Жаңалықтар

Бала денсаулығы – ұлт саулығы

Балалар арасында тұмау, желшешек, скарлатина, вирустық инфекциялар, тамақтан улану, ішек инфекциялары белең алған
Бала денсаулығы – ұлт саулығы
Фото: «JETISÝ» gazeti 15.07.2022 16:35 8716

Әр мезгілде балалардың сырқаттануы тіркеледі. Алайда, «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздейтін» ата-аналардың көкейіндегі сұраққа педиатр дәрігер Әсел Нартова жауап берді, деп хабарлайды El.kz

– Балалар арасында қандай аурулар белең алады? 

– Балалар арасында тұмау, желшешек, скарлатина, вирустық инфекциялар, тамақтан улану, ішек инфекциялары белең алған. Осы аурулардың әр қайсысына тоқталайық. Тұмау – вирустық инфекция болып табылады. Тұмау мен суық тию белгілері жағынан ұқсас жұқпалы аурулар. Тұмаумен бала да, үлкен де ауырады. Ал, суық тию – мұрын мен тамаққа, ал тұмаумен ауырғанда тыныс жүйесіне кері әсер етеді. Суық тию мен тұмаудың алғашқы белгілері білінісімен гигиенаға көңіл бөлген жөн. Аурудың сауықтыру шарасын жүргізіп, кез келген асқынудың алдын алуға болады. Тұмауды жазудың бастапқы шаралары: гигиена сақтау, иммунитетті күшейту және тұмаудың бастапқы белгілері білінген кездегі емдеу шараларын жүргізу. Тұмау жалпы вирустық инфекция. Ал, балалар арасындағы тұмаудың көбею себебі – иммундық жүйенің әлсіреуі. Екіншіден күн тәртібінің жоспарсыз өтуі. Мәселен, ұйқының бұзылу, уақытылы тамақтанбау, дәрумен қабылдамау, соматикалық ауру белгілерінің болуы себебінен қазіргі уақытта вирустық инфекциялар жиі таралған. Бұдан бөлек, балалар арасында желшешек ауруы жиі кездеседі. Оның негізгі белгілері қышымалы, дақты бөртпелер пайда болуы. Сонымен қатар, бұл ауру бала кезінде ауырмаған жандарда өсе келе ересек кезінде орын алуы мүмкін. Желшешек ауруы балалар жұқтырғаннан кейін 14-21 күн аралығында басталады. Негізгі белгілері үш кезеңде дамитын бөртпе түр.

-         Дақтар – бастапқыда бетте немесе кеудеде қызыл дақтар пайда болады;

-         көпіршік – дақ пайда болған соң оның үстінде қатты қышитын сұйықтық толтырылған көпіршік пайда болады;

-         қабықшық – бірнеше күннен кейін көпіршіктер құрғап, қабыршаққа айналады, бір-екі аптадан соң қабықтар біртіндеп жоғалады.

Балаларда кездесетін вирустық аурулардың ішінде скарлатина ауруы бар. Ол да вирустық инфекцияға жатады. Ауру екі кезеңнен жүреді. Бірінші кезеңде ауру байқалмайды, бір апта аралығында жүреді. Бастапқы кезеңде ауру жедел басталады. Дене қызуының күрт көтерілуі, бас ауру, жүректің жиі соғуы және әлсіздік пайда болады. Баланың тамағы ауырып, аузынан жағымсыз иіс пайда болады. Егер балада осындай аурудың белгілері байқалса бірден ақ халаттылардың көмегіне жүгінген жөн. Сондай-ақ, балалар арасындағы тамақтан улану жайттары да жиі тіркеліп жатыр. Мұның себебі құрамында химиялық қоспасы бар тағамдарды және мерзімі өтіп кеткен азық-түлікті қолданғанда пайда болады. Балалардың ағзасы даму үстінде болғандықтан тамақта болуы мүмкін улы заттар бала ағзасымен тиімді күресуге қабілетсіз болуы мүмкін.

– Маусымдық аурулардан қорғану тәсілдері, алдын алу әдістері қандай?

– Вирус негізінен ауа арқылы таралады. Оның алдын алу шараларына гигиенаны сақтау, салауатты өмір салтын ұстану, тамақтану жатады. Сонымен қатар, бөлмені желдетіп, жиі ауаны ылғалдандырып отыру қажет. Ата-аналар балаларын жиі таза ауаға серуендетуді әдетке айналдырғаны дұрыс. Алдын алу шараларының ең маңыздысы иммунды жүйені көтеру. Иммунитет – ағзаның зиянды бактериялар мен вирустарға шабуылына қарсы тұру қабілеті. Адамның иммундық жүйесі – мамандандырылған жасушалардың күрделі жүйесі. Ол организмді қорғауға, бөгде патогені микроорганизмдерге, бактерияларға, вирустарға, паразиттерге қарсы тұра алады. Сондықтан адам ағзасында тұрақты иммунитет болса аурумен күресуге қауқарлы. Жаз мезгілінде балалар балмұздақ жеп тамағы ауырады деген түсінік бар. Бұл қате пікір. Ангинаның пайда болу себебі түрлі вирустар мен бактериялардан туындайды.

Бала денсаулығы – ұлт саулығы

– Тұмау, жұқпалы ауруларға халық емін қолдану қаншалықты дұрыс?

– Жұқпалы ауруға халық емін пайдалануды қолдамаймын. Халық емі ата-әжелеріміздің арасында кең таралған. Оның ішінде шетпе үзу, қан алу, сынық таңу сынды түрлері көп. Бірақ, халық емін жұқпалы ауруда, тұмау кезінде қолданбаған жөн. Жалпы, қолдан ем-дәрі жасау қателік. Қазіргі таңда ата-аналар ғаламтордың, соның ішінде әлеуметтік желінің көмегіне көп жүгінеді. Бұл әрекет үлкен проблемаға әкелуі мүмкін. Ата-ана өз білгенімен балаларына ем жасайды. Нәтижесінде балалар ауруханаларға асқынумен келеді. Сондықтан, ата-аналар қауымын қолдан ем жасамай, дәрігерлердің кеңесіне жүгінуге шақырамын.

– Иммунитет қалай қалыптасады? Балалардың иммунитетін қалай көтеруге болады?

– Иммунитет – адам денсаулығын сыртқы жағымсыз әсерден сақтап, бактерия, микроб, вирус сынды инфекцияларға қарсыласатын ағзаның қорғаушы әрекеті. Негізі иммунитеттің екі түрі болады. Ол туа пайда болған және жүре пайда болған иммунитет. Туа пайда болған иммунитетте тұқым қуалаушылық бар. Ал, жүре пайда болған иммундық жүйе адам ағзасын қорғау үшін жасушалар қалыптастыру үшін туа біткен жүйені пайдаланады. Жүре пайда болған иммундық жүйе өзгеріске ұшырап отырадыү Яғни, иммундық жүйеге зиянды аурулардан сақтайтын антидене қалыптастыруға жаттығады. Иммунитет көтеруде ең бастысы күн тәртібін дұрыс қалыптастыру керек. Ата-аналар балаларына тұмау тиіп, иммунитеті түскен кезеңде дәріханаға бармай, пайдалы тағам ұсынған жөн. Күн тәртібіне қалыпты ұйқы, дұрыс тамақтану ережесін ұстану, таза ауада серуендеу, ағзаға пайдалы дәрумендер қолдану маңызды рөл атқарады. Дұрыс тамақтануда жемістер мен көкөністерді күнделікті рационға қосу қажет. Мәселен, бал мен лимон да баланың иммунитетіне оң әсерін тигізеді. Лимон шырыны мен бал қосылған сусын әзірлеп, балаға ұсынсаңыз ол да үлкен пайдасын тигізеді. Сонымен қатар, өсімдіктер мен жидектерді де жиі тұтынған абзал. Жөке гүлі мен түймедақтан дайындалған шәйдың пайдасы зор. Қайнатпаны демдеп, балмен араластырып ішсе де өте пайдалы. Гүл, жидек қосылған тұнбалар балаға да, үлкендерге де оң әсерін береді. Бала ағзасына пайдалы тағы бір тағам түрі – қышқыл сүт өнімдері. Оған айран, йогрут, сүтті жатқызуға болады. Сондай-ақ, балық майын қолдану да аурудың алдын алады. Оның құрамында Д және А дәрумендері денсаулыққа пайдалы. Дәрумендерді ешқандай химиялық зат қосылмаған пайдалы тағамдарды тұтыну арқылы алуға болады. Мектеп жасына дейінгі балалардың ағзасына жаңғақтардың да рөлі зор. Грек жаңғағы, бадам жаңғағын жеген баланың иммунитеті нығайып, мидың жұмысы жақсарта түседі. Салауатты өмірді сақтанып, дұрыс тамақтануды қолға алса, баланың да, отбасының да иммунитеті жоғары болады. Сондықтан әр ата-ана өзінен бастауы керек. Бала көргенін жасайды. Отбасында күнделікті тамақтану тәртібі, толық ұйқы, дәрумендерді тұтынуды әдетке айналдырған жөн.

– Балаларға қандай дәрумендер пайдаланған жөн?

–Балаға қандай дәрумен беру керек деген сауал ата-аналарды толғандыратыны анық. Тұмаудан, инфекциялық аурудан қорғану үшін дәрумен қабылдағаны жөн. Баланың өсуіне, дамуына дәруменнің маңызы зор. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстары бойынша балалар дәрумендерді тек азық-түлікті тұтыну арқылы алу қажет. Бала тұтынуы тиіс тағамдар:

- дәнді дақылдар

- көкөністер;

- жемістер;

- сүт өнімдері;

- майлар;

- ақуыздар

Сондай-ақ, ескерерлік жайт, фаст-фудта ешқандай дәрумен болмайды. Ата-аналар баласы сырқаттанған жағдайда дәрігерге барудан қашпауы керек. Өзіңіз емдеп, асқынуға жол бермеңіз. Баланың тамақтану тәртібін қадағалап, ата-ана көңіл бөлуі керек. Сондықтан, балалар аурмасын деген тілегім бар.

– Сұқбатыңызға рақмет!


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға