Жаңалықтар

Бақыт деген – сенің бала күндерің

Астанада 4 мыңға жуық бала мерекелік шеруге шықты
Бақыт деген – сенің бала күндерің
Фото: Нұрбек Альманбетов 01.06.2017 17:09 11140

Бүгін Астананың орталық көшелерінде балалар мен жастардың музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің шеруі өтті. Алғаш рет ұйымдастырылған шеруге 4 мыңнан аса бүлдіршін қатысты.

Биыл астаналықтар Халықаралық балаларды қорғау күнін ерекше атап өтті.

Елорданың орталық көшелері бір мезетте сан алуан түске боялғандай әсер қалдырды. Барабаншылар, үрмелі оркестр мен ансамбльдер, әскери киім киген қолдаушы топ, қаланың жастар және балалар хоры, мажореткалар, черлидерлер мен би ұжымдары Астана көшелері мен даңғылдарынан сап түзеп жүріп өтті.

Балалар мен жастар шеруі Қазақстанда биыл алғаш рет өтіп отыр. Игі іске ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Астана әкімдігі ұйытқы болған.

Іс-шара Астана қаласы әкімдігі ғимаратының алдындағы алаңда «Қара жорға» флешмобынан бастау алады.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

— Мұндай шара Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр. Еліміздің барлық ірі қаласында бүгін осындай шеру өтіп жатыр. Барлығы 75 мыңға тарта адам қатысуда. Биылғы парад жыл сайынғы дәстүрге айналып, жылдың ең жарқын оқиғасы ретінде есте қалады деген үміттеміз.

60 жуық музыкалық және шығармашылық ұжым осы алаңдағы шеруде сап түзеді. Атап айтсақ, барабаншылар, үрмелі аспаптар оркестрлері мен ансамбльдері, жастар мен балалар хоры, тіпті Қорғаныс министрлігінің үрмелі аспаптар оркестрі мен мемлекеттік академиялық филармония музыканттары да өнер көрсетті. 

Ермек Аманшаев, Астана қаласы әкімінің орынбасары:

— Бүгінгі шеру биыл алғаш рет өткізіліп отырған жаңа дәстүр. Қазақ халқы дәстүрден кенде емес қой. Атам заманнан келе жатқан жақсы салт-дәстүрлері өте көп. Соған қарамастан осындай жаңа дәстүрлер де артық етпейді деп ойлаймын. Қаламызға керек мұндай шаралар. Балалар бүгінгі шеруді тағатсыздана күтті. Сондықтан, бұл игі дәстүр жалғасын тауып, жыл сайын қайталанады деген үміттемін. Шеруге қатысатын оқушылар мен түлектердің де саны артатынына күмәнім жоқ. Біздің балалар бақытты елде, бақытта заманда өмір сүреді. Олар үшін бүгінде барлық жол ашық. Елбасының, мемлекеттің жүйелі қолдауының арқасында сапалы білім алып жатыр. Болашақта қалаған жоғары оқу орнына түсіп, әлемнің кез келген елінде оқи алады. Ең бастысы, сабағын жақсы оқып, тіл меңгеріп, бәсекеге қабілетті, жан-жақты болуға ұмтылу керек. Ол үшін барлық жағдай жасалған.

Елордадағы балалар шеруіне 4 мыңнан астам бала қатысты.

Жазира Асанова, Астана қалалық білім басқармасының баспасөз қызметкері:  

— Бүкілқазақстандық флешмоб жастар арасындағы музыкалық мәдениетті қалыптастырып, халыққа шат-шадыман көңіл-күй сыйлау максатында өткізіліп отыр. Бұл шара еліміздегі ерекше оқиғалардың бірі болып тарихта қалады. Өйткені мұндай ауқымды шеру елімізде бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Айта кетейін, осы сағаттарда Қарағанды обысындағы шеруде 19 мың адам, Оңтүстік Қазақстанда 15 мың, Шығыс-Қазақстан аймағында 9 мың адам жүріп өтсе, Алматы қаласындағы осындай шараға 5 мыңнан астам қала тұрғыны қатысуда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға