Жаңалықтар

Бақтияр Адамжан: «Ешқашан шаршамаймын...»

Балет әртісінің өнер жолындағы қағидасы қандай?
Бақтияр Адамжан: «Ешқашан шаршамаймын...»
16.01.2020 14:39 5753

Қазақ балет өнерінің бүгінгі жұлдызы, «Астана Опера» театрының жетекші солисті, бірнеше халықаралық байқаулардың Гран-При иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжанмен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Балет әртісі өнер жолындағы құпияларын ашып, ең ыстық жеңістері туралы айтып берді.

Бақтияр, сізді сұрап хабарласқанымда Италияда екеніңізді айтты, қашан келіп үлгердіңіз?

– Келгеніме көп өткен жоқ. Онда шамамен он күндей болдым. «Роберто Болле және оның достары» атты гала-концертке қатысып қайттым. Америкалық балет театры мен "Ла Скала" балет труппасының жетекші солистінің мұндай концертіне әлемдік деңгейдегі әртістер қатысты. Олардың қатарында менің де болуым «Астана Опера» театры үшін де үлкен абырой деп білемін. Жалпы, біздің театр әлемге танылып, жеке бренд ретінде қалыптасып келе жатыр. Бұл – қуантатын жайт. Әлемдік деңгейдегі көптеген әртістер елордамызға келіп, «бір билесем» деген армандарын айтады. Алдағы 5-10 жылда «Астана Опера» дүниежүзі әртістерінің басын қосатын театрға айналады десем артық емес.

Өнер жолыңыз өте сәтті басталған сияқты...

– Алматыда училищені аяқтаған соң, екі жыл Абай атындағы қазақ Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында кордебалетте жүрдім. Бір орында тұрмай, алға жылжу керектігімді түсінген соң, 2013 жылдың 1 қазанында астанамыздағы жаңадан ашылып жатқан опера және балет театрына келіп қосылған болатынмын. Мұнда да бір жыл кордебалетте болдым. Сонда жүріп, өзімнің алғашқы салмақты рөлімді сомдадым. Ол Юрий Григоровичтің жетекшілігімен қойылған – «Спартак» болатын. Кей әртістер «Спартакқа» бірнеше жылғы жемісті жұмысынан кейін келіп жатса, мен содан бастадым.  Бұл спектакльден соң, солист болып, бір жарым жылдай жүрдім. Одан кейін ғана жетекші солист қызметіне ұсынылдым. Өнер жолым «өте сәтті» деуге де келмейтін шығар, тағы да кішкене жылдамдатуға да болар ма еді деген ой келетіні рас. Десе де, осыған да шүкірлік етемін.

Қазірде үлгілі отағасы, абыройлы әке болып отырсыз. Жарыңыз да өнер адамы ма?

– Құдай қосқан қосағым Ажар Адамжан – музыкант. «Астана Опера» театрының оркестрінде флейта аспабында ойнайды. Бірақ қазір, декреттік демалыста. Әрине екі баламен үйде отыру оңай емес. Демалысы аяқталған кезде жұмысына қосылады. Үйдің шамшырағына айналған жарымның арқасында өнер мансабым тыныш десем болады. Ол барынша қолдау көрсетіп, демеп отырады. Менің балетте жарқырап жүргенімнің бір себебі – сол сүйген жарымның маған жасап келе жатқан жағдайы деп ойлаймын.

Өмірдерегіңізде училищеге дейін төрт жыл күрес үйірмесіне барғаныңыз айтылады. Спортта жүрген бала үшін балетке келу қаншалықты қиын болды?

– Ауылда жүрген бала балеттің не екенін қайдан түсінсін? «Қалада оқисың» дегенге мәз болып келгеніміз рас. Сосын ұстаздар не айтты соның бәрін айна-қатесіз қайталап жүрдім. Ол бір жағынан мұғалімдерге деген құрметімнен туындаса керек. Себебі, анам – ұстаз. Сонымен қатар, менде «басқа балалар шыдағанда, сен неге шыдамайсың?» деген ішкі қамшылауда болған сияқты.

Кез келген мамандықта оқу мен тәжірибенің арасында айтарлықтай барьер болады, сіз балеттегі бұл қиындықты қалай жеңдіңіз?

– Училищеде сегіз жыл бойы тәлім алдық, мұғалім барлығын да айтып, көрсетіп отырды. «Өкшеңді алға бер», «аяғыңды аш», «қолыңды, арқаңды тікте», «жоғары тартыл» деген сияқты сөздерді құлақпен естіп тұрасың. Ал «толықтай өзіңе өзің ғана жауап беретін» театрда сол білімді барынша көрсетуге тырысасың. Жалпы, осындай ауысу кезінде көп әртістер өзін жоғалтып жатады. «Менде мұндай қиындық болмады» деп, мына жерде мақтанып отырғаным ұят болар. Бастысы, училищені аяқтағанда нақты алға қойған мақсаттарым болды. «Қандай бір театрға барсам да, соның биігінен шығамын» деген оймен ғана өмір сүрдім. Сондықтан мен жұмыс барысында өзімді ешқашан аяған емеспін. Алматыда кордебалетте екі жыл жүргенде опера мен балеттің барлығына қатыстым. Былайша айтқанда, «отымен кіріп, күлімен шықтым».

Қарап отырсам, әрбір күніңіз дайындықпен өтіп жатады. Немесе ай сайынғы іс-сапарлар... Осындай қарбаласта жиі шаршайтын боларсыз? Қалай қалыпқа келесіз?

– Мен шаршамаймын! Әрқашан өз денемді тыңдаймын. Аяқ-қолдарым «бүгін осы жеткілікті» деп сигнал береді. Сол сияқты ағзам да қажетті тағамдардан хабар айтады. Соны міндетті түрде жеуім керек. Мүмкін содан да болар физикалық әлсіздікті онша сезіне бермеймін. Негізгі ең бастысы – ұйқы. Күн сайынғы жұмысымды шаршасам да, шаршамасам да істеп жүрмін. Бұған денең де үйреніп кететін сияқты.

«Қажетті тағамдар» деп қалдыңыз, сонда арнайы рационыңыз бар ма?

– «Арнайы» деген ештемем жоқ. Жұбайым не дайындайды, соны жей берем. Таңдаған емеспін. Мысалы, түнгі 00:00-де тұрып та тамақтана беруім мүмкін.

Бақтияр, классикалық би қиын ба, заманауи ма?

– Әрине, классикалық.

Қазір еуропалық балет өнеріне заманауи би кірігіп кетті деген пікірлер бар...

– Бұл пікірдің үлкен театрларға қатысы жоқ. Себебі әркім классикалық спектакльдер қоя алмайды. Қазір Еуропода кішкентай компаниялар көбейіп кеткен. Олар сол заманауи бимен табыс табуға машықтанып жатқан болар. Оларда минимум костюм, минимум декорация, қара квадратта қойылымдарын қоя береді. Артық ештеңе керек емес. Ал классикалық балет «Астана Операның» декорацияларын біздің деңгейіміздегі (мысалы, Мәскеудегі «Үлкен театр») театрларға ғана қоя аламыз. Кез келгеніне бара алмаймыз. Олардың техникалық жабдықтары сұранысымызға жауап бере алмайды. «Астана Опера» театрын отельдермен салыстырсақ, бес жұлдыз "+"-пен қоюға болар еді (күліп)...

Әлемнің көптеген театрында өнеріңізді паш еттіңіз. Жалпы, көрермендер қауымы бір-бірінен ерекшелене ме?

– Әрине. Өзіме ең ұнаған көрермендерді Оңтүстік Кореядан кездестірдім. Гала-концерт кезінде халық әрбір жасаған іс-қимылыңа ерекше назар аударып, көтеріп алып кетіп отырады. Бұл сахнадағы әртіс үшін керемет демеу.  Яғни, азиялықтар өз ықыластарын ұялмай білдіреді. Бұл қатарға қашанда балетті жылы шыраймен қабылдайтын италяндықтарды қосуға болады. Бірақ, олар билеп болмайынша шапалақ ұрмайды. Біздің көрермендерді де жақсы тәрбиелеп алдық.

Өзіңіздің бидегі, өнердегі қағидаларыңыз қандай?

– Қағидам жоқ-ау сол. Дегемен, әрдайым маған келген көрерменге сапалы өнер көрсету үшін барымды саламын. Мүмкін осыны қағида деп айтсақ болатын шығар. Жалпы, алғанда өзім балет өнерімен ауырмаймын. Осы саланы меңгеріп, өмірімді арнап жатқан соң, биігіне шығып, сапалы дүниеге жұмыс істегенге не жетсін.

Айтыңызшы, осы неге көп балеттің соңы өліммен аяқталады?

– Көрерменнің жанын ашыту үшін шығар. «Бізге келіп тұрыңдар, әйтпесе қайтыс боп кетуіміз мүмкін» деп ой салу үшін. Әрине, бұл әзіл. Балет өнері де түрлі дәуірге бөлінеді. Мәселен, «Жизель», «Сильфидалар» фантастикалық жанрда шығарылған. Сосын ХХ ғасырды ортасына қарай реалистік балеттер болды. Одан кейін тарихи балет шықты. Олардың барлығы да өліммен аяқталуы заңдылық. Қазіргі таңда біз қойып жүрген «Коппеля», «Дон Кихот» сияқты спектакльдерде қайғылы оқиға жоқ.

Бірнеше белді хореографтармен жұмыс істеп жүрсіз. Солардың ішінде ең ерекше ұнағаны қайсы?

– Луиджи Баниноні ерекше атап өткім келеді. Ол Роллан Питидің балетін бірінші түпнұсқада жеткізетін соңғы көмекшісі. Бұл қатарда Юрий Григоровичті қоса айта аламын. Бұл кісілердің балеттерін билей отыра деңгейімді жоғары көтердім, өстім. Неге Банино мен Григорович? Себебі, бұл хореографтар біріншіден драматургияға, актерлік шеберлікке мән береді, содан кейін ғана техникалық шеберлікке көңіл ауадарады. Әйтпесе, техниканы бәрінен жоғары қою қазір сәнге айналғандай.

Актерлік шеберлік деп қалдыңыз, ойнаған рөлдеріңізде қайсы эмоцияны жеткізу қиынға соққан еді?

– «Жасөспірім және өлім» балетінде суицид жасау өте қиын болды. «Асылардың» алдында әртүрлі ой келді. Балетте барынша жанды көрсетуге тырыстым. Бастысы, көрермен жақсы қабылдады. Ондайға барған адамның психологиясын түсіну өте қиын ғой. Қалған кейіпкерлерде актерлік шеберлік жағынан қиынға соққан жоқ. Оларды жұмыс барысында бойыма сіңіріп алдым десем де болады.

Жeтicтiктepiңiзгe көз жүгipтceк, VII Ciбip бaлeт әpтicтepi хaлықapaлық бaйқayының II cыйлық лaypeaты (Нoвocибиpcк, 2008), KIBC хaлықapaлық бaйқayының диплoмaнты (Oңтүcтiк Кopeя, 2009), «Өpлey» бaлeт әpтicтepi хaлықapaлық бaйқayының I cыйлық лaypeaты (2010), «Гpaн-пpи Cибиpи» бaлeт әpтicтepi хaлықapaлық бaйқayының II cыйлық лaypeaты (Кpacнoяpcк, 2014), Ыcтaмбұлдaғы V бaлeт әpтicтepi хaлықapaлық бaйқayының Гpaн-пpи иeгepi (Түpкия, 2016), Ceyлдeгi XIII хaлықapaлық би бaйқayының I cыйлық лaypeaты (Oңтүcтiк Кopeя, 2016), Acтaнaдaғы III бaлeт әpтicтepi хaлықapaлық бaйқayының Гpaн-пpи иeгepi (2016), VKIBC Хaлықapaлық бaлeт әpтicтepi бaйқayының Гpaн-пpи иeгepi (Нью-Йopк, AҚШ, 2017), Мәcкeyдeгi XIII Хaлықapaлық бaлeт әpтicтepi мeн хopeoгpaфтap бaйқayының I cыйлық лaypeaты (Peceй, 2017) ocылaй кeтe бepeдi. Бұл aтaлғaндapдың iшiндe өзiңiзгe eң ыcтық бoлғaн жeңic қaйcы?

– Мәскеудегі XIII Халықаралық балет әртістері мен хореографтар байқауының І сыйлық лауреаты атанғаным. Бұл байқауға дүниежүзіндегі барлық балет әртістер, хореографтары келуге тырысады. Осыдан-ақ оның деңгейін жобалай беріңіз. Балет өнеріндегі олимпиада ғой. Осы сынақтың алдында мен төрт бірдей байқауда Гран-При мен алтын медаль алдым. Егер осыда сүрінсем, менен озған адам басқа байқауда қатыспай-ақ алдымды орап кеткендей болар еді.

Бұдан кейін өнер жолыңыз өрлей түскен шығар?

– Ілгеріде өзіңіз тізіп өткен байқауларды ұтқан соң, әлем таныды. Жиі шақыртулар келе бастады. Айына жоқ деген 1-2 рет сапарға шығамын. Көптеген фестивальдар, балет кештері, спектакльдерге қатысып жүрдім. Айтпақшы, 2019 жылдың 21 қарашасында Италияда «Үздік балет әртісі» деген номинациясымен марапатталуым керек болатын. Бірақ, осында «Коппелия» балетінің пермьерасы өткендіктен бара алмадым. Әрине, «Астана Операны» барлығынан жоғары қоямын.

«Бетховен – Мәңгілік – Махаббат» премьерасына дайындық қалай жүргізіліп жатыр. Бұл балет не жайында болмақ?

– Дайындық қызу жүргізіліп жатыр. Бұл балет әлемдік музыкалық қауымдастық атап өтетін ұлы неміс композиторы Людвиг ван Бетховеннің 250 жылдығына арналып отыр. Оның премьерасы «Астана Опера» театрының Үлкен залында ақпанның 14-15 күндері өтетін болады. Өзім Бетховенді сомдаймын. Барлық балетсүйер қауымды тамашалауға шақырамын.

Либретто авторы әрі хореограф – театр сахнасында жетістікпен өтіп жатқан How long is Now? («Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?») бір бөлімді балетімен көрермендерімізге кеңінен танымал Раймондо Ребе болып отыр. Қойылымның музыкалық негізіне Бетховеннің (соның ішінде хордың қатысуымен атақты Тоғызыншы симфониясы), сонымен қатар Бах, Гайдн, Моцарттың туындылары және Дирк Хаубрихтың заманауи композициялары мен аранжировкалары алынды.

Балетте ұлы кемеңгердің басынан кешкен қайғы-қасірет пен салтанат суреттеліп, Кереңдік, Бейнет, Махаббат пен Шабыт жайлы сыр шертіледі.

(Суреттерді ұсынған «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының баспасөз қызметі)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға