Жаңалықтар

Бала жиі ауырмас үшін не істеу керек?

Бала жиі ауырмас үшін не істеу керек?
Фото: pixabay.com 12.02.2025 13:07 114

Балалар денсаулығы – кез келген қоғам үшін ең маңызды басымдықтардың бірі. Қай кезде де ата-аналар балаларына сапалы медициналық қызмет көрсетілуін қалайды. Сол себепті бұл салада заманауи технологиялар мен жаңа әдістер ерекше сұранысқа ие.  El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі балаларға арналған медициналық қызметтердің түрлеріне тоқталып, профилактикалық тексерулерге көбірек көңіл бөлудің маңызын саралап берді.

Алдын алу шаралары және вакциналау

Балалар денсаулығының негізі – алдын алу шаралары. Соңғы жылдары ата-аналардың профилактикалық тексерулерге көбірек көңіл бөлетіні қуантады. Медицинада «ауруды емдегеннен гөрі, алдын алған жақсы» деген қағида бар.

Сұранысқа ие профилактикалық қызметтер:

  • Жыл сайынғы кешенді медициналық тексерулер. Бұл дәрігерлердің баланың жалпы жағдайын бақылауына, ерте кезеңде мүмкін ауруларды анықтауға мүмкіндік береді.
  • Вакциналау. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) ұсынған екпелерден басқа, көптеген ата-ана қосымша вакцинацияны таңдауда (мысалы, менингитке, ротавирусқа, желшешекке қарсы).
  • Генетикалық скрининг. Бұл жаңа туған нәрестелердің тұқым қуалайтын ауруларға бейімділігін анықтауға көмектеседі.

Балалар диагностикасы: жаңа технологиялар мен әдістер

Бүгінде заманауи диагностикалық әдістер ата-аналар арасында үлкен сұранысқа ие. Себебі ауруды ерте кезеңде анықтау оны жеңіл әрі тиімді емдеуге мүмкіндік береді.

Ең танымал диагностикалық қызметтер:

  • Ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ). Жаңа туған нәрестелерге нейросонография (ми УДЗ), ішкі ағзалар УДЗ-сы, жүрекке эхокардиография (ЭхоКГ) жиі жасалады. Бұл әдіс ауыр патологияларды ерте анықтауға көмектеседі.
  • МРТ және КТ. Магниттік-резонанстық томография (МРТ) мен компьютерлік томография (КТ) неврологиялық аурулар, жарақаттар мен даму ақауларын анықтауда маңызды рөл атқарады.
  • Лабораториялық талдаулар. Қан анализі, генетикалық зерттеулер, аллергиялық сынамалар мен ішек микрофлорасын зерттеу ата-аналар арасында кең таралған.
  • Нейрофизиологиялық зерттеулер. Электроэнцефалография (ЭЭГ) және нейросонография эпилепсия, ұйқы бұзылыстары және басқа неврологиялық ауруларды анықтау үшін қолданылады.

Педиатриядағы жедел және жоспарлы медициналық көмек

Балаларда аурулар тез өршіп кететіндіктен, жедел медициналық көмектің сапасы өте маңызды. Ата-аналар жедел жәрдемнің уақытылы келуіне және алғашқы көмек көрсетудің сапасына үлкен мән береді.

Ең жиі сұранысқа ие қызметтер:

  • Үйге дәрігер шақырту. Бала ауырғанда оны ауруханаға апармай-ақ, үй жағдайында қарату ыңғайлы.
  • Тәулік бойы жұмыс істейтін педиатриялық орталықтар. Мұндай клиникаларға сұраныс жоғары. Себебі олар кез келген уақытта шұғыл көмек көрсете алады.
  • Жеке жедел жәрдем қызметтері. Кейбір ата-аналар мемлекеттік жедел жәрдемнің орнына жекеменшік клиникалардың жедел жәрдемін шақыруды жөн көреді. Олар тез әрі сапалы қызмет көрсетеді.

Балаларға арналған оңалту және физиотерапия қызметтері

Оңалту (реабилитация) және физиотерапия қызметтері әсіресе неврологиялық бұзылыстары, ортопедиялық проблемалары бар немесе шала туған балалар үшін өте маңызды.

Танымал оңалту қызметтері:

  • Массаж және емдік дене шынықтыру (ЛФК). Бұл қызметтер бұлшықет тонусын түзету, қимыл-қозғалыс дамуын жақсарту үшін қолданылады.
  • Гидротерапия. Судағы жаттығулар омыртқа мен бұлшықет жүйесінің дұрыс қалыптасуына көмектеседі.
  • Логопедиялық және дефектологиялық түзету. Сөйлеу және психомоторлық дамуы кешеуілдеген балалар үшін арнайы мамандардың көмегі қажет.
  • Психологиялық оңалту. Аутизм, гиперактивтілік және басқа да дамудың ерекшеліктері бар балалар үшін психологиялық көмек үлкен рөл атқарады.

Балалар стоматологиясы және ортодонтия

Балалар стоматологиясы – соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі. Ата-аналар балалар тістерінің саулығына ерте жастан мән бере бастады.

Сұранысқа ие қызметтер:

  • Сүт тістерін емдеу және сақтау. Көптеген ата-ана сүт тістерін емдетудің маңыздылығын түсіне бастады.
  • Профилактикалық стоматология. Тіс жегісінің алдын алу үшін герметизация, фторлау және тазалау процедуралары кең таралған.
  • Ортодонтиялық қызметтер. Тіс түзетуге арналған пластиналар мен брекеттерге сұраныс өсіп келеді.

Балалар аллергологиясы және иммунологиясы

Соңғы жылдары балалар арасында аллергиялық аурулар жиілеп кетті. Бұл экологияның нашарлауы, тамақ өнімдерінің сапасының төмендеуі және басқа да факторлармен байланысты.

Танымал қызметтер:

  • Аллергиялық сынамалар. Балада қандай аллергенге реакция бар екенін анықтау үшін тері және қан анализдері жасалады.
  • Иммунитетті тексеру. Ауруға бейімді балалар үшін иммунограмма жасау ұсынылады.
  • Диетолог кеңесі. Азық-түлік аллергиясы бар балалар үшін дұрыс тамақтану маңызды.

Балалар неврологиясы және психологиясы

Балалардың психикалық және эмоционалдық денсаулығы ата-аналар үшін маңызды тақырыпқа айналды. Ерте жаста анықталған неврологиялық және психологиялық мәселелерді түзету әлдеқайда жеңіл.

Сұранысқа ие қызметтер:

  • Невропатолог кеңесі. Қозғалыс, сөйлеу, мінез-құлықтағы өзгерістер байқалған жағдайда ата-аналар неврологқа жүгінеді.
  • Балалар психологы. Ұялшақтық, мазасыздық, стресс, мінез-құлық проблемалары бар балаларға психолог көмегі қажет.
  • Аутизмді және даму ерекшеліктерін ерте диагностикалау. Бұл саладағы сұраныс жыл сайын артып келеді.

Балаларға арналған медициналық қызметтерге сұраныс жыл сайын артып келеді. Ал ата-аналар заманауи технологияларды қолданатын, сапалы диагностика мен емдеуді ұсынатын медициналық орталықтарды таңдайды.  Балалар медицинасының түрлі салаларын қарқынды дамытып, әр баланың денсаулығы мен әл-ауқатын жақсарту – қоғам алдындағы басты мақсат.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға