Жаңалықтар

Балабақша бухгалтері өз қарызын өтеу үшін 15 млн теңге ұрлаған

Балабақша бухгалтері өз қарызын өтеу үшін 15 млн теңге ұрлаған
Фото: ©El.kz/Нұркен Алишев 23.09.2024 09:39 466

Балабақша бухгалтері өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, аса ірі көлемде өзіне сеніп тапсырылған бюджет қаражатын ұрлаған (ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы), деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жоғарғы сот мәліметінше, 2021-2023 жылдары жалақысына коэффициентін жасанды түрде арттырып, банктегі шотына жалпы сомасы 15 миллионнан астам теңге аударған.

Сотталушы сотта бұл қылмысқа қаржылық қиындықтардан (қарызын өтеу мақсатында) барғанын түсіндірген. Сотталушының кінәсі оның мойындауымен, куәнің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен, төлем құжаттарымен, сотта зерттелген тергеу және жасырын тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен расталады, - делінген мәліметте.

Жоғарғы соттың баспасөз қызметі айыпталушының шынайы өкінуі, келтірілген зиянды толық өтеуі және асырауында үш кәмелетке толмаған баланың болуы жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде танылғанын алға тартты.

Сотталушы ҚК-нің 189-бабының 4-бөлігінің 2) тармағымен кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан және 10 жылға мемлекеттік және коммерциялық ұйымдарда тауарлық-материалдық құндылықтарға билік етумен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

ҚК-нің 63-бабына сүйене отырып, пробациялық бақылау белгіленіп, тағайындалған жаза шартты деп есептеледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға