Жаңалықтар

Бала қиялдарының әлемі

«Бала қиялдарының әлемі» деп аталатын бұл көрмеге мұражай-қорықтың 2012 жылғы тапсырысы бойынша қолдан жасалған қуыршақтар коллекциясы назарға ұсынылған.
14.05.2014 09:14 14609

«Бала қиялдарының әлемі» деп аталатын бұл көрмеге мұражай-қорықтың 2012 жылғы тапсырысы бойынша қолдан жасалған қуыршақтар коллекциясы назарға ұсынылған. Онда қазақтардың мифологиялық аңыздары мен ертегілері кейіпкерлерінің бейнелері көрініс тапқан. Балалар ойыншығы ертеден-ақ, мәдениеттанушылардың зерттеу тақырыбына айналған болатын. Мұражай коллекцияларында өзіндік орынға ие болған олар өзіміздің шексіз бақытты, қуанышты да, алаңсыз балалық шағымызды еске түсіруге мүмкіндік береді. Өскемен қаласының ісмерлері Н.В.Молоканова, Е.Ю.Пивоварова, Н.Ф.Трусова және басқалар тапсырыс бойынша жасаған қуыршақтарды тарихи этнографиялық мәліметтерге сүйеніп орындаған.

Бала қиялдарының әлемі

Алдар көсе мен бай

Қазақ аңыздарының әйгілі кейіпкерлері: күлкі мен тапқырлықтың түпкі атасы Алдар көсе, сараңдығымен атағы шыққан шық бермес Шығайбай бай, епті Батыр мен Күнекей қыз, сондай-ақ қазақ елі үшін киелі жануарлардың бірі – Түйе мен құс төресі – Аққу бейнелері және қиял-ғажайып ертегілердің, аңыздар мен хикаялардың кейіпкерлері: құбыжықтар мен әзәзілдер - жалғыз көзді дәу, албасты, жалмауыз кемпір, айдаһар және тағы басқа үлкенді-кішілі кейіптегі қуыршақтар көрермендер назарына ұсынылған.

Алдар көсе туралы аңыздардың қай-қайсысы болмасын оны тапқырлықтың өкілі етіп және ол қандай іс-әрекет жасаса да жазғырмай, сүйікті етіп көрсетуі Алдардың ел санасынан ұнамды кейіпкер түрінде тұрақты орын алғандығын аңғартады. Мұны біз «Алдар көсе мен Алаша хан», «Алдар көсе мен шық бермес Шығайбай бай», «Алдар көсе мен саудагер», т.б. аңыз әңгімелерден көреміз. Осы аттары аталған ханды, бай мен саудагерлерді Алдар көсе өзінің тапқырлығы, ақыл-айласының арқасында алдап соғады, ел алдында мазақ, күлкі етеді. Ол сараң байға өз атын өзіне сойғызған, әлпештеп отырған ерке қызын тегін алып кеткен. Алдар қалтыраған қараулығымен даңқы шыққан шық бермес Шығайбай байдың танауын тасқа тигізген аныз кейіпкері.

Бұл көрмеде көрікті қуыршақтар ғажайып киім-кешектерімен, қазақтың өрнекті әшекейімен көз тартатын қолөнерлік бұйымдар – киіз үйі жабдықтары мен жасаулары орналасқан. Алдар көсе мен Шығайбай бай образдары тау болып жүк үйілген ши өре астында берілген: жібек бешпент киген байдың кестеленген көрпе-жастық төсеніште отыр. Оның бір қолына тасбиық, екінші қолымен бір дорба ақша ұстаған сәті көрсетілген.

Бала қиялдарының әлемі

Аққу

Тағы бір көріністе: көлде жүзген Аққу және аныз бойынша тасқа айналған – Түйе бейнесі келтірілген.

Көрмеде ұсынылған қуыршақтарды тамашалай отырып бала қиялдарынан туындайтын ғажайып ертегі әлеміне саяхат жасаудың керемет мүмкіндігіне ие боласыз.

Қазақ халқында аң-құсқа байланысты толып жатқан наным-сенімдері, тыйым-ырымдары бар. Кейбір аңыздар бойынша өздерін аққудың ұрпағымыз деп санайтын қазақ халқының басты ұлттық символдарының бірі – Аққу. Ол мифтік кейіпкер, бейне ретінде барлық түркі халықтарының ертегілерінде кездеседі. С.Қондыбай қазақ (түркі) мифологиясының материалдары негізінде киелі жануарлар мен құстардың мифологиялық, оның ішінде киелі семантикасының құрылымын қайта қарастырды, ол «Арғы қазақ мифологиясы» атты төрт томдық іргелі еңбегінде нақты көрсетіледі.

Бала қиялдарының әлемі

Жалғыз көзді дәу

Қазақ мифологиясы бойынша Жындардың көптеген ерекшеліктері бар. Мысалы, алты айлық алыс жерлерге бір сәтте барып келе алады. Адам баласы оларды көрмесе де олар адамдарды көріп, қарап отыра алады.

Көрмеден жындарды қуған бақсының қасына «келіп», байланыс жасаған жын-шайтандар образдарын көруге болады, бақсының бет-аузы қисайып, бір қолына қамшы, екінші қолына асатаяқ ұстап бақсылық құрған кезі берілген.

Бала қиялдарының әлемі

Бақсы

Қазақ фольклорындағы бақсы типіне тән қасиеттердің бірі – болашақты болжау, кесірлі істерден сақтандырып, жамандықтың алдын алу. Жындарын жеке-жеке атап шақырған кезде бақсы даңғыра, кепшік қағып, асатаяқпен жерді ұрып, қамшысымен осқылап, азан-қазан етеді. Бақсы жыны келе бастасымен-ақ өз денесін өзі соғып, көзі шарасынан шығып кетеді. Бақсының Жарғыш, Тілгіш деген жындары келген кезде киіз үйдің туырлығы тілініп, киіз үйдегі заттар жарылып кетеді екен деседі. Атақты бақсыларды, әулиелерді халық тірі кезінде ерекше қастерлеген, ал қайтыс болғаннан кейін олардың қабірілеріне тәу еткен.

Бұл көрмеде Албасты (Жынның бір түрі) образын және оған қатысты белгі – дұғалық кітапты, тарақ пен теңге сияқты заттарды көре аламыз.

Бала қиялдарының әлемі

Албасты(Жынның бір түрі)

Албасты – мифтерде шашы қобыраған ергежейлі әйел не еркек кейпінде ұшырасады. Көптеген халықтарда албасты өзен жағасын немесе өзге су көздерін мекендейді, әдетте олар өзен жағасындағы адамдарға жайылған ұзын да ашық түсті шашын тарап тұрған қалыпта көрінеді. Көне көшпелілер мифіндегі мұндай бейнелер суға қатысты әйел рухымен немесе Су құдайымен тығыз байланысты болып келеді. Албастыны бағындыру үшін оның керек-жарақтарының бірін – шашын, магиялық кітабын, тарағын немесе теңгесін алып қою керек. Албасты өзін бағындырған адамның тілегін қанағаттандырады, иесін шексіз байлыққа кенелтеді, сондай-ақ өзінің жасаған қиянатынан ауыруға ұшыраған адамдарды емдеуге көмектеседі.

Бала қиялдарының әлемі

Батыр

Қазақтың халық ертегілерінде көптеген таңғажайып ерлік жасаған епті Батыр кейіпіндегі қуыршақта Батырдың сауыт-саймандары, қару-жарағы көз тартады.

«Ертөстік» атты архаикалық ертегіндегі Шалқұйрық сөйлей алатын, оқиғаларды алдын ала болжайтын қасиетке ие «сегіз аяқты» ат, сондықтан ол батырларға жетекші, ақылшы, көмекші болады, түрлі өнерге үйретіп, түрлі қауіптен құтқарады. Осындай сюжеттер басқа да ертегілерде («Ералы батыр», «Еркемайдар», «Желкілдек», т.б.) де кездеседі. Батырлар осы қанатты тұлпарларды мініп жеті қат аспанға көтеріліп, жеті қабат жер астына түседі. Яғни адам олармен мифтік космостық әлемнің үш дүниесіне (жоғарғы, жер беті және жер асты дүниелеріне) саяхат жасай алады.

Мифология жеке халықтардың тарихын зерттеуге мүмкігдік беретін бірден-бір қайнаркөз болып табылады, өйткені мифтерде ғасырлар қойнауына сіңіп кеткен оқиғалар көрініс тапқан.

«Ғасырлар қойнауынан» деп аталатын танымдық көрмедегі баннерлерде – қазақтардың мифологиялық және ертегілік кейіпкерлерінің 36 бейнелері мен олар туралы қысқаша мағлұматтар берілген.

Қөрме сіздерді қазақтардың мифологиясымен, ертегілерімен, жалпы қазақ этнографиясына қатысты таным-түсініктермен, ұлттық салт-дәстүрмен, әдет-ғұрыппен, басқа да этно-мәдени дәстүрлермен таныстырады.

Ұлттық сананың қайнар бұлағы да, көктеп көгеретін топырағы да, самғап ұшар кеңістігі де – ұлттық дәстүр, тіл. Ал рухани қазынаның, тарихтың иесі - ұлт (этнос).

Осы орайда бұл көрмені ана тілінің қадіріне жетем, үйренем деушілерге, қазақ фольклорын, ертегісін, аныздарын, халық эпосын білгісі келетіндерге жәрдемші құрал ретінде пайдалануға болады.

Гүлнар Бекбердинова, Шығыс-Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығының қазақ этнографиясы бөлімінің аға ғылыми қызметкері, ҚР Суретшілер одағының мүшесі.

Суреттерді салған автор.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға