Жаңалықтар

Бала асырап алушыларға жауапкершілік күшейтіледі

Бала асырап алушыларға жауапкершілік күшейтіледі
Фото: ©El.kz/Нүркен АЛИШЕВ 07.09.2023 15:00 802

Сенатор Амангелді Толамисов Қазақстанда баланы асырап алып, оны балалар үйіне қайтарған отбасыларға жауапкершілікті күшейтуді ұсынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутаттың айтуынша, Қазақстанда бала асырап алғысы келетіндердің саны азаймағанмен, асырап алынған балаларды қайтару мәселесі де өзекті болып түр.

Соңғы 5 жылда асырап алынған балаларды балалар үйіне қайтару фактілері 64% артқан. Баланы асыраудан бас тартқан ата-анаға мемлекет тарапынан берілген 75 АЕК (258 750 теңге, 1 АЕК – 3 450 теңге) көлеміндегі қаражатты мемлекетке кері қайтару, алимент төлеу және екінші рет бала асырап алу мүмкіндігінен айыру сияқты жауапкершілік шаралары заңда қарастырылған. Мұндай жағдайлар баланың психикалық денсаулығына қатты әсер етеді. Сонымен қатар, балалар еңбегін пайдалану фактілері де тіркелген, - деді Амангелді Толамисов Сенаттың жалпы отырысында.

Ол бүгінде Бала асырап алу ұлттық агенттігінің бар екенін атап өтті. Мекеме бала асырап алушыларды 3 жылға дейін толық бақылауда ұстап, арнайы сүйемелдеу жұмыстарын жүргізеді.

Агенттік аясында ата-аналарға сүйемелдеушілік көмек, психолог, заңгер сынды мамандардың қызметі ұсынылады. Алайда мемлекеттің бұл мүмкіндігі барлық ел аумағын қамтуға әлі де жетпейді. Бұдан келіп туындайтын мәселе, бала асырап алуға ниет білдірген азаматтармен жұмыс істейтін орталықтардың ауқымын кеңейту, әлеуметтік қызметкердің санын көбейту қажет, - деді сенатор.

Депутат баланы асырап алып, қайтарған жағдайда оның салдары да болуы мүмкін екенін ескертеді. Мұны қазақстандықтар білуге тиіс. Осыған байланысты ол тиісті ақпаратты eGov.kz порталына енгізуді ұсынады.

Тиісті ақпарат қатарында асырап алынған баланы қайтару фактісі болса, оның заң алдындағы жауапкершілігі туралы ақпарат та енгізілуі керек. Сондай-ақ бала асырап алған ата-аналарға арналған арнайы мамандандырылған мектеп немесе орталықтардың жұмысын кеңейту маңызды. Белгілі бір уақыттан кейін асырап алған баладан бас тартқан отбасыларға заң жүзінде жауапкершілікті күшейту, моральдық шығын ретінде қомақты мөлшерде айыппұл салу мәселесі қарастырылу керек, – деді Амангелді Толамисов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға