспеуінен, қоршаған ортамен байланыстың аз болуынан пайда болады.  Содан соң қазір смартфон мен гаджеттің заманы болды. Көп ата-ана бастысы бала жыламаса болды деп қолына телефон беріп қояды. 1,5-2 жастағы бала өткірді, ыстық-суықты ұсақ моторикалық әдіс арқылы сезіне білуі қажет кезеңде бір орнында смартфонға үңіліп отыра берсе, когнитивтік функциясы дамымай қалады. Оның соңы тілдің кеш шығуына әкеп соғады.

Өкінішке қарай қазір бала тілінің кеш шығуын қолдан жасап алғандар көбейіп барады.

(Фото: Дәулет Өтебаевтың жеке мұрағаты)

El.kz: Кейбір балалар ашушаң боп барады. Себебі неде?

Дәулет Өтебаев: Иә, маған көбіне 3-5 жасар балалардың ата-аналары хабарласып, баласы ашушаң, кез келген нәрсеге ашуланып, ойыншықтарын лақтырып отырады деп жатады. Оның себебі неде? Бірінші кезекте: тамақтану режимінің бұзылуы, тамақтану рационында ағзаға қажетті элементтердің аз болуы. Одан кейін қазір дүкен сөрелерінде түрлі түсті консерванттары бар заттар көбейіп кетті. Тіпті ішіп жүрген сусынның өзі бірді бояу. Қазіргі балалардың көбінің жейтінін «чипсы», «кириешки». Бала ағзасына қажетті дәрумен келіп түспесе, ашушаңдыққа әкеп соғады. Содан кейін іштегі паразиттердің көбеюінен ашушаңдық пайда болады. Бұл тәбетті тежеп тастайды. Ағзаға тамақ түспеген бала, тек бала емес, ересек адамдар да ашуға булығып жатады.

El.kz: Денсаулығында ақауы бар балаға екпе салынбайтынын білеміз. Бірақ бұл қаншалықты орындалып отыр?  

Дәулет Өтебаев: Шынымды айтсам, бұл 14 жылдық еңбек тәжірибемде тәулігіне 24 сағат болса, соның 10 сағатында бетпе-бет келетін сұрақтардың бірі. Бала 1 айлығында толықтай профилактикалық тексеруден өтеді. Сол кезде баланың бойы, салмағы өлшенеді. Жалпы дамуы бақыланады. Содан соң педиатр балалар невропатологы мен балалар хирургына жібереді. Біз баланың рефлексін тексереміз. Анасынан жүктілік барысын, босану кезін сұраймыз. Неврологиялық жүйесінде асқыну бар ма, жоқ па соны анықтаймыз. Егер қандай ді бір өзгеріс анықталып, баланың ұйқысы бұзылып, көп жыласа, жиі мазасызданса, уақытша энцефалопатия диагнозын қоямыз да белгілі бір уақытқа екпеден бас тарту қажеттігі туралы ұсыныс жазамыз. Қарсы көрсетілімдері болса, екпе салу бір айға шегеріледі. Бірақ нақты шешімді аймақтық педиатр қабылдайды. Бір ай өткен соң осы процедура қайта жүргізіледі. Педиатр баланың салмағын, бойын, температурасын  өлшейді. Жүрек соғысын, өкпесін тыңдайды. Жалпы қан және зәр анализін көреді. Баланың даму процесін бақылайды. Соматикалық дені сау екені белгілі болған соң жоспарлы екпе салынады.

Кей ата-анада вакцинаны салуға болатынын немесе болмайтынын невропатолог шешеді деген ұғым қалыптасқан. Екпені неврологиялық зақымдануы бар балаларға ғана салуға болмайды деген қате пікір. Баланың нерв жүйесі қалыпты, бірақ қан аздық, дене қызуы көтерілсе, жедел-респитаторлы вирус, диарея сияқты белгілері болса да екпеден уақытша бас тартылады.  

El.kz: «Екпе аутизмнің пайда болуына әкеп соғады» деген пікірмен көп ата-ана вакцинадан бас тартатынын естіп жүрміз. Маман ретінде ондай ата-аналарға не айтасыз?

Дәулет Өтебаев: Ол жалған ақпарат.  Мен ондай ата-аналарға дәлелді медицина бойынша фактілер келтіруге тырысамын. Екпе дегеніміз - белгілі бір аурудың алдын алып, ағзаның иммундық қасиетін арттыру үшін егілетін препарат. Яғни, баланың барлық келешек өмірінде болуы мүмкін ауруларыдң асқынуын болдырмау. Сондықтан екпе  аутизмге әкелмейді. Ол медицинада дәлелденген.

El.kz: Балалар арасында деменция кездесе ме?

Дәулет Өтебаев: Деменция - есте сақтау, ойлау және күнделікті әрекеттерді орындау қабілетіне теріс әсер ететін бірнеше ауруларды сипаттау үшін қолданылатын термин. Альцгеймер ауруы – деменцияның ең көп тараған түрі, мидың дұрыс жұмыс істемейтін жағдайы. Жалпық тілмен айтқанда оны "алжу" деп айтамыз. Өз тәжірибемде балалар арасында деменция жайты кездеспеген. Қазақстанда тіркелгені немесе тіркелмегені туралы да білмейді екенмін, естімеппін. Балалар арасында алған жарақаттан кейін деңгейіне қарай психомоторлы ауытқу болуы мүмкін, бірақ деменция дегенді кездестірмеппін.

(Фото: Дәулет Өтебаевтың жеке мұрағаты)

El.kz: Қазақта «Бала 7 жасқа келгенше жерден таяқ жейді» деген ұғым бар. Егер бала «коляскадан» немесе бесіктен құлап түссе, бірақ ешқандай ісіну немесе қимыл-қозғалысында өзгеріс байқалмаса, дәрігерге қарату міндетті ме?

Дәулет Өтебаев: Енді ол қай жерге, қалай құлауына баланысты. Негізі балалардың мұндай жарақатынан көп жағдайда асқыну бола қоймайды. Өйткені баланың бас сүйегі әлі қатпаған, серпімді (эластичный) болады. Соның арқасында көбіне зақым келе қоймайды. Бірақ бұл дәрігерге қаратпай-ақ қоюға болады деген сөз емес.

Жарақаттың жеңіл не ауыр түрін анықтап алу керек. Мәселен, бала құлап қалғаң соң есінен тану, ісіну, көгеру байқалса, сонымен қатар бір сағат ішінде құсып, дене қызуы көтеріліп немесе төмендесе, міндетті түрде жедел жәрдем шақырып, травматолог қарауы керек. Рентгенке түсіріп, жарақатты анықтайды. Содан соң көз дәрігері тексеру қажет. Ал басқа жағдайда мейлі бала жыласын немесе жыламасын міндетті түрде балалар невропатологына, тым болмағанда аймақтық педиатрға көрсеткен дұрыс.   

El.kz: Аутизм, ДЦП туралы да сұрамай кетуге болмас. Алғашқы белгілері қай кезде пайда болады? Жалпы аутизм, ДЦП-пен ауырған балаларды толықтай емдеуге бола ма?

Дәулет Өтебаев:  Аутизм белгісін бала 1 жастан асқанда анықтауға болады. Бірақ нақты диагноз 4 жасында қойылады. Ал ДЦП туа бітті болуы мүмкін. Нақты диагноз 1 жасында қойылады. Аутизм де, ДЦП да толық емделмейді. Тек жүйелі түрде жүргізілген емнің арқасында баланың жағдайын жақсартуға болады.    

El.kz: Қазір елімізде балабақша, мектептерде аутизм белгілер бар балаларға инклюзивті білім беру әдістері қолданылып жатыр. Балалар неропатологы ретінде айтыңызшы, бұл дұрыс па?

Дәулет Өтебаев: Дұрыс деп ойлаймын. Өйткені бала көру, араласу арқылы нәтижеге  жетуге ықпалын тигізеді. Бала соған талпынады, бейімделеді. Оның үстіне менің білуімше аутизм белгілері бар балалармен топтық жұмыстар жүргізіледі. Ол жерде жеңіл, орта, ауыр дәрежелері болады. Топтасып жұмыс істеу арқылы нәтижеге қол жеткізуге болады. Ал оларға дені сау балалармен бірге білім беру - меніңше дұрыс емес. Өйткені ол баланың психикасына әсер етіп, дені сау бала аутизм белгілері бар баланың қылығын қайталауы мүмкін.

El.kz: Неврологиялық асқынулары бар емізулі сәбилердің ата-аналары нені білгені жөн? Олар қандай процедуларды жүргізу шарт?   

Дәулет Өтебаев: Бірінші кезекте – күтім. Уақытылы емізіп, уақытылы ұйықтату керек. Уақытылы массаж қажет. Денсаулығында кінәраты бар ғана емес, жалпы кез келген анаға педиатрлер бала күтімі бойынша консультация береді.

Біз көп жағдайда неврологиялық ақауы бар сәбилерді мүмкіндігінше бесікке бөлемеген дұрыс деп кеңес береміз. Тербетіп, басын шайқаған дұрыс емес. Бірақ бұның бәрі баланың қалауы. Кей сәбилер бесікте тыныш ұйықтайды. Ал кейбірі мазасызданып, жылап шығады. Негізі мұндай балалар ұйқысы тыныш болуы үшін еркін жатқаны дұрыс.

El.kz: Балаларға ойыншық таңдарда нені назарға алу керек?   

Дәулет Өтебаев: Барлық балаға ойыншықтар таңдарда ең алдымен оның сапасына мән берген жөн. Иісі, дәмі болмауы қажет. Үшкір және қатты болмаған дұрыс. Жұмсақ ойыншықтың баланың моторикалық дамуына үлкен септігі бар.  

El.kz: Жалпы баланың мінез-құлқында, қимыл-қозғалысында ешқандай өзгеріс байқалмаса да маманға қаншалықты жиі қаратып отырған дұрыс? Жалпы ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз?

Дәулет Өтебаев: Жоғарыда айтып өткенімдей, скрининг бойынша бала 1, 3, 5, 9 айларында және 1 жасында профилактикалық тексеруден өтеді. Содан кейін 3 жасында, кейін мектепке даярлық тобына барарда 5 жасында, содан соң 7 жасында тексеруден өтуі қажет. Арасында көрсетілімдеріне байланысты аймақтық дәрігер қажет деп тапса, кез келген уақытта балалар невропотологына қаралуға болады. Барша ата-анаға айтарым, қазақшылыққа салынып, уақыт жоғалтып алмаңыздар. Себебі кез келген аурудың жеңіл және ауыр түрі бар. Асқыну кей жағдайда баланың бүкіл өміріне зардабын тарттыру мүмкін. Сондықтан әр баланың денсаулығына бірінші кезекте ата-ана жауапты.

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға