Жаңалықтар

Балақтағы оюың басқа шықпасын

Ісмер Алтын Мәденқызы ұлттық қолөнер туралы
Балақтағы оюың басқа шықпасын
30.11.2018 13:20 8925

- Алтын Мәденқызы, өзіңізбен «Алтын қазық» тележобасының түсірілімінде бірге еңбек еттік. Журналист ретінде байқағаным, ұлттық қолөнердің қай түріне болмасын шеберсіз. Кесте тігу, өрмек тоқу, тағы басқа да толып жатқан төл өнеріміздің бәрін меңгергенсіз. Мұнша кенен байлықты қалай игердіңіз?

- Ұлттық қолөнерге келгендігім – қанымнан берілген қасиет. Біз үйде бес қызбыз. Алайда, мен - апамның, қалған төртеуі анамның қолында тәрбие алып өстік. Ол кісілер ісмер болды. Апам киіз үй жабдықтарына мықты еді. Жіпті иірген, құр ызған және өрмек бау тоқып, кигіз басқанда өте шебер-тін. Шынын айтқанда, апам мені өз анамнан өмірден озғанынша қызғанып кетті. Сондықтан екі шешемнің де көңілін қалдырмауға тырыстым. Шешем «мынаны үйрен» деп арнайы үйреткен жоқ. Өйткені ол кісі апамнан қорқып қатты жақын келіп, бауырына баспайтын. Біз енді ес білген кезде, ол кезде меринос қой дейді, сол қойдың терісін аппақ қылып илеп, үлпілдетіп дайындап, денемізге шақтап ішік тігіп беретін. Одан қалса кәжекей тігетін. Кейін ойласам, сол кездегі бүкіл ауыл бойынша түлкі ішік, қасқыр ішік, қойдың жүнінен дайындалатын бұйымдардың барлығы менің шешемнің қолынан шығады екен. Жетпісінші жылдары халықтың тұрмысы төмен еді. Шешем қолдағы бар дүниелерін ұқсатып, үйдегі балалардың барлығына аяқ киімдер тігетін. Бірақ табанын қайдан алатыны есімде қалмапты. Сол кезеңде біздің үй базардан бір бұйым алып көрмеппіз. Балалық шағымнан есімде сақталып қалғаны – шешемнің қараңғы түнде майшамның жарығымен іс тігіп отыратындығы. Бала не көрсе, соны істейді ғой. Осындай шаруаға шөгел жандардың өнегесін көргендіктен ешкім істе деп міндеттемесе де өзім бейімделдім. 8-9 жасымнан сиыр саууға жарадым. Апаммен бірге жайлауға шыққанда 12 жасымнан бастап бие сауа бастадым. Шаруашылықтың жұмысын апамнан, ал ісмерлікті анамнан үйрендім. Бала кезде, ұдайы ол кісінің қараңғытүнде майшамның жарығымен іс тігіп, кесте тігіп отыратындыған көретінмін. Бір сөзбен айтқанда көріп өстім, ешкім істе деп үйреткен жоқ.

- Ісмерлік апаңыз бен анаңыздан жұққан деп отырсыз. Ал болмысыңыздың қалыптасуындағы әкеңіздің рөлі қандай еді?

- Апам мен анамның ортасында бойжеттім деп отырмын ғой. Атам дегенім әкемнің ағасы. Ол кісіні ата деп атап кеткенмін. Атам мен әкем жастай жетім қалыпты. Әкелері жиырма бес жасында қайтыс болып, атам алты жасында, әкем бір жасында және бір қарындасы құрсақта қалыпты. Жастайынан жетім қалғандықтан екі үйдің еншілері бөлінбей, бірге тұрдық. Сондағы екі үйдің керек-жарағы мен киімдерін түгел дерлік ұқсатып тігетін менің анам болатын.

Атам балуан, құсбегі еді. Бәйге аттарын додаға әзірлейтін. Қыз екеніме қарамастан атқа отырғызды. «Қара қызым» деп арқамнан қағып өлең жазғызды. Бәлкім кейде шабыт келіп, өлең жазсам сол тәрбиенің әсері шығар. Ал әкем өкімет қызметінен кейін 25 жыл имам болды. Ол кісі өте діндар, оқу-білімге келгенде өте сауатты еді. Араб, парсы тілдерін жетік білді. Құранды парсы, одан қазақ тіліне аударатын. Шекемізге шедірейіп қарап, қабақ түйіп көрмеген мінезі жайсаң жан. Атамнан өр мінезділікті үйренсем, ал имандылықты әкемнен үйрендім. Әкем екінші сыныптан бастап арабша үйретіп, тоғыз жасымнан намазға жетеледі. Шынымды айтсам, екі әке мен екі ананың ортасында тел өсіп, тәрбие алған мен бір бақытты жан шығармын. Яғни мені бұл өнерге жылы ұямда көрген тәрбием үйретті. Жаздай апамның қасында шаруашылықпен айналысып, қыстай анамның қасында қолөнерге ден қоятынбыз. Екі анадан көрген-білген өнеге өмірлік дәріс болып, жадымда сақталды.

- Діни сауатымды әкем ашты дедіңіз. Әкеңіз парысша, арабша еркін білген екен. Ал әкеңіздің қалыптасуына әсер еткен тұлға кім?

- Үлкен атам, яғни әкемнің әкесі өз кезеңінде Ыстамбұлда бес жыл білім алған, шет жұрттың озық өнегесін көрген кісі екен. Оралғанында мал-мүліксіз, том-том кітаптармен келген көрінеді. Әкем 1 жасында жетім қалды деп айттым. Артынша әкемді нағашылары атамнан қалған кітаптарымен бірге алып кетеді. Әкемнің нағашы атасы да қажыға барған өте діндар адам еді. Сол жақта нағашы атасынан арабша сауат ашып, ержетеді. Он үшке енді жеткен әкемді соғыс шебіне шақырады. Өз борышын өтеп келгеннен кейін өскен ортасы нағашы жұртын іздеп барған екен. Келгенде нағашы атасы қайтыс болыпты. Содан атасынан қалған кітаптарын алып, қайтадан өз жұрты – Тоғызтарауға оралады. Келгеннен кейін Сіләмжан деген молдадан тағы оқиды.

- Отағасы да, балаларыңыз да түгел осы ұлттық қолөнер саласында еңбек етеді екен. Өзіңізге төркініңіздің әсері болғанын білдік. Ал отбасыңыздағы басқа кісілерге сіз ықпал еттіңіз бе? Әлде бұны өнерге терең сүйіспеншілік деп түсінуге бола ма?

- Ағаң Күнестің Сауыр деген жайлауында дүниеге келіпті. Ол кісінің үй- іші шаруашылыққа мығым кісілер. Атасы ағаштан түйін түйген, әр нәрсеге көрік бере білген ұста екен. Әжесі қала маңайламаған, судың тұнығын ішіп, шөбі шүйгін жайлауда күн кешкен нағыз шаруа адамы. Нағашылары өрім өрген, өз кезеңінде әйгілі Әшіммен күй жарыстырған жандар екен. Бұндай қызу ортаны көрген адам, еңбекке жақын, шебер болмай қайтсін?!

Ал енді балам Қайнарға келетін болсақ, оны жастайынан ұсталыққа баулымадық. Заң мамандығын оқыды, магистр атанды. Бірақ Қайнардың да бұл салаға келуінің өзіндік себебі бар. Бізде ұлттық өнер әлі де толық игерілмеген, кемшін сала. Оның үстіне керекті-керексіз құжаттары көп, қағазбастылық меңдеп тұр. Содан бұл тұрғыда заңгер ретінде Қайнардың көмегі қажет болды. Ол қолына құрал ұстап, ағаш оймайды, көбіне, ұйымдастыру, рәсімдеу, насихаттау, жарнамалау, келіссөздер жүргізу бағытымен айналысады.

- Қолөнермен жүйелі түрде айналысу, ұлттық бұйымдарды нарыққа бейімдеу идеясын қашаннан бастап жүзеге асты?

- Менің негізгі оқыған мамандығым компьютерлік өңдеу, монтаждау ғой. Ал қолөнер бұйымдарын жасау ол, алдында айтқандай, бала күннен көріп өскен, күнделікті істеген шаруа қатарында болды. Сондықтан о баста осы іспен мақсатты түрде айналысу жоспарда болған жоқ. Бірақ бір көңілім толмайтыны, қынжылтатыны сауда орындарында сөреде тұратын, базарларда сатылатын ұлттық қолөнер бұйымдарының көбі Қытайдан, Қырғызстаннан келеді. Оның қошқармүйізді келсін-келмесін тықпалай берген сапасыз, арзанқол дүниелер. Қазақ өнеріне қарадай қиянат жасалып жатқанын көріп-біліп жүрдім. Бір жағы соның да әсері болар, өз саламда біршама еңбек еттім, енді неге екі анамнан үйренген өнерімді жүзеге асырмасқа деп ұлттық бұйымымызға жан бітіруге шешім қабылдадым.

- Қазіргі кезде тек ұлттық қолөнер бұйымдарын жасап қана қоймай, қазақы салт-дәстүрді насихаттау мақсатында түрлі өңірлерге дәріс оқисыз. Жалпы, сізді нақты қай бағытта дәріс оқуға көбірек шақырады?

- 2015 жылы Павлодарға шеберлік дәрісін өткізуге бардым. Сонда қатты жабырқатқан бір жайт болды. Сырмақ тігіп отырған жеріме екі әже келді. Бірі сексенде, бірі жетпісте, бір-бірін жетектеп жүр. Келді де: «Осыны кім алады дейсің, мен өзімдікін өртеп жібергенмін», – деді үлкені. Кішісі: «Мен өртемедім, көзім қимады, үйде жатыр», – деді. Мені қазақтың өз қолөнеріне деген құрметінің жоғалғаны күйінтеді. Онан кейін біраз жерге бардым. Қарағанды, Алматы, Астана. Бір байқағаным, қазақ қолөнерінің жақсы дәріптеліп жатқан жері ол – Жетісу аймағы. Солтүстік жақта бұл өнер жұтаңдау. Алайда сұраныс жоқ емес. Соңғы екі жылда, мені бір қуантқаны – Астанада қазақы бұйымдарға сұраныс өсті. Көптеген көрмелер өткізілді. Бұның барлығы оның беделін арттырады. Таңдауға қырғыздың бұйымы мен қазақтың өнімін қойсақ, өзіміздікін іздеп, таңдап келіп алатындар көбейді. Яғни, тани бастады. Бастапқыда шынтақ жастықтарды көргенде: «бұл орындықтың чехолы ма?» – деп сұрайтын. Қазір оны түсініп жатыр. Ал көрпешелерді «диван жапқыш па?» деп сұрайтын. Дастарқандарға гүл салып, әдемілеп тігіп қойсақ: «Кіреберіс жерге жаятын кілемше ме? Астары қайда мынаның?» – деп түсінбей жататын. Бүгінде мұның әрқайсысын біледі. Яғни халықтың бұл саладағы сауаты ашылды. Мұның мәнісі түсінікті де: тұтынушылардың көбінің тілі орысша болғанымен, қаны қазақ. Көбі қазақша оюланған көйлектерді алып жатады. Бұл ретте ЕХРО-ның да танымдық тұрғыда атқарған рөлі айрықша. Көбі бұл әлемдік көрменің шығыны көп болды деп жатады. Бәлкім экономикалық тұрғыда шығынды болған болар, алайда қазақ өнерін шет елге насихаттауға үлкен жаңалық әкелген көрме болды. Қолөнер шеберлері үшін үлкен даму болды. Осы ЕХРО кезінде мен 30 шебердің басын қосып, киіз үйлерде, қаланың әрқайсы жерлерінде бөлініп, ұлттық қолөнерімізден танымдық дәрістер өткіздік. Бір жерде өрмек тоқып, енді біреулері сырмақ сырып, ою ойып, тағы бір жерде етік қайып, ертоқым жасап отырдық. Сондағы байқағаным, шетелден келгендер ең бірінші біздің қолөнерімізге қызықты. Келген шетелдіктердің барлығы біздің ұлттық бұйымдарымызды ұстап, тұмарларымыз бен домбыраларымызды, тағы басқа бұйымдарымызға таңдана қарап жатты. Ұлттық киімдерімізді киіп, суретке түсті. Келген 30 шеберлеріміздің де ұлттық қолөнеріміздің жаңа заманы туып келе жатқанына көздері жетті. Ол 30 шебер ертең 300 болашақ шеберге үйретері сөзсіз. Демек, ЕХРО экономикалық жағынан мемлекетке қандай да бір салмақ салғанымен, ұлттық қолөнерді, ұлттық брендімізді паш етуге ықпал етті.

- Әлемдік көрме барысында сіздің қолыңыздағы сырмақты жарты милионға сұраған шетелдік қонақ болыпты. Сол жайлы айтып берсеңіз?

– Қытайдың Алтай аймағында «Дана» деген халықаралық сауда серіктігі бар. Сол серіктіктің басшысы Дана деген апайымыз осы көрме үшін арнайы өз қолынан шыққан сырмақты Қытайдан жіберген. Оны мен қазақ үйдің төріне іліп қойдым. Үш ай көлемінде қызығушылық танытып, сұрағандар көп болды. Не дегенмен машинкада жасалған өнім ментаза қолдан шыққан өнімнің айырмасы жер мен көктей ғой. Мен ол сырмақты бес жүз мыңға бермедім. Себебі оны EXPO көрмесі үшін Дана апайымыз арнайы жіберген болатын. Ені екі метр, ұзындығы төрт метр болатын ұлттық өнім. Бұл іспеттес жағдайлар өте көп болды. Көрме барысында он сегіз күнде отыз сырмақ басып беруді сұраған шет елдіктер болды. Алайда ол машинада мүмкін болғанымен, қолмен мұндай қысқа уақытта қазақы бұйымды жасап шағару мүмкін емес. Сондықтан ол тапсырысты орындай алмайтынымызды айтқанда, шетелдік қонақ бағасын 3 есе көтерді. Бірақ біз ол қонаққа қысқа уақытта мұны орындау мүмкін еместігін айтып түсіндірдік. Ол да қатты өкініште қалды.  

– Осыған дейін бірнеше мәрте Ұлттық музей мен мұражайға көне жәдігерлер тапсырыпсыз. Сіз ұсынатын бұйымдардың құндылығы неде?

2017 жылы Қытайға барған бір сапарымда көптеген экспонаттар жинап қайттым. Бірақ барардан бұрын өзім білетін кісілер арқылы сауын айтып, көне жәдігерлер жинайтынымды жеткіздім. Маған хабарласқан адамдар көп болды. Бір әйел апасының кимешегін алып елді. Апасына ол жасау болып берілген екен. Апасы оны қызына қалдырыпты. Ол қолдан тігілгеніне 160 жыл болған кимешек көрінеді. Кимешекпен бірге 300 жыл болған күміс ертоқым келді. Музейге осындай әртүрлі тарихы бар 15 экспонат өткіздім. Бұдан не қорытуға болады десең, қазақтың бүгінгі ұрпағы кешекі тарихтың жұрнағы саналатын, ұлттық бұйымдардың көрінген жерде қалғанын қаламайды. Есесіне, көз көрерлік жерде көптің назарында болғанын дұрыс көреді. Мұның өзі рухани жаңғыру. Бұл бір ұрпақтар сабақтастығы сынды түсінік. Ендігі менің қолымда  үш зат: күміс белдіктің бір жақ жұрнағы, бірнеше ғасыр болған біз кестемен тігілген кәзекей және сырмақ бар. Бұл экспонаттардың барлығы ел арасынан жиналған. Олар жасалған мерзімінің ұзақтығымен, ғасырлық тарихы болуымен ерекшеленеді.

 

Ғасырлық ұршық 

 – Ұлттық қолөнеріміздің қазіргі хал-ахуалы қалай? Оны сұраған себебім жаһандану, ғаламдану үрдісіне байланысты жергілікті мәдениет пенлокалды өзгешелік аса үлкен сынаққа дөп келіп отыр. Мұндай жағдайда ұлттық салт-дәстүр және қолөнеріміз өз арнасын қалай табуы керек?

– Біздің қолөнер саласы аяң басып, дамып келе жатыр. Астанада Бәйтеректің қасынанқолөнер шеберлеріне орталық ашылды. Сен журналист ретінде сұрап отырсың ғой, бұл сұрақты әкімшілік өкілдері де келіп сұраған. Мен сол бойынша кемшін тұстар мен оңды бағыттарды барынша жазып беруге тырыстым. Менің пікірімше, қолөнерге қызығушылығы бар адамдарды жинап, тегін үйрететін ретін қарастыру керек. Артынша ұнатып, осы саланы дамытамын дейтін шеберлерге орын әзірлеп бере алса. Өз кәсібін дамытуға мемлекет есебінен несие беріп, кәсібін дамытқан соң қайтара алатындай жағадай жасаса. Егер нәтижие шығармаса, өз қалтасынан қайтаратын шарт жасасақ, кез-келген ұста дамып, өркендеуге тырысатын болады.

– Қазіргі кезде ұлттық қолөнер, соның ішінде, қолдан жасалатын бұйымдарды зауыт-фабрика өнімдеріне айналдырып, шет ел нарығына шығару керке деген бір көзқарас бар. Ал тағы бір пікір мүлдем оған қарсы. Ұлттық қолөнеріміз – бекзат өнер, ол сонысымен құнды. Сондықтан оның байырғы жасалу, дайындалу технологиясын сақтау керек. Ал зауыт-фабрика өніміне бейімдеу оның болмысын бұзады деген пайым айтады. Бұған сіздің көзқарасыңыз қалай?

– Екеуінің де көтерер жүгі бар. Зауытта жасалған бұйымдардың шет ел нарығына шығуға мүмкіндігі зор болады. Уақытқа үнем. Қысқа уақытта көп бұйымға қол жеткізесің. Экономикалық тиімділігі тағы бар. Оның мысалын мен Қытайдағы қазақтардан көрдім. Мәселен, Қытайда қолөнермен айналысатын «Мори» кооперативті бірлестігі бар. Ол жерде төрт мыңға жуық адам қызмет атқарады. Әрқайсысының өзіндік міндеті бар. Енді қараңыз, бұл бірлестік болмаса, жаңағы төрт мың адамға жалақыны кім береді. Яғни, ұлттық қолөнердің зауыттық, фабрикалық деңгейде дамуы көптеген тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етіп, ел эканомикасына өзіндік септігін тигізеді. Одан бөлек ұлттық өнімнің, шет ел нарығына шығуына, әлем тануына әсер-ықпалы да үлкен. Өнім шығарушы үшін үлкен жеңілдік. Адами энергияға болсын, уақытқа болсын, жан- жақты үнемді бағыт. Екінші жағынан, атауының өзінде қолөнер бұйымдары деп айтып тұрған соң, бұл бағыт соны көлегейлейтін сынды. Қолөнердің қолдан қолға таралып дамуына кері ықпалын да тигізеді. Қанша жерден мықты техникамен жабдықталған алып зауыттардан шыққан бұйымдар қолмен өңделіп, көз майын тауысып әзірленген заттарға жетпейді. Зауыттан қысқа мерзімде тиімді бағағабұйым әзірлеп, шет елге жіберуіміз мүмкін. Алайда аз уақыттан кейін түтіліп, бір шеті сөгілсе, тұтас бүлінеді. Бұл қазақ брендтерінің шет елдегі статусын түсіреді. Қолмен дайындалған өнімнің атауы да хал-жайы да мүлде ерек. Сапасы мықты. Тек ұзақ уақыт пен жоғары қаржылық бағалануды қажет етеді.

Қолмен ағаш ою, ұсталық бағытында Павлодар, Қарағанды өңірлерінде орталықтар бар. Алайда, қалай дегенмен, қолдан ойылған бұйымның орны өзгеше. Зауыттан шыққан ағаш бұйым түрлі табиғи жағдайға шыдамай ісуі мүмкін. Ал қолдан шыққан өнім ондайға көнбейді. Себебі ол әзірлену барысында майға қайнатылады. Одан бөлек, әр ұстаның өзіндік ерекшелігі бар. Бүгінгі таңда бізбен бірге он шақты жасы отызға жетпеген жігіттер қызмет атқарады. Олардың әрқайсысының өзіне тән қолтаңбасы бар. Себебі әр бұйымның, сырмақ оюдың өзіне тән ерекшелігі бар. Қолөнер бұйымын жасау барысында біреу біреуді қайталай алмайды. Себебі әркімнің өзіне тән бағыты, қолтаңбасы бар. Сондықтанқолөнер бұйымын үлкен зауытта өндіру мен қолдан істеудіңәрқайсысынң өзіндік тиімділігі мен қолайсыз тұстары жеткілікті.

– Қазақы құндылықты дәріптейміз, ою-өрнегімізді қайта жаңғыртамыз деп бұйымдардың барлығына сала беретін болдық. Мысалы, қошқар мүйіз қазақы көйлекте де, ою-сырмақта да, тіпті ыдыста да жүр. Жалпы оның өзіндік бір стандарты қандай?

– Мәселен, қазақ бұрын тақияға құс қанат және тау бейнелі оюларды ғана салатын. Оның өзіндік мәнісі болды. Тақия бас киім болғандықтан қырандай биік самғасын, жолы ашық болсын деп биік бейнелерді бастыратын. Бүгінде ондай жайттарға көп көңіл аударылмайды. Тіпті тақияның төбесіне дейін өрнек салып тастайды. Бұрындары қошқар мүйіз оюын тек текеметке бастыратын, бүгіндері шапаннан да, камзолдан да байқаймыз. Қазақта бір жақсы мақал бар «балақтағы оюың басқа шықпасын» деген. Алайда мен мұны өзімше пайымдаймын. Егемендігімізді енді алған жылдары көптеген ұлттық оюларды өзімізге бірден бастырып, қазақиланғымыз келді. Осы тұста мұндай талғампаз тұстарға қарап отыратын ешкім болған жоқ. Сол себепті оюлардың бұйымдардан орын алуында біршама қателіктер болды. Сол кезде ою көрсе болды қазақтікі деп жабыстыра берді. Нарыққа бейімделу жағынан бізге қарағанда қырғыздар шапшаңырақ әрекет жасап, оюлы, сәнді бұйымдар шығара бастады. Санада біздің қолөнерді өзгелер алып жатыр деген асығыс ой пайда болып, көп жайттардың байыбына бармай, бар оюларды бастыра бердік.

– Бұл олқылықтың алдын алу жолдары қандай, қайтсек баяғы саф қалпында сақтай аламыз?

- Бұл жөнінде ою-өрнектерді зерттеп жүрген, жазып жүрген арнайы мамандар бар. Сол зерттеген дүниелерін біздің шеберлерімізге көрсетсе, конференция, жиналыс сияқты жиындарда үйретсе, қай ою-өрнектерді қай жерге қолдануға болады, қай жерге қолданса жаман ырым болады дегендерді тынбай насихаттау керек.

Оюдың да өзінің арнайы ырымы бар. Мысалы, барлығы білетін қошқар мүйіз оюды текеметке салып, айналасын ара жүзді қылып келтіреді. Бұндағы мақсат: ара жүз таулар, ал ортасындағы қошқар мүйіз ол малдың аталығы. Қазақ соны ырымдап, үлкен таудың ортасында аталығымыз өсіп-өніп, қорғанымыз бар, бейбіт өмір сүрейік деп қошқар мүйізді оюдың сыртын ара жүзді қылып текеметке басқан. Сол оюдың үстіне ұрпақтарын отырғызып, үлкен алып қорғанының-қормалының бар екенін сездіріп, дана халықтың ұрпағы екенін ұғындырған.

Өз анамнан 4 қыз болғанымызбен, мен атам мен апамның қолында екі ұлдың арасында өстім. Бала күнімде апам барқыттан сым тігіп балағына қып-қызыл айналдыра бір-бірінен үзілмейтін сабағында жапырағы бар гүлдің кестесін тігіп беретін. Сол кезде қып-қызыл болып тұрғанға қызығып, «бұл не?» деп сұрайтынмын. Сөйтсек оның астарында да өзіндік мән-мазмұны бар екен ғой.  Қыз деген қызғалдақ, әр қыздың жолы ашық болуы үшін, қызғалдақтай құлпырып жүруі үшін, елдің көзі қызға емес, қызылға түссін деген оймен, көз тимесін деген ниетпен кестелейді екен. Жан-жақты ой-мақсат, арман-тілекті жиып-теріп қыздың балағына өрнектепті.

– Маман ретінде қолөнер саласындағы тағы қандай мәселелерді атай аласыз?

– Бүгінгі дәуір нарықтық заман ғой. Сондықтан да болар әркім өз білгенін ортаға салғысы келмей, өзгелерден оқ бойы алда тұрғысы келеді.Дәл осы қолөнер саласына келгенде барша менмін деген шеберлердің бірігіп, ортақ мүдде-мақсат, бағыт қалыптастырғаны жақсы болар еді. Менің өзімнің жазған кітабым болмаса да, жүрген жерімде дәріс оқып жүремін. Қолөнердің дамуында бұндай насихаттың атқарар орны ерекше. Іштарлыққа салынып, менікі озық тұрсын деу ұлттық құндылықты дәріптейтін біздің саладан жат болса екен деймін. Себебі қолөнер ұрпақтар сабақтастығында өркендейтін, ұлттық сүйіспеншілік жетегінде дамитын қастерлі сала. Жалпы халыққа, осы бағытқа қызығушылығы бар жандарға, осы салада жүрген ісмерлерге өз ісінің жемісін көріп, шыңына жеткен қолөнер майталмандары ауық-ауық дәрістер өткізіп тұрса игі еді. Бұл шеберлердің бір-бірімен идея алмасып, білмегенін үйреніп, ортақ дамуына септігін тигізер еді. Егер қолөнер саласы жақсы дамыса, елдің экономикасын көтерумен бірге ұлттық құндылығымызды нығайтып, дәстүрімізді де берік етеді.

– Әңгіме барысында Қытайда Мори ауданында төрт мыңға жуық адамдарды жұмыспен қамтып отырған бірлестік бар дедіңіз. Одан бөлек тағы қандай орталықтар бар?

– Қытайда Іле, Тарбағатай, Алтай деген үш аймақ бар. Мұндай бірлестік пен өолөнер орталықтары сол үш аймақтың барлығында бар. Құлжада «Жеңісгүл ұлттық киім-кешек мектебі» деген мектеп бар. Алтайда «Дана» халықаралық сауда серіктігі бар. Аудан сайын қолөнер бұйымдары мен шаруашылығына байланысты орталықтар бар. Нылқы ауданында «Қызай кестешілік орталығы» деген орталық бар. Бұл «Қызай» орталығында да екі мыңға жуық адам кесте тігумен мен айналысып, нәпақасын тауып отыр. Біраз жыл бұрын 10 000 адам бірігіп, Гиннестің рекордтар кітабын жаңартты.

– Қытайдағы өзіндік мектептерді айттыңыз. Қазақстанда сондай өңірлік ерекшелікке негізделген бағыттар бар ма?

– Бүгінгі таңда барлығы аралас-құралас болып тұр. Дегенмен Алматы жақта ағашпен жұмыс жасау, жүннен бүйым шығару, киім тігу, тоқыма өнері жан-жақты дамыған. Тараз өңірінде терімен жұмыс жасау, Түркістан, Шымкент өңірінде ұлттық ертоқым, зергершілік қарқынды дамыған. Павлодар, Петрапавл жерлерінде өлі ағашқа тірі әсемдік сыйлайтын шеберлер көп. Аз жасайды, алайда сапалы жасайды. Соған сай бағасы да қымбат. Алайда қайда апарсаң да ұялмай ұсынатын сапалы бұйымдар.

Ісмердің қолынан шыққан кестелі бұйым 

 

– Өзіңізбен сұхбат құруға ниет етіп, сіз туралы түрлі деректер іздей бастағанымда бір қызық хабарды құлағым шалды. Қазіргі кезде сирек кездесетін бір той өткерген екенсіз. Әңгімені өз аузыңыздан естісек...

– Елге оралып, өз ортаңды тапқаннан кейін тойға шақырылып,ұзату тойға бардым. Қызды түнгі он екіде ұзатып, күйеу жігіт көтеріп шығып кетті. Ана көріністі көріп іштей қынжылдым. Бір ғана той солай өте ме десем, басым көпшілігі бір сарында екен. Қазақта үш нәрсені түскі мезгілден асырмаған: біріншісі, ұзатылатын қыз, екіншісі, өлімді, үшіншісі, науқас адамның қал- жағадайын сұрауды. «Адамның басы – алланың добы» дегені рас, алайда заманның добы емес. Замана адамды қалыптастыратын болса, біткеніміз. Керісінше, заманды адам қалыптастырғаны абзал. Биыл қолымнан қызымды ұзаттым. Таза қазақы дәстүр бойынша ұзатамыз деп бірден басын ашып айттым. Құдаларымыз түсінігі бар, парасатты жандар еді, бірден келісті. Баяғыда күйеу жігіт ұрын келеді дейді. Сөйтіп келген жігітті жеңгелері қарсы алып, көршінің үйіне апарып ас беріп, артынша үйге келіп, өзге де салт-жоралғыларды іске асырады. Осы жолмен жүріп, құдаларды әндетіп күтіп, артынша үлкен мейрамханаға бардық. Мейрамханада күйеу баланы қазақы дәстүрмен қарсы алдық. Ол қалай десеңіз, күйеу бала залға кірген сәтте алдынан шаңырақ, домбыра, қалқан ұстап шығып, сыйға тартады. Ондағысы: шаңырақ ұстатуы – қазаққа жаңа шаңырақ қосылды, шаңырақтарың биік, үлгілі отбасы бол дегені; қалқанды ұстатуы – ата-анаңа, отбасыңа, ел-жұртына қорған бол, пана бола біл дегені; домбыраға келетін болсақ, домбыра – терең тарих қайнарынан жоғалмай жетіп, шежіремізді қос ішегімен жырлаған аспап. Сол аспап сынды махаббаттарың мәңгі әрі әсем әуезді болсын деген ниетпен күйеу жігітке тарту етеді. Артынша екі жеңгесі сыңсу айтып, қызды күйеу балаға әкеліп берді. Ұзату той біткеннен кейін қызымды бір аптадан кейін бір-ақ ұзаттым. Ол – қазақтың салты. Тойдан кейін қызды үйіне қонақ қылып, туыс-жаран, жолдастары келіп, қыздың сұраған бұйымтайын сыйға тартады. Осылайша, қызымды тойдың артынан бір апта қонақ қылып, қосетек көйлегін кигізіп, ағасы мен жездесі көлікке отырғызып, шығарып салдық. Гулянка деген дәстүр жасайды екен бүгінгінің жастары. Оған рұқсат бермедім. Үйден шыққан қыз бірден ата-енесінің босағасын аттау керек. Қыздың бетін мейрамханада ашамыз деді, оған да қарсы болдым. Қыздың беті өз босағасында ашылуы керек, сыртта беті ашылған келін ертеңгі ата-енесін сыйлай ма?! Бұл да – қазақтың салты. Қызымның бетін өз үйінде ашқаннан кейін сол жерге мол қылып дастарқан жайып, сол дастарқанның берекесімен қызымды құдаларға тапсырдым.

Мен қызымды ұзатқаннан кейін сын айтқандар өте көп болды. Бұл қазақтың салты емес дегендер де табылды. Көптің аузына қақпақ бола алмайсың. Егер өзгенің дәстүрімен ұзатсам түн жарымда ұзатар едім. Бар болғаны қазақы таза салтты дәріптеуіміз керек.

– Ұзату тойы дегеннен шығады, қазақтың байырғы жосынында ұзатылып бара жатқан қыз өзінен кейінгі сіңлісіне шарғы сыйлайтын жақсы дәстүр бар еді. Ал қазіргі тойлардан біз гүл лақтыруды, туфлиіне атын жазып қоятын неше түрлі жайтты байқайтын болдық. Біздің той мәдениетіміздің мұншалықты құлдырауының себебін неден іздеген жөн?

– Мен қызымды ұзатқанда да күйеу жігіт гүл әкелемін деді, қарсы болдым. Себебі гүлдің ғұмыры қысқа, бес күнде солып қалады. Енді шаңырақ көтеріп жатқан отауларда салт бойынша солатын сыйлық тартпағанымыз жөн. Торт кесеміз деді. Қарсы болдым. Себебі жаңа түскен келін тортты кесіп қайын атасының аузына қасықпен асатады екен. Бұл не сұмдық?! Келін болып түспей жатып аузына қасық тықса, ертең не тығатынын білмеймін. Салтымызда келін атасына торт асатпақ түгілі, атасының аяқ киімін кимеген, ертоқымына отырмаған, атын атамаған, құрметтеп сыйлаған. Қызымды ұзатқанда гүл лақтыртпадым, араласатын қыздарына жолын берсін деп 10-15 шақты үкі тараттық. Баяғыда біз ұзатылатын кезде не істейтінбіз? Ең бірінші, артымызда қалған сіңілдерімізбен, кіші буынмен тілдесетінбіз. Үйдегілердің шайын уақытында бер,әке-шешенің қамын жаса деп ақыл айтып, кимейтін киімдерімізді тарататынбыз. Қазақтың салтында үлкен мән-мағына бар. Әрбір әрекеті мейірімділікке, кеңпейілділікке, үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге ізет білдіруге тәрбиелейді.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға