Жаңалықтар

Балалар әдебиетін биік деңгейге көтерген қайталанбас қаламгер

Балалар әдебиетін биік деңгейге көтерген қайталанбас қаламгер
Фото: Қабанбаев Марат / zharar.com 23.05.2023 18:03 2421

Алматыға Көктөбеден ғана емес Кеңсайдан да қарап тұру қажет! Жаңа ғасыр басталған. Мың жылдық аяқталған тұс. Алматыға биыл да көктем ерекше түрленіп, ұзатылар бойжеткендей құлпырып келген. Алып шаһар көктемнің көгілдір нұрына шомылып маужырап жатқанда бір суық хабар жетіпті. «Марат, әйгілі Қабанбаев Марат бізді тастап, мәңгілікке атаныпты» деген. «Жас Алаш» газетінде «Өмірден кім өткенін білесіз бе?» деген айдармен қазанама жарияланыпты. Осылайша қаламы мен арына кір жуытпаған жазушы 52 жасқа толған шағында ағаш атқа мінді. Кемеліне келіп, қара қалам деген көкжұлын тұлпардың жілік майы әбден ағарғанда морт сынды. Қазақ әдебиеті деген алып бәйтеректің бір дарағы сынған күн болды.

Бүгін де бақбақ басы толған көктем еді. Әдебиет деген бәйтерекке қонғысы келетін кілең ақүрпектің бет алған жағы Кеңсай. Қазақтың көзі тірі классиктеріне қарағанда өлілерге жақынбыз. Тірілерге ұнамай қалуың мүмкін. Өлеңің мен әңгімең түкке тұрғысыз болып қалуы ғажап емес. Ал жым-жырт қорымдар ешкімді алаламайды. Оларға ішіңдегі өртті, аңсар мен арманды қанша айтсаңда мейлі. Басында тұрып күркіреп өлең оқысаң да ренжімейді. Сондай қорым аралаған күндердің бірі еді. Жүрген сайын өзімізге жақсы таныс ұлылар бірінің артынан бірі шығып, көрген беті мәз болып, арсалаңдап алдымен жетуге тырысып жүргеміз. Сағи Жиенбаев, Ғабит Мүсіреповтер жатқан етектен Есенғали Раушанов пен Әбдіжәміл Нұрпейісов жатқан биікке қарай өрлейтінбіз. Кенет «Қара қылды қақ жарған қаламгер Марат Қабанбаев» деген жазуы бар қызыл құлыптасқа көзіміз түсті. Шығармаларын ынтыға оқып өскен жазушы мазарын күтпеген жерден кездестіру де ауыр. Үнсіз қалдық. Марат аға бүгін қайтқандай қабарып тұрмыз. Бірақ ол кісі осыдан 23 жыл бұрын дүниеден озыпты. Біз ол кезде мектеп табалдырығын аттамаған, ойын баласы екенбіз. Міне, Марат Қабанбаевтың мәңгілік әлемінің басталғанына да ширек ғасырға таяпты. Оның шығармалары жанымызды әлдилеп өмір сүріп келеді.

Қазақ әдебиеті талантты жазушыларға кенде емес. Соның бірі һам бөгенайы бөлек дара қолтаңбасы бар қаламгер – Марат Қабанбаев. Кітапты қолына сирек ұстайтын оқырманның өзі Марат Қабанбаевтың бір әңгімесін оқымауы мүмкін емес. Зәудеғалам сондай болса онда есіл уақыттың босқа өткенімен бірдей. «Сурет салғым келмейді», «Бақбақ басы толған күн» шығармаларын оқыған болсаңыз тәтті әсері есіңізден әлі кетпей жүргені қақ.

Біз Марат Қабанбаевтың шығармаларын оқыдық. Ол кісі туралы азды-кем аңызға бергісіз әңгімелер ғана естідік. Басқа артық-ауыз ештеңе білмейміз. «Әкең өлсе де әкеңнің көзін көрген өлмесін» дейді ғой данышпан қазақ. Марат Қабанбаевтың болмысын толық ашу үшін, жұмбақ әлеміне жақындау үшін замандастары мен шәкірттерінен қаламгер жайлы сұрадық. Кішкентайдан бірге өскен досы, «Құрмет» орденінің иегері, жазушы, журналист Оңдасын Елубай ағамыз «Қарасөздің Қабанбайы» деп бағасын берген-ді.

Марат Қабанбаев! Бұл есім әдебиет сүйетін қауымға жақсы таныс. Небәрі 52 жыл ғұмыр кешкен нағыз талант иесі, жалынды публицист, прозашы, еліміздегі бірден-бір Андерсен сыйлығының иегері Мараттың бергенінен берері көп еді. Бір кем дүние... Марат екеуіміз бір ауылданбыз. Еліміздің шығысындағы Зайсан ауданының түлегіміз. 1968 жылы Алматыдағы КазГу-дің журфагына бірге түстік. Марат Жақсы оқыды, үшінші курста «Лениншіл жас» газетіне қызметке тұрды. Университетті екі жыл кеш аяқтады. Ауылдағы анасына көмектесіп тұрды. Мараттың қоғамдағы келеңсіздіктерді батыл санаған сын мақалалары газеттерге жиі жарияланып жүрді. «Солдат» газетін басқарған жылдары оның сын мақалаларын оқырмандар іздеп жүріп қолға түсіретін. Ол ешбір атаққа қызықпады. Іздеп әуре болған жоқ. Биылғы 1-ші сәуірде Мараттың 75 жылдық мерейтойы құрметіне отбасы, туыстары ас берді. Оған курстас достары қатысты. Мараттың бұрын ешқайда жарияланбаған өткір мақалаларын жарыққа шығару, оның есімін ұлықтау жөнінде ойлар айтылды, - деп Оңдасын Елубай ағамыз қимас досын сағына еске алды.

Марат Қабанбаевтай марғасқа жазушының мерейтойы елеусіз, іздеусіз қалмауы керек. Болаты мұжылмас қара қаламымен елдің мұңы мен зарын жырлап, тілі мен жағы болған жазушының көркем шығармалары мен көтерген тақырыптары қашанда өзекті. Бір адамның адамдық болмысын тұтас танитын, бес саусақтай кәміл білетін жан сирек болады. Марат Қабанбаевты бір білсе Оңдасын Елубай жақсы біледі. «Қарасөздің Қабанбайы» атты мақаласында: «Мараттың балаларға арнап жазған шығармалары өміршең болғандықтан оқырмандары да көп болды. «Арыстан, мен виоленчель және қасапхана», «Бақбақ басы толған күн», «Жиһангез Тити», «Қала және қыз бала», «Сурет салғым келмейді», «Кермек дәм» повестері мен әңгімелер, романдары қазақ прозасының жауһарлары саналады. Мараттың публицистикалық мақалалары республикалық газет-журналдарға жиі шығатын. «Қазақ қайда барасың?», «Талант тас жарады», «Құралай»,  «Бұл зиялы-қай зиялы?», «Блат қайда барасың?», «Қазақта бір ру бар алқаш деген» деген мақалалары кезінде оқырмандарын дүр сілкіндірді. 80 жылдардың өзінде Мараттың «Ақмолаға көшкін, ағайын» деген толғандырар тақырыптағы мақаласы көпшілікті ойға батырғаны сөзсіз. Марат Қабанбайдың қаламынан туған «Жеңеше», «Қабан қарғын», «Құралай», «Тау еркесі», «Қызық пен шыжық», «Жылан» деген әңгімелері де қазақ прозасына тың өзгеріс пен жаңалық әкелген туындылар. Ал балалар жайлы Мараттың жазған хикаяттары мен әңгімелерін оқырмандар іздеп жүріп оқитын. Ол жайлы былай делінген. «Марат Қабанбай – өзінің жас кейіпкерінің  балалық іс-әрекетін, мінез құлқын жалаң суреттеумен ғана қанағаттанып қоймайды. Ол әлі дүниетанымы мен көзқарасы қалыптаса қоймаған адам ретінде буыны қатып, бұғанасы бекімеген жай кейіпкердің өзін мейілінше  күрделі етіп суреттеуге тырысады. Сөйтіп балаларға арналған шығарманың өзінде-ақ психологиялық реализм арқылы адамның жан дүниесін ашып көрсетуді мақсат етіп қояды» деген сөздер талантты жазушының көркем сөздің һас шебері екенін дәлелдей түскендей», - деп шығармаларын саралап, әділ бағасын береді.

Марат Қабанбаев әр шығармасын жазған сайын биікке көтерілген, қаламы жатыла түскен жазушы. «Айшылық алыс жол» романы бүгінгі қоғамдағы, ауыл мен қаланың арасындағы қаншама көкейкесті мәселелерді қаузайды. Марат Қабанбаев шығармаларын оқығанда жүйрікке мінгендей іркіліссіз алға жылжи бересің. Түбі жоқ тылсым иірім өзіне шым батырып кетеді. Көркем әңгіменің шылауына қалай шырмалғаныңды, қайтып арбалғаныңды сезбей қаласың. Бір ғана «Пысық болдым, мінеки» повестын айтайық. Туған жерге деген ақ махаббат пен жылы сағыныш жүрегіңді қатар шарпиды. Анадай мейірлі қара жер мен адам баласын елжірей сүйесің. Шипалы суы бар Аққұм ауылында мәңгіге қалып қалғың келеді. «Әдебиетті ешкім мақтаныш үшін жазбайды, ол мінезден туады, ұлттың қажетін өтейді сөйтіп» деген Ахмет Байтұрсынұлының сөзінің ақиқаттылығына және бір мәрте көзің жетеді.  

Марат Қабанбай жазушы ғана емес сұрапыл публицист. Ұлттық мәнердегі, ұлттық қалыптағы, ұлттық болмыстағы публицистиканың негізін салушылардың бірі. Тәуелсіздікті жаңа алған елең-алаң шақта жүрер жолымызды нұсқай алды. Қазағым деп қабырғасы қайысқан қара нар еді. Ақыл-ойын, кемер қуатын ұлты үшін сарқып, сол жолда жаны күйіп бәйек болды. «Ана тілі» мен «Dat» газеттерінің сарғайған парақтарын ақтарсаңыз қаншалықты қоламталы мәселелерге қол салғанын көресіз. «Қазақ қайда барасың?» деген Марат Қабанбайдың жанайқайы – ұлттың қасіреті-тұғын. Қанша дегенмен ол шақ бүгінгі күнге қарағанда сөздің нарқы қымбат кез болатын. Оппозиция Марат Қабанбай көтерген мәселелер дер кезінде биліктен қолдау таппаса да халықтың жүрегінен жол тапты.

Марат Қабанбайдың өткірлігі мен өжеттігі бойына жұққан, тәрбиесін көріп, тәлімін алған шәкірттері де аз емес. Ағаның үміт күткен інісі, ізін басқан шәкіртінің бірі – жазушы Сәкен Сыбанбай. Сәкен ағаға біз хабарласып, «Сіздер алдын көргенде Марат аға бүгінгі сіздердің жаста еді. Ал бүгін сіздер сол жасқа жеттіңіздер. Осылайша толқынды толқын қуып, бір замана өтіпті. Бүгінгі биіктен қарап тұрып Марат Қабанбаевтың болмыс-бітімі, жан иірімі, ағалық қамқорлығы туралы не айтар едіңіз?» деп сұрап едік. Сәкен аға ұстазы жайлы жылы естеліктерімен бөлісті.

«Мен «Ана тілі» газетіне жұмысқа тұрған уақытта Марат Қабанбай аға әлі елуге де келмеген, небәрі 47 жаста екен. Сонда да, жиырмадан жаңа асқан бізге өте үлкен кісі көрінетіні рас-ты. Көзқарасы сұсты сезілетіндіктен бе, бір қараған кісіге ол өте қатал адам сияқты әсер қалдыратын. Алайда оны жақынырақ білген сайын Марат ағадай мейірімді де мәдениетті жанның өте сирек екеніне көз жеткіздік.

Қазір ойлап отырсам, бірге қызмет бірнеше жылдың ішінде Мәкең бізге бірде-бір рет (!) дауыс көтеріп ұрыспапты (ал ұрсатындай жағдайдың онша аз бола қоймағанын жасырып қайтейік). Тіпті жұмысқа байланысты оны-мұны өкпе-ренішінің бәрін де «жағдай былай ғой, жігіттер...» деп сыпайылап отырып қана жетеңе жеткізіп, дымыңды құртатын, соңында «қатты айтып отырған жоқпын ба сендерге?» деп шын ниетімен өзі қысылып отыратын. Мұндай әңгімеден соң, ештеңе ұқпас әңгүдік біреу болмаса, кім-кімнің де дереу ширап, «қой, ендігәрі ағайдың алдында ұятқа қалмайық» деп бекініп шығары, белсеніп жұмыс істері анық-ты. Солай болды да...

Әрқайсымыздың жазу мәнерімізді, қарым-қабілетімізді айтпай аңғарып, «сенің мына тақырыпқа икемің бар, осы бағытта ізденсең болады» деп анда-санда бағдар нұсқап қойғанымен, Марат аға бізге көл-көсір ақыл айта берген жоқ. Өз ісімен, жазуымен үлгі көрсетті. Газеттің әр санында дерлік өткір де өзекті мақалалары жарық көріп жатты. Журналистердің жазғандарын шұқшия оқып, ұсақ-түйек кемшілік кетіп қалмауын қадағалап, дұрыс сөз саптауға үйретті. Ешқашан ағалығын, қызметін бұлдап, жастарға шекеден қарап, бұйырып сөйлеген емес. Кез келген адаммен қашанда өзін тең ұстап сөйлесетін. Жұмыстан бөлек ұжымдық мерекелі жиын-басқосуларда әзіл-қалжың айтып, ақын-жазушылар арасындағы қызық оқиғалардан сыр шертіп, үнемі көңілді отыратын.

Марат ағаның уақытты үнемді пайдаланатыны – үйренетін-ақ іс еді. Ол алдындағы бір құшақ газет-журналды жарты сағат ішінде-ақ түгел шолып шығып, ең қажет деген, «мынаны оқымаса болмайды» деген материалдарды таңдап, соларға зейін қоятын. Бізге де сөйтуге кеңес беретін. Сосын қазақтың бітпейтін той-томалақ, отырыспа-шақырыспа дастархандарынан бойын аулағырақ ұстап, саяқ жүретін. «Одан да кітап оқып немесе жазуымды жазғаным дұрыс» деуші еді».

Естелік – жүректің қақ сөзі. Кеудеңдегі мөлдір сағыныштан туған дүние өміршең болмақ. Марат Қабанбаев туралы көзін көрген, үзеңгі жолдасы, сенім артар шәкірті болған жандардың естелігі біз үшін қымбат. Ол – Марат Қабанбайдың биік болмысын, терңдігі мен кемелдігін аша түсетін қоспасыз ақиқат болмақ. Уақыт – ең қатал әрі әділетті елек. Оның сүзгісінен өткен шығармалар ғана мәңгілікке мұра болады. Марат Қабанбаев туындыларын қай заманның оқырманы қолына алса да жатсынбай-жатырқамай, сүйсініп оқыры анық. «Жазылар естеліктер мен туралы» деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев осындайды айтса керек. Біз Марат Қабанбаевтың бегзада болмысын аша түсу үшін жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы ағамызға хабарласып, қолқа салған едік. Көсемәлі аға өзінің Марат Қабанбаев шығармаларына сусындап өскен ұрпақ екенін айта келіп, «Бақбақ басы толған күн» атты естелігімен бөлісті. Сол сағынышқа толы, елжіреген көңілдің ақжарма естелігін сіздерге ұсынып отырмыз.

Бақбақ басы толған күн

Биылғы көктем былтырғыға қарағанда ызғарлы болды. Күннің шуағын сағынып, тым ұзақ күттім. Маңдайым шып-шып терлеп, далада желең жүретін жып-жылы тымық күндерді қатты аңсадым.

Жел ызғары басылып, күн жылып берсе, көк те дүр ете қалайын деп тұр. Ақыры сол күнге де жеттім-ау. Шарбақтың іші көгалға оранып, әр жер-әр жерден неше түрлі гүлдер де қылтия бастады. Әсіресе, бақбақтарды айтсаңшы, көгалдың бетіне шашылған сап-сары алтындардай жайнай қалыпты. Шашырай өскендері де, қайыңдар мен бозқарағанның түбіне жиылып, шоғырлана өскендері де бар.

Бала кезімде осындай бақбақ гүлдерді теріп, түп жағын аузыма салып, «Бақа, бақа, бақ-бақ, басың неге жалпақ» деп ыңылдасам, сабағы ширатылып шыға келетін. Біз, майда балалар, соны қызық көруші едік.

Сөйтіп жүргенде бір күні пошташы көкем Махамбет "Байқап жүрмін, осы сенің оқуға да, бірдеңе жазуға ынтаң бар сияқты" деп, атының бүйіріндегі салбырап тұрған қоңыр қайыстан тігілген қоржынындағы неше түрлі газет-журналдардың арасынан «Жалын» альманағын суырып алды да, қолыма ұстатты. 

Ашып парақтай бастап ем, «Бақбақ басы толған күн» деген повестің аты көзіме жарқ ете түсті. Біздің үйдің маңайындағы көгалдың үстіне көктем сайын көрік беріп, көздің жауын алып жататын бақбақты жазғандай таңғалдым. Повестің атының қасындағы бұрышта бір өте реңді сұлу кісінің суреті тұр да, ал суреттің астына «Марат Қабанбаев» деп жазып қойыпты.

Повестің аты сияқты қозғаған тақырыбы да мен өте жақсы көріп оқитын балалар өмірі жайлы екен. Түгін қалдырмай таусап, демде оқып шықтым. Қатты ұнады. Менің Марат ағамен ең алғашқы «таныстығым» осылай басталды.

***

Содан бастап «Жалын» альманағын жақсы көріп кеттім. Бір жолы үй жақтан өтіп бара жатқан пошташы көкем тағы да «Жалын» журналын беріп кетті. Дәмді етке дәндеп қалған күшіктей атама  риза боп мен де рахметімді айтып қала бердім. Бұл жолы Марат аға мені «Арыстан, мен, виолончель және қасапхана» деген аты қызық повесімен қуантты. Содан оқып біткенше альманахтан бас алмаған шығармын. Тіпі, апаммен бірге шәй ішкен кезде де оқып отыратынмын. Ондайда Бұлбике апам:

– Ең болмаса, тамақ ішкенде демалсайшы, – дейтін күліп.

Апам адам баласына зекіп, ұрсып сөйлемеуші еді жарықтық. Маған боса-бомаса да. Бірақ мен тыңдай қоймаймын, бір көзім мен бір қолым Марат ағаның повесі  шыққан журналда болса, бір көзім мен бір қолым дастархан жақтағы ас-суды сипалап жүріп тауып алып, робот сияқты анда-санда аузыма «әкеліп» тұратын. 

– Адам құсап шәй ішкенді де білмейді.

Бұл – апамның менің кітапқұмар «ауруымның» диагнозымен келіскені болатын.

***

Содан не не керек «Арыстанды...» да бітірдім. Бітірген соң дәмі таңдайдан кетпейтін Сәттібай атамның қауын-қарбызындай тағы бір повесть оқығым келіп, бірақ оны еш жерден таба алмай, көпке дейін көңілім құлазып жүрді.

Бұл кезде ауылдағы пошташы Махамбет көкем қызметін Ертай ағама  өткізген. Енді анандайдан қарасы көрінсе болды, Ертайдың алдынан жүгіріп шығатын болдым. Ал «Жалын» мені өзіне жалындырғандай ұзақ күттіреді. Сөйтсем, ол екі айда бір-ақ рет шығады екен. Ал шыққанының бәрінде Марат ағаның повесі бола бермейді. Ондайда басқа жазушылардың жазғандарын оқимын. Бірақ Марат аға көп күттірмей  «Пысық болдым, мінеки» , «Сурет салғым келмейді»  атты повестерімен қуантты. «Бұл неғылған жазғыш адам. Тағы жазғандарының бәрі мен сияқты балалығы қалмаған адамдарға арналған екен» деп риза болам да жүрем. Суретіне қарасам, айттым ғой, өте сұлу. Әртіс пе, киноактер ме, болатын-ақ  адам.

***

Марат аға «Бақбақ басы толған күнді» жазғанда небары 25 жастан сәл-ақ асыпты. «Арыстан, мен, виолончель және қасапхананы» жазғанда ары кетсе 27 жаста болар. Одан кейін келетін отыз жас па, Мәкең сол отызында «Пысық болдым, мінеки», «Сурет салғым келмейді» деген ғажап туындыларын дүниеге әкелді.  Бұған дейін оқыған Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейдісі», Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары», Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Қарлығаштың ұясы» көңілімді әлем-жәлем қылып, ерте есейтіп, ерте ойлантып кеткендей боп еді, ал мына Марат ағаның шығармалары басқа қырларымды аша түскен сияқты. Оқи-оқи менің де бірдеңе жазғым келіп, бірақ өз өмірімнен алып жазатын қызықты оқиға таппай әбден қиналдым. Түк таппаған соң мектептегі, интернаттағы, ауылдағы шөпшілерді, тракторшыларды, сушыларды, жүгерішілерді жазып, аудандық газетке қарай қарша бұрқыратып жібере бастадым.  Өйткені пошташы көкелерім «Жалын» альманағымен бірге аудандық газетті де әкеліп тұратын. 

                                                                      ***

Марат ағаның жазғандарын жазғанынша түк қалдырмай оқып тастаған мен ол кісіні кейін отыздың үстіне шыққанда Алматыда көрдім. Қол алысып амандастым. Өте сұлу жазушыны дәл қасынан көрдім. Қазақта ондай реңді адамдар өте сирек шынында. Бірақ маған ол кісі сұлулығына да паңданбайтын, талантына да таспайтын, үлкен-кішімен жатсынбай сөйлесіп жүре беретіні ұнады.

Қасымда жазушы Жаңабек Шағатай бар болатын. «Көк базардың» қасындағы газет-журналдардың редакциялары орналасқан биік үйдің ең астыңғы қабатына кеп, лифтіні күтіп тұрғанбыз. Есік жаққа бұрылып қарасам «Жалын» альманағынан әдемі повестері мен әдемі суретін көретін Марат аға келе жатыр екен. Тура біз күтіп тұрған лифтіге ол да жақындап тоқтады. Жанымыз қалмай қолымызды ұсынып, амандасып жатырмыз. Сыпайы екен, сәлемімізді аса дабырламай, ернінің ұшын жыбырлатып қана алды. Жазатын тақырыбымыз ортақ болған соң ба Жаңабек:

– Марат аға, мына жігіттің аты-жөні Көсемәлі Сәттібайұлы. Өткен жылдары «Жалын» баспасының жабық бәйгесінде бір ертегі-повесі екінші жүлдеге ие болды, – деп мені әлдеқандай ғып таныстырды.

– Аты қандай еді повесінің?

Марат аға жәймен ғана сұрады. Бұл жолы өзім жауап бердім. Бір жағынан пірге жауап бергендей қысылып та тұрмын.

– «Елгезек Бағдаршам, Ток-Қуат және басқалар» деп аталады.

– Мұнда жәйша жүрсіңдер ме?

Енді сөзді Жаңабек іліп кетті.

– Көсемәлі ініңіз «Жас Алаш» газетіне Жамбыл облысы бойынша тілші боп орналасып жатыр. Соған редакцияға келе жатырмыз.

– Меншікті тілшінің бір жақсы жері – шығармашылықпен еркін айналыса аласың. Өзіңмен өзің, емін-еркін дегендей...

Марат аға менің «меншікті тілші» деген болашақ қызметіме қызыққандай тамсанып қойды да:

– Машинаң бар ма? – деді.

Ол жағынан ұятты едім, «жоқ» дедім айыпты жандай. Машина тұрмақ, бесінші қабаттағы «полуторка» дейтін пәтерімнің төрінде әлі қара-ақ түсті телевизор тұрған.

Мені «Жалын» альманағындағы ғажап повестерімен сиқырлап алған жазушымен бетпе-бет, көзбе-көз осылай таныстым. Бұл, ұмытпасам, 1992 жыдың жазы болуы керек. Бірақ дәл қай жылы екенінен қателесуім де мүмкін.

                                               ***

Бір жылдан кейін бе екен, баяғы «Көк базардың» алдындағы төбесі ашық асханалардың біріндегі үстелдерді қосып қойып, өңкей «мықтылар» гүжілдеп отыр ек, анандай жерден Марат аға көрінді де, тіке біздің үстелге қарай тартты. Мен шарап ішкен кездегі әдетіммен ешкімге дес бермей шалқып отырғам, онымды қасымдағылар жақтырып отыр ма, жақтырмай отыр ма көк тиын шаруам жоқ, маған повестерімен парасат сыйлаған ағама қарай тұра ұмтылып:

– О, Марат аға, келіңіз, төрлетіңіз, – деп бәйек болдым да қалдым.

«Жас Алаш» шабытымды ашып, оның үстіне Алматыда тұратын ақын, жазушы, журналистердің де менен асып бара жатқан ештеңесі жоқ екенін байқап, еркінсіп алғантұғынмын.

Мені бұл далалық «жабайы» мінезіме бюрократтау бір жазушы ағамның көзі шақшия қалды.

– Не болды? – дегендей мен де оған ежірейе қарап ем:

– «Мәке» демейсің бе? Бұл кісі үлкен жазушы ғой, – деп ақыл айта бастады.

Облыста жүргенге Марат Қабанбаевтың творчествосынан хабары жоқ байғұстардың бірі деп қалса керек, қайдан білсін, мен бұл үлкен жазушыны 15-16 жасымнан бастап оқи бастап, «Қабанбаевтанушы» боп кеткенімді.

Іс насырға шауып кетпесін деді ме, Марат ағам күліп кеп қасымдағы мен көрші үстелден сүйреп әкеп қойған орындыққа жайғасты да:

– Көсемәлі қалайсың? Ауыл-аймақ аман ба? Елдегі жазушы ағаң Мұрат Сыздық не істеп жүр? – деп менің «ассалаумағалейкүміме» ежелгі танысындай жылыұшырай әңгімелесе бастады.

Көзі шапыраштанған жазушының аузына құм құйылды. Ызам келген болуы керек, мен де қасымдағыларға айтқан боп, бір жағынан әлгі «ақылшы» да естісін деп он жеті жасыма дейін оқып тастаған Қабанбаев повестерінің бәрін сыпыра баяндап шықтым.

Марат ағаның «Мұрат Сыздықов» деп сұрап отырғаны – талантты жазушы болатын. Ол кезде тірі, жалындап тұрған, облыстық партия комитетінде нұсқаушы боп істейді, сөйтіп жүріп әңгіме, повестерді де бұрқыратып жазып тастайтын. Менің «Елгезек Бағдаршамымды...» ең алғаш рет оқып, жақсы пікір айтқан. Онымен қоймай, әдеби бәйгеге қалай жіберу керек екенін де үйреткен сол Мүкең  еді.

Айтпақшы, бірде Жамбыл қаласында жүргенде Мүкеңнің қасынан Марат Қабанбаевты көріп қалған екем ғой. Театрдың жанындағы тротуарда қарсы кездесіп қалдық. Бірден таныдым. Таныған соң сәлемдестім. Бірақ мен танып тұрғанмен, ол кісі мені танымайды. «Жалын» альманағына Қабанбаевтың өзі сияқты әдемі повестері қашан шығар екен деп күтіп жүретін қара баланың болғанынан да бейхабар. Амал жоқ, сәлемдестім де, өтіп кеттім. Өтіп барып артыма қарасам Марат пен Мұрат та маған бұрыла бір қарап әденелерді айтып кетіп бара жатыр екен. Мүкең кейін аса бір құпия хабар жеткізгендей «Марат Қабанбаев сені сұрады» деді.

– Не деп сұрды?

– «Бізбен амандасқан мына жігіт кім?» деп сұрады.

– Сіз не дедіңіз?

– Мен «жазуға қабілеті бар жігіт, облыстық газетте істейді» дедім, – деді Мүкең.

Жазушылықпен «ауырған» адамдарға бұл да шипа, сондықтан қуанышымда шек жоқ, Мұрат жездемді кафеге бастағам. Соған қарағанда, менің жазушы болуыма Марат ағаның повестері де әсер еткен болуы керек.

***

Марат ағаны содан кейін кездестірмедім. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» дегендей, тоқсаныншы жылдардың «топалаңында» жазушы болмақ тұрмақ, қарақан басымыздың қамымен әлек боп кеттік қой. Әйтеуір газет-журнал оқуды үзеген жоқпын. Марат ағаның дін аман екенін «Ана тілі» газетіне нөмір сайын жарияланып жататын циклды мақаларынан біліп отырам. Сол кезде елдік мәні зор публицистиканы ой бір өкіртті дейсің кеп. Жамбылда жүріп оқимын да, Алматыда, қасында жүргендей риза болам.

Айтпақшы ұмытып барады екем, Жамбыл жақтан балалар жазушылары мен ақындары көп шыққан. Оның біразы Алматыда тұрды, біразы қазіргі Тараз, бұрынғы Әулиеата, Жамбыл қаласын мекендеді. Сол ағаларыммен кейде әдебиет жайлы, жазушылардың шығармалары жайлы пікірлесіп қалам ғой. Сонда аузыма ең алдымен Марат Қабанбавтың аты-жөні түсетін. Кейбіреуі құптайды, кейбіреуі үндемейді. Өздерін емес, «айдаладағы» біреуді айтқаныма ренжитін де болуы керек. «Мен – классикпін!» деген бір жазушы көкем «Ол әдебиетке экспермиент жасаймын деп келді. Бірақ сонысын аяқтай алмай кетті» деп көңілімді жабырқатты. Кекшіл адам еді, қыр соңыма түсіп ала ма деп деп тілімнің ұшына кеп қалған: «Кекірейген кейбір жазушылар Қабанбаевтың сол эспериментінің деңгейіне де жете алмай жүр ғой» дейін деп тұрдым да, тісімді шықырлаып барып тоқтадым. Соңыма бәрібір түсті, сірә, бір жерде айтып қойсам керек айтатынымды. Содан бастап біраз ақындар мен жазушылар менен теріс айналды. Қазір ол кісілердің бәрі өмірде жоқ. Сондықтан аттарын айтып, әруақтарын мазалап не қылайын. Бірақ мен өз пікірімде қалдым. Бір жазушы ағам ғана «Мұрат Сыздықов та сол жігіттің атын қайта-қайта айта беруші еді» деп қалды.

Демек, мен жалғыз емес екем. Таланты да, талғамы да бөлек Марат ағаны өзімнің әдебиеттегі ұстаздарымның бірі деп білем.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға