Жаңалықтар

Бала неше жастан спорттық үйірмелерге барғаны дұрыс?

Бала неше жастан спорттық үйірмелерге барғаны дұрыс?
Фото: Pixabay.com 11.04.2023 15:11 3678

Баланы неше спорттық үйірмелерге берген дұрыс. Осы сұрақты бала тәрбиесімен айналысатын мамандарға қойып көрдік. Олардың айтуынша, бала 5 жастан бастап шығармашылық үйірмелерге қатысуы керек. Жалпы, баланы жас ерекшелігіне байланысты қандай үйірмеге берген дұрыс? Бұл туралы  El.kz  ақпарат агенттігінің материалында.

Балалар психологы Айжан Дербісәлиева балдырған шақта баланы үйірмеге берген дұрыс емес, одан да ата-анасының қасында көп уақыт өткізгені дұрыс деп есептейді.  

Баланың 5-6 жасынан бастап қандай салаға икемі бар екенін байқауға болады. Осы кезеңде бала ақпаратты өте тез қабылдайды. Сондықтан баланың ойлау қабілетін арттырып, оны дамыту үшін белсенді болу маңызды. Оны қалай дамытамыз десек, өлең айту, сурет салу, билеу, ойын ойнау, аспаптарды шерту және түрлі қолөнер жасау баланың оң жақ миын жақсы дамытады. Сол себепті баланы шығармашылық үйірмеге ерте жастан берген дұрыс, - дейді Айжан Дербісәлиева.

Оның айтуынша, шығармашылық орта баланың ішкі жан дүниесін, жаңа қырын ашуға көмектеседі. Бұл жаста баланың аспаптар мен түрлі пәндік бағдарламаларды қабылдау қарқыны жоғары болатын көрінеді.

Дегенмен баланы үйірмеге беру керек екен деп, бірнеше үйірмеге бір уақытта қатыстыру қате және ол баланың денсаулығына кері әсерін де тигізуі мүмкін екенін естен шығармау керек.

Бала неше жастан бастап үйірмеге барған дұрыс?

Мамандар қыз баланы 4-5 жасынан бастап биге, ер баланы футболға берген жөн дейді. Сонымен қатар, жүзумен, көркем гимнастика түрлерімен де ерте араласқан дұрыс. Ол баланың денсаулығына салмақ салмайды, керісінше ойын тынықтыратын көрінеді.

Ер балалар көбінесе спортқа жақын болғандықтан 9-10 жастан бастап каратэ, күрес және мәнерлер сырғанаумен айналысқаны дұрыс. Бұл жаста баланың қарым-қабілетін арттыру үшін гольф, теннис, шахмат және шашкимен де айналысқаны пайдалы.

Балалар бокспен 12-13 жастан бастап қатысып жатады. Дегенмен 16-17 жастан бастап қатысуда кеш емес. Тіпті, бұл жаста ауыр атлетикамен айналысып бастайтын жасөсіпірімдер де бар.

Ата-аналар үшін баланың неше жастан бастап үйірмеге барғаны дұрыс екенін білген жөн. Дегенмен баланы спорт үйірмелеріне бермес бұрын толыққанды денсаулығын тексерген абзал. Үйірмені де баланың денсаулығын ескеріп таңдаған жөн. Мысалы, басы мен жұлыны ауыратын балаларға жеңіл атлетикаға, тау-шаңғысы және тенниске, сондай-ақ, қатты белсенділікті талап ететін спорт түрлеріне қатысуға болмайды. 

Балаға үйірмені қалай дұрыс таңдау керек?

Әрине, ең алдымен ол үйірмеге баланың қызығушылығы мен ынтасы болуы керек. Үйірмені отбасы болып бірге таңдаған жөн. Сондай-ақ, кез келген үйірмеде баланың көңілінен шығуын анықтау үшін бір күн тегін қатысуға мүмкіндік бар.

Балаға үйірмені желідегі жарнамасына қарап емес, үйірменің өзіне барып ұстаздарымен жақын танысып таңдаған жөн. Сонымен қатар, көптеген ата-ана баласы тез үйреніп кету үшін жеке сабақтарға беріп жатады. Дегенмен бұл қате. Баланы мейлінше, көпшілікпен бірге берген дұрыс. Себебі, бала өзгелермен етене отырып, жарыса үйреніп кетеді. Егер бала жеке қатысатын болса, онда тез жалыға бастайды», - дейді маман.

Есте сақтайық

Баланы спорт мектебіне немесе кәсіптік жеке секцияға беретін кезде міндетті түрде орталықтан спорттық сақтандыруды сұраңыз. Сақтандыру бала жаттығулар мен жарыс барысында қандай да бір жарақат алса өтемақы алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, сақтандыру құжаты болмаса бала  жарысқа қатыса алмайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға