Бала асырап алу үшін генетикалық сараптама жасату міндетті емес
Сот төрелігіне қол жеткізу мәселесі өзекті болып қала береді. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Құқық қолдану практикасы көрсетіп отырғандай, бекітілген тетіктер осы конституциялық құқықты әрдайым толыққанды іске асыруға мүмкіндік бермейді. Атап айтқанда, Конституциялық сот азамат сотқа жүгінген кезде мемлекеттік баж мөлшері ақылға қонымды, негізделген және мөлшерлес болуға тиіс деп атап өтті, - деді Конституциялық сот төрағасы.
Эльвира Әзімова қысқартылған іс жүргізу тәртібімен қаралатын әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша жауаптылыққа тарту туралы конклюденттік нысандағы шешім азаматты жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша істі қайта қарау құқығынан айырмауға тиіс екенін айтты.
Оңайлатылған тәртіппен бала асырап алу туралы сотқа арыз берген кезде молекулярлық-генетикалық сараптама қорытындысы болу міндеттілігі туралы қосымша императивтік талап конституциялық емес деп танылды. Соттар үшін мұндай қорытындының болмауы азаматтың арызын қараусыз қалдыруға негіз болды, - деді Эльвира Әзімова.
Оның айтуынша, рәсім мемлекеттік органдар мен соттардың бала мүдделерін барынша қамтамасыз ету міндетіне сәйкес келмейді. Бұл Қазақстан ратификациялаған Біріккен Ұлттар Ұйымының Бала құқықтары туралы конвенциясының талабы.