Жаңалықтар

Балаларға бақыт сыйлаушы мекен

Балалар қалашығындағы бір күн
Балаларға бақыт сыйлаушы мекен
17.02.2020 11:23 5159

Тасбауыр қоғамдағы «Жетімдер үйі», «Қарттар үйі», «Аналар үйі» деген ұғымдарды естігенде еріксіз көзіңе жас келіп, көңілің алабұртады. Бала отбасымен бақытты. Бірақ, кейбір бүлдіршіндеріміздің сол бақытты сезініп, мейірім мен махаббатқа бөлене алмай, отбасында өмір сүрмегені кімнің болмаса да жанына ауыр тиетіні анық. Бауырынан шыққан баласын саудаға салған безбүйрек аналар, тастанды сәби, тасжүрек әке... бүгінгінің дертіне айналды. Осыған орай, el.kz тілшісі жан жылуы мен махаббатқа мұқтаж балалар мекен ететін «SOS Астана балалар қалашығы» білім беру мекемесіне барып, сондағы бүлдіршіндердің хал-ахуалымен танысып қайтқан еді.

TEMA7642.jpg

(Суретте: SOS-ана балаларымен)

Жалпы, әлемде алғаш рет балалар ауылы 1949 жылы Австрияның Имст қаласында пайда болған. Дәрігер Герман Гмайнер жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бөбектерді отбасылық жағдайға жақын етіп тәрбиелеу жүйесін ойлап табады. Оған себеп сұрапыл Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарынан кейін, жетім қалған балалардың саны көп болған еді. Герман сол бейбақтарға жаны ашып, далада қалдырмай, олардың келешегіне алаңдап, өзі ұзақ уақыт ойластырған жүйені жүзеге асырады. Нәтижесінде балалар ауылын ашады.

Ресми деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда осындай типтегі жетімдер үйі шамамен әлемнің 132 елінде жүмыс істейді. Ал біздің елімізге бұл жобаны 1994 жылы Сара Алпысқызы Назарбаева алып келген еді. Ондағы мақсат ана мен баланы қорғап, нәрестелер мен балалар үйлерін қамқорлыққа алу еді. Сонымен қатар балалар денсаулығын сақтау ісіне көмектесіп, қазіргі заманғы жабдықтармен қамтамасыз ету.

Кейінірек «SOS KINDERDORF INTERNATIONAL» және Қазақстан Үкіметі халықаралық қоры арасында келісімшарт жасалып, ең алғаш Алматы қаласында, одан кейін Нұр-Сұлтан және Қарағанды қалаларында балалар ауылы ашылды.

Біз барған елордамыздағы «SOS Астана балалар қалашығы» білім беру мекемесі 12 үйден құралған отбасылық негіздегі ауыл. Әрбір үйде өмір сүретін жандар сыйластық пен жарастық орнаған ортада, құрмет пен ынтымақта бір отбасы болып өмір сүреді. Қалашық шағын ауылға ұқсайды. Әр үйдің іші заманауи барлық қажеттіліктермен жабдықталған. Үйдің кіре берісі, ұлдар мен қыздарға арналған жеке бөлмелер, ас үй, қонақ бөлмесі, жуынатын бөлме және тәрбиешілерге арналған жеке бөлме бар. Бүлдіршіндерге қажетті барлық жағдайлар жасалған. Балалар үшін арнайы кең аула, спорттық шаралар жүргізетін орындарды да көзіміз шалды. Тағдыр тауқыметін тартқан қаракөз жеткіншектерге барлық жағдай жасалса да, жәутеңдеген жанарларында бір мұң еседі. Олар сырттан келген бізді ерекше құрметпен қарсы алып, бөлмелерін көрсетіп, шай мен дайындаған тағамдарын да ұсынды.

TEMA7648.jpg

Мекеме директорының орынбасары Гүлнар Балташқызы SOS-аналардың жұмысы, қалашықтағы қызметкерлердің күнделікті міндеті мен балалардың жетістіктері туралы толығырақ айтып, біздің көптеген сұрақтарымызға жауап берді.

SOS-ана – балаларға қамқор болатын ана. Мекемеге ана ретінде арнайы тәртіп бойынша жалғызбасты немесе балалары есейіп кеткен әйелдерді алады. Себебі олар күні-түні балалардың жанында болып, бірге өмір сүреді. Олардың тәртібіне, жүріс-тұрысына тікелей жауапты болады.

– 12 үйде 3-4 және 5-6 балаларға дейін орналыстырылады. Ал егер жетімдердің ішінде ағайындылар болса, олар бір-бірінен ажыратылмай бір отбасында, бір үйде, бір ананың қамқорлығында тәрбиеленіп, өседі, – дейді Г.Балташқызы.

Балаларды SOS-аналарға да ерекше ереже мен тәртіп бойынша береді. Психологтар балалардың бір-біріне бауыр басқанына, бірге сыйысып тұра алатындығына, психологиясына мән береді. Жас ерекшеліктеріне, ұлтына да назар аударады.

– Біздің Нұр-Сұлтан қаласындағы қалашығымызда 48 бала тәрбиеленіп жатыр. Бізге елордамыздың білім басқармасы сәбилерді балалар үйінен жолдамамен жібереді. Мұндағы балалардың барлығы жетім және ата-ана қамқорлығынан айырылғандар. Одан бөлек Қордай көшесінде Жастар үйі бар. Ол мекеме де біздің қалашықтың қарамағына кіреді және онда жоғарғы оқу орындары мен колледждерде білімін жалғастырып жүрген балалар тұрады. Біздің үйден тәрбие алған балалардың шаңырақ көтеріп өз беттерінше өмір сүріп жатқандықтары қуантады, – деді директордың орынбасары.

Түрлі мекемелер балаларға қуаныш сыйлау үшін әрбір мереке сайын сыйлықтарын әкеліп, барынша көмек көрсетіп тұрады.

– Балалар бұл ауылда 4 және 5 жастан бастап, арнайы немесе кәсіби білім алғанға дейін тәрбиеленеді. Ата-аналарының құқығынан айырылған балалармен де, олардың ата-аналарымен жеке-жеке жұмыс істейміз. Ал туыстары баладан бас тартатын болса, басқа отбасылардың оларды асырап алуын қадағалаймыз. Жақсы жанұяларға орналастыруға тырысамыз.

Мұнда балалардың барлығы жетім емес. Көбіне ата-аналар жағдайының жоқтығынан тастап кетеді екен. Ондай балаларды асырап алуға болмайды. Баланы бауырына басқысы келетін отбасылар тек «тұл жетім» статусындағы жетімдерді асырап алуларына болады.

TEMA7652.jpg

Ресми дереккөздерге сүйенсек, республикамызда шамамен 75 мың жетім бала бар екен. Олар интернат ұйымдарында, жалпы және санаторий түріндегі мектеп-интернаттарында, жетім балаларға арналған және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған мектеп-интернаттарында тәрбиеленуде. Қалашықтағы балалардың барлығы тәрбиелі. Оған біз мекемеге кірген бойда көзіміз жетті. Олар жанымыздан қалмай, жақын әңгімелесіп, бізбен бірге түрлі ойындар ойнады. Кейбірі SOS аналарының қасынан шықпайды.

– Тек балдырғандарға жетіспейтін бір-ақ нәрсе – ата-ананың махаббаты мен аялы алақаны. Бейкүнә сәбилердің мөлдіреген көзіне қарап, жүрегің елжірейді. Жылу аңсаған балалардың болашақтағы тағдырына қатты алаңдайсың. Бөбектеріміз бақытты болса, толыққанды отбасында тәрбиеленсе, кім көрінгеннің қолында кетпесе екен деген ой келеді.

Балалар қалашығында арнайы Балаларды дамыту орталығы жұмыс істейді. Бүгінгі таңда орталыққа жалпы саны 51 бала барады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, қалашықтың әр түрлі жас аралығындағы 16 бүлдіршіні ментальді арифметикадан қалалық олимпиадаға қатысып, жоғары орындарға қол жеткізді. Тіпті, олар Түркияның Анталия қаласына жолдама алып, жүлдегерлер қатарынан көрініп қайтты.

Қалашықтың түлектері «Шабыт» ұлттық Өнер академиясында, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Басқару колледжінде және тағы басқа білім беру мекемелерінде оқып жүр. Одан өзге балалар жан-жақты дамуы үшін ағылшын тілі, мектепалды даярлық тобы, сурет сабағы мен спорттық секцияларға қатысады. Өнерге жақындары да жоқ емес. Бірі би билеп, ән айтып түрлі байқауларда жақсы жетістіктерге жетіп жүр. Оқу орталығының арқасында балалардың үлгерімдері жақсы дейді Г.Балташқызы.

SOS-аналармен әңгіме олардың біршамасы 20 жылға жуық осы қалашықта жұмыс істейтінін айтты. Бірі – балалар үйінде, екіншісі – балалар интернатында бірнеше жылдар бойы жұмыс істеп, осында ауысып келген. Кейбіреулері зейнет жасына жетсе де, балаларын тастап кете алмайды. Аналардың өсіріп, тәрбиелеген кейбір балаларының алдыңғы тобы отбасылы болған. Жүректері мейірімге толы аналар балалармен бірге азық-түлік алуға барып, тамақ дайындап, өздері тұрып жатқан үйдің тазалығын сақтап отырады. Бірге серуендеп, отбасы болып қыдырады.

SOS ана Гүлзира Қамалқызы 2000 жылдан бері қалашықта жұмыс істеп келеді. Конкурс есебінде үш ай уақыт бойы Алматы қаласында арнайы дайындық курстарынан өткен. Онда бала тәрбиесі, психология және педагогика саласында балалармен тәжірибе жасаған соң, жұмысқа орналасыпты. 20 жылдың ішінде осы қалашықта 12 баланы тәрбиелеп шығарған. Олардың ішіндегі үш бала отбасын құрған. Бізге жақында немерелі болғанын қуанышпен жеткізді.

TEMA7700.jpg

– Қазір үш ағайынды баланы тәрбиелеп отырмын. Кішісі 8 жаста. Үлкені 12-де. Үшеуі де мектепке барады. Үйдің үлкені Диана өткен жылы ментальді арифметикадан жүлделі үшінші орын алып келді. Кішкентайлар да жаңалыққа жаны құштар бүлдіршіндер. Уақыттарын бос өткізбей қосымша секцияларға барады. Олардың әрбір жетістігі – менің жетістігім. Әр қуанышы – менің қуанышым. Осы мекемеге келгеннен кейін үлкен жауапкершілік берілгенін түсінемін. Мейірімге мұқтаж балалардың одан әрі мұңайып, қайғырғандарын қаламаймын, - дейді Г.Қамалқызы.

Ал екінші тәрбиеші ана Манат Есенованың тәрбиесінде 5 бала бар. Ол қамқор болған алғашқы балалар бүгінде 20 жасқа келіпті. Алғаш балалар қалашығына оның тәрбиесіне келген бүлдіршіннің ең кішісі бір жаста ғана болған екен.

– Үлкен қызым Катя аспаз мамандығы бойынша колледжге оқуға түсті. Бізге әр түрлі дәмді тағамдар, тәтті бәліштер пісіріп береді. Кішкентайым Анатолийді қамқорлығыма биыл алдым. Өзі елгезек әрі ерке бала. Жасы 10-да. Мектепте барады. Менің үйім де осы жер. Бес саусақ бірдей емес. Сондықтан, олардың әрқайсысына жеке-жеке көңіл бөліп, талғамына, алғырлығына байланысты тәрбиесімен, сабақ үлгерімдерімен айналысамын. Балаларым күннен күнге оқып, жаттығып, жақсы болып келе жатыр.

Бұл ерекше қалашыққа алдағы уақытта балалар үйінен тағы да бірнеше бүлдіршіндер орналастырылмақ. Олардың тәрбиесіне қарайтын педагогтардың қажеттілігіне орай арнайы хабарландыру да беріліпті. Балалар қалашығы деп аталғанымен бұл үйде оларға барлық жағдай жасалынған. Бүлдіршіндер тәртіпті, білім алып, болашаққа мақсат қоя алады. Мейірім мен махаббат та беріледі. Кейде асырап алушылар келетін болса, кейбір балалар аналарына қатты жақын болып кеткендері соншалық, ешқайда кеткілері келмейтіндерін айтады екен.

«Жетімінің көңілі жарты» демекші қолынан келгенше біреудің іштен шыққан сәбиіне өз баласындай қамқор болып, жаны жаралы жәутеңдеген балақайларға мейірім беріп, олар үшін бар жақсыны ұсынып жүрген балалар қалашығының басшылығы мен қызметкерлеріне және оларды қамқорлығына алған жандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

(Суретті  түсірген: Артем Чурсинов)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға