Жаңалықтар

Бала емізу

Сәби өмірінің алғашқы жылы тек қана анасының сүтін қорек етеді. Егер сәби жиі жылап, мазасыздана берсе, анасы оның аузына қойдың құйрығынан кесіп алынған бір кесек май салады.
19.08.2014 04:16 12487

Сәби өмірінің алғашқы жылы тек қана анасының сүтін қорек етеді. Егер сәби жиі жылап, мазасыздана берсе, анасы оның аузына қойдың құйрығынан кесіп алынған бір кесек май салады. Анасының емшегінен сүт шықпаған жағдайда бұл міндетті белгілі бір сыйлыққа жалданып алған асырап-сақтаушы әйел атқарады. Оны емшек ана немесе сүт ана деп атайды.Бала емізу

Сүт ана табылмаған жағдайда бала қолдан тамақтандырылады, ол үшін әдетте иленген малдың мүйізінің ең жұқа бөлігіне малдың ішектерінен кесіп алынған, қой терісінен немесе өзге бір теріден жасалған емізік кигізіледі. Сондай мүйіз арқылы балаға алдын ала пісірілген сүт емізіледі. Емізіктің өзін кірден және бүлінуден сақтау үшін өте жиі алмастырып отырады. Айта кету керек, қазақтар шикі сүтті мүлдем ішпейді, оны әрдайым алдын ала пісіреді. Ондай салтқа, қазақтың жылқысында тері маңқасының, қойда – қышыма мен шешектің және кейде ірі қара малда – маржан ауруының айтарлықтай таралуы себеп болса керек. Екінші жағынан, мал сауылғанда сүт жиналатын ыдыстың өзі салт бойынша дұрыстап жуылмайды және ыдысқа жұққан саңырауқұлақтардың көлемі мол болуы дәулеттің, байлықтың нышаны болып саналады; сүт сауатын ыдысты күнде тазалағанды көптеген қазақтар ырымға жаман деп санайды.

Уақыт өте келе бала үшін сүттің үстіне қуырылған бидай немесе түйілген тары қол диірменде ұсақ етіліп тартылып сүт пен ет майы араластырылып, сұйық ботқадай болғанға дейін пісіріліп балаға беріледі. Ондай ботқа талқан деп аталады.

Қолдан тамақтандырудың осы қарапайым тәсілдері әдетте діттегенге жеткізеді де, балалар орыстардың тамақтандыруымен салыстырғанда аман қалады.

Жаңа туған нәрестені жаман көзден сақтау үшін мұқият қорғаған. Қандай да бір ауруға ұшыраса, оны құпия себепке жатқызған. Қазақтың кез келген кемпірі көз тиюге қарсы дұғаны білген. Жаман көзден баланы сақтауға және оның есімін жиі еске алу үшін, оған қалай да болса бір ауру жабыспау үшін балаға өз атынан басқа лақап аттар беріледі, мәселен, ер балаларда Жаман бала, Тентек бала, ал қыздарға Қарашаш, Қойкөз, Ұзыншаш және т.б. жанама аттар беріледі. Бұл жанама атпен қоса, қазақтар өз балаларының атын да алмастырып атаған. Кей кезде осы мақсатта жаман көздер мен жын-шайтандардан қорғау үшін молдалардан тұмар алған. Кейде киімдеріне күшті тұмар деп саналған қой көзінің ағы мен жай қара тастарды тігіп қояды. Баланың туғанына жыл өткен соң, шашы тақырланып, тырнақтары алынады. Сол кезде әкесінің табысына қарай той жасалынады, бірақ көп жағдайда бұл үй-ішінің мерекесі болып, бөгде адамдар шақырылмайды. 

"Қазақ халқының дәстүрі мен әдет-ғұрыптары" / құраст. С. Е. Әжіғали;

Алматы : Арыс, 2006. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға