Жаңалықтар

Балалар демалысының барлық орындары камера және күзетпен қамтамасыз етіледі

Балалар демалысының барлық орындары камера және күзетпен қамтамасыз етіледі
Фото: pixabay.com 23.04.2024 18:00 651

Бұл туралы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің аппараттық отырысында айтылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Іс шара барысында ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан сөз алып, биыл жазғы демалысқа дайындық жұмыстарының қаңтар айынан бастау алғанын айтып өтті.

Наурыз айында жазғы демалысты ұйымдастыру бойынша 9 мемлекеттік органның бірлескен жоспары қабылданды. Республикалық штаб құрылып, 4 отырыс өтті. Демалыс орталықтарының тізімі нақтыланып, орталықтардың дайындығын қабылдау графигі, инструктаждар өткізу графигі жасалды. Қазақстан халқы қорымен бірлесіп жазғы жолдама жобасы аясында 20 мың тегін жолдаманы өңірлерге таратуды бастадық. Өткен жылы орын алған жағдайларды ескере отырып, биылғы жазғы демалыста ерекше дайындықтармен өткізу - өңірлік білім басқармаларының алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта министрлік демалыс орталықтарының әрбір түріне қатысты бірыңғай талаптарды қамтитын әдістемелік ұсынымдар жинағын әзірлеп, әкімдіктерге жолдады,-деді Еділ Оспан.

Жазғы маусым балалар үшін қызықты әрі мазмұнды өтуі үшін аталған талаптардың сақталу маңыздылығы ескертілді.

Балалар демалысының барлық орындарын  камералармен және күзет қызметімен қамтамасыз етілуі ерекше назарда болуы тиіс. Жазғы маусымда барлығы 10630 баланы сауықтыру орталықтары жұмыс жасайды. Оларда 88 пайыз немесе 3 млн астам оқушы қамтылады деп күтілуде. Оның ішінде 21 мың бала жыл бойғы сауықтыру орталықтарында, 280 мың бала маусымдық, 2,5 мың бала мектеп жанындағы, 80 мың бала шатырлы және киіз үйлі, 90 мың бала археологиялық, 39 мың бала спорттық сауықтыру орталықтарында демалатын болады,-деп нақтылады оқу-ағарту вице-министрі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға