Бакалавриат пен магистратура арасындағы бір жылдық үзілістің маңызы қандай?
АҚШ-та «gap year» дейтін қызық ұғым бар. Оның мәні – мектеп, колледж немесе университеттен соң келесі бір оқуға дейін үзіліс алу. Екі айдан бір жылға дейін созылатын мұндай үзілісті америкалықтардың бәрі алмаса да, бұл – аталған елде кең таралған тәжірибе. Үзіліс дегенде біздің ойымызға үйде жату немесе қыдыру келуі мүмкін. Егер бәрі осыншама жеңіл болса, академиялық үзілістің маңызы да болмас еді.
Мұндай үзіліс америкалықтарға не үшін қажет?
1. Мектеп қабырғасында кәсіптік бағдарлану жақсы жүргенімен, оқушылардың бәрі өзінің болашақ кәсібін бірден анықтай алмайды. Себебі бүгінде кәсіп түрлері жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақ секілді күннен-күнге көбеюде. Бұл «таңдау парадоксын» тудырады, яғни, неғұрлым көп нұсқа болған сайын, нақты біреуін таңдау соғұрлым қиындай түседі. Сондықтан оқу бітірген соң, Сэм ағайдың отандастары алдын-ала ұнатқан бір-екі жұмысты істеп көреді. Егер жұмыс жанына жақын болса, ары қарай білім алып, кәсіби түрде шыңдалуға бекінеді.
2. Шынайы өмірмен етене танысуға жол ашады. Мектептен колледжге, колледжден университетке, бакалавриаттан магистратураға бірден ауысып жүрген жастар академиялық ортада жүріп шынайы өмірден алыста болады. Академиялық өмір мен даладағы тіршілік екі бөлек екені айтпаса да белгілі. Мәселен, сіз «математикалық модельдеу» пәнін ұнатып, осы сала бойынша барлық академиялық деңгейден қатарынан өттіңіз делік. 9-10 жылға дейінгі уақытыңызды жоғалтып барып, бір мекемеге орналасып, математикалық модельдеуші болып жұмыс істеген соң, таңдаған мамандық өзіңізге ұнамай шықса, онда сіз көп нәрсені жоғалтасыз.
3. Академиялық үзіліс құндылықтарды қайта қарауға зор мүмкіндік береді. «Мен кіммін?», «Өмірде нені қалаймын?», «Қандай жетістіктерге жеткім келеді?» деген секілді сұрақтардың жауабы қарастырылады.
Қазақстандағы жағдай қандай?
Қазақстанда дәл осындай үзіліс алатындар жоқ емес, сирек кездессе де, ондай адамдар бар. Бірақ, америкалықтардан айырмашылығы – біздегілер ондай қадамға еріксіз барады. Мәселен, мектептен кейінгі бір жылдық үзіліс көбіне мәжбүрлі болады. ҰБТ-дан төмен балл алып, оқу грантына ие бола алмай, ақылы түрде білім алуға мүмкіншілігі жетпей, амалсыздан бір жылдық үзіліс алатындар бар. Еріксіз дейтінім, олар бірден оқуға түсе алмағанын сәтсіздік ретінде бағалайды және қоршаған ортасының қысымына душар болады. «Пәленшенің баласы оқуға түсе алмай, сандалып жүр екен» деген әңгіме біздің жанымызды жегідей жейді.
Менің ойымша, бұл дұрыс емес.
Біздегі орта мектепте кәсіптік бағдарлану жұмыстары өте әлсіз. Оқушылардың көбі мектеп қабырғасын бітірген сәтте болашақта кім болатынын білмейді. Олар үшін негізгі мақсат – грант иегері атану.
Тек грантқа ие болғаны үшін өзі ұнатқан мамандықтан бас тартып, қайдағы жоқ бір мамандықты оқып жатқандар өте көп. Мұндай жағдай әсіресе ауыл жастары арасында көп кездеседі. Себебі, ақылы бөлімде білім алуға екінің бірінің жағдайы жетпейді. Кейбіреулер шамасы жетіп тұрса да, ата-анасына артық салмақ салмайын деп, беріліп тұрған грантты ала салады.
Неге бұлай жасау дұрыс емес?
Тек грант үшін оқу арқылы біз жай ғана проблеманы 4 жылға ысырып қоямыз. Яғни, біз келесі төрт жылда немен айналысатынымызды анық білеміз, ары қарай бір мәнісі болар деп ойлаймыз. Ұзақ болып көрінетін 4 жыл зырылдап өте шығады да, кезінде сіз шешпеген мәселе қайта алдыңыздан шығады. Біріншіден, сол мамандық бойынша жұмыс тауып көріңіз. Екіншіден, табылған жұмыс бойынша жұмыс істеп көріңіз. Қаншалықты ұнар екен?!
Өзіңізге ұнамайтын жұмысты істеу арқылы тағы бір үлкен қателік жасайсыз. Қызметіңіз ұнамаған соң, жұмысқа өзіңізді күштеп апарасыз, өз міндеттеріңізді амалсыз орындайсыз. Мұндай жағдайда кәсіби шыңдалып, жетістікке жету өте қиын. Оның үстіне күн сайын психикалық зақымдар аласыз, өйткені жұмыстағының бәрі сізге ұнамайды, бірақ сіз оның әрқайсысына төзуге мәжбүрсіз. Осы мәжбүрлілік, еркіндіктің болмауы сізді біртіндеп жей береді.
Сондай-ақ, Қазақстан жастары бакалавриат пен магистратура арасында да үзіліс алып, жұмыс істеп көруге ұмтылмайды, лажы болса, бірден магистратураға түскісі келеді. Тіпті сіз өз таңдауыңызға сенімді болсаңыз да, бір-екі жыл жұмыс істеп көрген абзал. Біздегі жоғары білім жүйесінде, өкінішке орай, «үйрету» көп, «көрсету» аз, яғни классикалық түрде «теория» бар, «практика» жоқ.
Өз мамандығы бойынша жұмыс істеп көрмеген студент барлық пәнді бірдей оқиды және көбіне мұғалімнің берген тапсырмаларын орындаумен шектеледі. Бұлай жиналған білімнің басым бөлігі жұмыс істеген кезде қажет болмай қалуы мүмкін. Оқу бітіріп, жұмыс істеген жолдастарымнан: «Әттең, университет қабырғасында «пәленше» пәнді оқымаппын, бос уақытым бола тұра ағылшынды үйренбеппін» деген сөздерді жиі еститінмін. Жұмыс басталған соң, қайта оқуға уақыт жоқ, таңнан кешке дейін жұмыста, одан шыққан соң бір нәрсе оқуға екінің бірі уақыт пен күш таба бермейді. Бір қызығы, оларға мұндай ой магистратураны бітірген соң келді. Егер де бакалавриаттан соң бір-екі жыл жұмыс істеп көріп, сосын ғана магистратураға түскенде, олар жұмыста керек болатын пәндерге ерекше назар аударып оқитын еді, мұғалім не айтса, соны орындамай, қосымша сұрақ қою арқылы оқытушының бар білімін сығып алар еді.
Қуантарлығы, «Болашақ» бағдарламасына үміткерлердің барлығынан жұмыс өтілі талап етіледі. Неғұрлым жұмыс өтіліңіз бен тәжірибеңіз жоғары болса, соғұрлым сіздің грант иегері атану мүмкіндігіңіз жоғары болмақ. Естеріңізге сала кетейік, «Болашақ» бағдарламасын жүзеге асыратын «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ бакалавриатты бітірген соң бірден магистратураға түсу мүмкіндігін биылдан бастап алып тастады. Сонымен қатар, кейбір категориялар бойынша талап етілетін бір жыл еңбек өтілін екі жылға көбейтті. Бұл – өте жақсы белгі.
Дархан Өмірбек