Жаңалықтар

Баку Гранд Слэмі: Қазақстан дзюдошыларының алғашқы жарыс күніндегі көрсеткіші қандай

Баку Гранд Слэмі: Қазақстан дзюдошыларының алғашқы жарыс күніндегі көрсеткіші қандай
Фото: instagram/khamza.81 15.02.2025 02:34 876

Бакуде дзюдодан басталған Гранд Слэм турнирінің бірінші жарыс күнінде қазақстандық дзюдошылар жүлдеге қол жеткізе алмады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әзірбайжан астанасындағы дәстүрлі турнирге әлемнің мықты дзюдошылары қатысып жатыр. 14 ақпанда ерлер 60, 66, ал әйелдер 48, 52, 57 келіде белдесіп, жүлделерді өзара сарапқа салды. Бұл сында Қазақстан құрамасы тек ерлер санаты бойынша ғана өнер көрсетуде. Баку Гранд Слэм турниріне 36 мемлекеттен 258 татами шебері келген. Оның 166 ерлер болса, 92-сі әйел дзюдошылар.

Қазақстан құрамасы сапында 60 келіде Данияр Қылышев турнирді екінші айналымнан бастады. Ол бірінші айналымда жеребе бойынша бос болды. Алайда ширек финалға шығу үшін отандасымыз неміс дзюдошысы Максимилиан Хейдерге қарсы қауқар таныта алмай жарысты жүлдесіз аяқтауға мәжбүр болды. Осы салмақтағы тағы бір балуанымыз Әбілқайыр Ұлықбек бірінші айналымда IJF құрамасының балуаны Сүге-маадыр Қан-Демірден айласын асыра алмай ауқымды жарыста өзінің бабын көрсете алмады.

66 келіде қазақстандық Әділбек Берікұлы жарысты сәтті бастады. Қазақ балуаны бірінші белдесуінде АҚШ балуаны ЭрдэнэцогТ Билегті ұтқан еді. Алайда 1/8 финалда испаниялық Гарсия Торнеден айласын асыра алмады. Айта кететін жайт, Гарсия Париж олимпиадасының алғашқы айналымында Қазақстан дзюдошысы Ғұсман Қырғызбаевтан жеңілген еді. Сол жолы Ғұсман испан балуанын қосымша уақытта вазари ұпайымен ұтып, екінші кезеңге жолдама алып еді .

Баку Гранд Слэмінде 66 келіде Қанат Сейілхан бірінші белдесуде өзбекстандық Азизбек Ортиковтан күшті болмай шықты. Себебі, үміт күткен споршымыз Ортиковқа жол беріп, Әзірбайжаннан бүгін күресіп, жүлдесіз қалған құраманың 4-ші спортшысы ретінде тізімге енді.

Баку турнирінің алғашқы күнінде 60 келіде жапониялық Рюджи Нагаяма чемпион атанды. Күміс медальді оның отандасы, жас дзюдошы Таики Накамура иеленді. Ал қос қоланы әзірбайжандық Ахмад Юсупов пен белгиялық Верстраетен Йорре еншіледі. 66 келіде де финалда жапон дзюдошылары Такеши Такеока мен Риома Танака белдесті. Олар 2024 жылы әлем чемпионатының финалында да күрескен болатын.

Бұл салмақта қола жүлдені IJF құрамасының балуаны Иван Черных пен әзірбайжандық Елшан Асадов еншіледі.

Ал әйелдер арасында 48 келіде Натсуми Цунока чемпион болды. Спортшы өткен жылы Парижде Олимпиада чемпионы атанған еді. Ол финалда швециялық Тара Бабулфатты жеңді. Швед қызы былтырғы Олимпиадада қола жүлде үшін күресте қазақстандық Абиба Әбужақыновадан басым түскені жанкүйерлер есінде.

Аталған салмақта қола медальды испаниялық Ева Солер Перес иеленсе, екінші медальді сербиялық Андреа Стожадинов қол жеткізді.

52 келіде әйгілі жапон дзюдошысы Ута Абэ топ жарды. Балуан былтыр Париж Олимпиадасында оңбай жеңіліп, эмоцияға ерік беріп еді. Содан бері татамиде ресми жарыстарда күреспеген күншығыс елінің балуаны алғашқы додада өзінің мықты екенін дәлелдеді. Ал күміс жүлдені неміс қызы Маша Балхаус иеленді. Қос қоланы испаниялық Лейва Санчес Аюми мен оңтүстіккореялық Хван Сурён еншіледі.

57 келіде финалда жапон дзюдошылары кездесті. Такана Аями Момо Тамаокиге қарсы ұтымды әдісін қолдама алмады. Қос қоланы сербиялық Марика Перисик пен германиялық Сейжа Баллхаус иеленді.

Баку Гранд Слэмі 16-шы ақпан күні аяқталады. Ертең татамиге қазақстандық дзюдошылардан 73 келіде Ислам Тоқтасын мен Аңсарбек Ғайнулин, 81 келіде Мейіржан Жұмабек, 90 келіде Дидар Хамза мен Қуаныш Ратаев өнер көрсетеді. Ислам Тоқтасын бірінші айлалымда аустрия балуанымен күреседі. Аңсарбектің қарсыласы әзірбайжандық балуан болғалы отыр. Мейіржан Жұмабектің алғашқы қарсыласы Молдова өкілі болады. Дидар Хамза да әзірбайжан балуанымен күрессе, Ратаевтың қарсыласы IJF құрамасының спортшысы болмақ. Ал 16 ақпан күні -100 келіде Ислам Бозбаев, Ермұхан Естай татамиге шықпақ. Бозбаев бірінші белдесуін тәжік бауланына қарсы өткізсе, Естайдың қарсыласы өзбек балуаны болмақ. Ал +100 келіде қазақ дзюдосының алыбы Ерасыл Қажыбаев белдеседі. Қажыбаевтың бірінші қарсыласы әзірбайжандық Жамал Фейзиев болмақ. Ширек финалға жетсе, ресейлік Темірлан Башаевпен күресуі мүмкін.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға