Жаңалықтар

Бақайларымен кәдесый жасайтын ару

Рухы мықты, өнер мен өмірге ғашық Тұрсынай
Бақайларымен кәдесый жасайтын ару
13.12.2017 14:57 18593

Қалдықыз Салманова – он құрсақ көтерген ардақты ана. Тағдырдың жазуы шығар, тоғыз перзентін өз қолымен қара жердің қойнына тапсырды. Іштей егілді, қиналды. Ұйқысыз түндер, мазасыз күндер жүрекке ауыр салмақ салды. Бірақ өміріне өкпе артқан жоқ. Белін бекем буынды. 24 жыл бұрын дүние есігін ашқан қызы Тұрсынай екеуі бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Қоғам ауылында біреуден ілгері, біреуден кейін тіршілік кешіп жатыр.

Алданышы, үміті, қуанышы, қорғаны, жанашыры – жалғыз қызы. Тұрсынай Нәлібаева жарық дүние есігін жеті айлық болып ашты. Бір жасқа толмай жатып-ақ қаз-қаз қадам басып, үй ішін қайта қуанышқа толтырды. Тек жастан асқаннан кейін ғана бойынан беймәлім дерттің белгілері біліне бастады. Дәрігерлердің кеңесімен облыстық балалар ауруханасында апталап жатып, ем қабылдайды. Үйіне оралған соң екі қолы икемге келмей, біраз уақыт өткен соң сөйлеуден қалып, өздігінен жүріп-тұруы қиындайды. Ақ халаттылар оған ДЦП диагнозын қояды.

- Алланың маңдайға жазғанына көнбеске шарам жоқ. Налымаймын. Он жыл бұрын өмірдің бар ащы-тұщысын бірге көрген, шаңырағымның тірегі, жұбайым өмірден озды. Бір-бірімізге сүйеу болып қызымыз екеуміз қала бердік. Бұрынғыға қарағанда Тұрсынайдың беті қазір біраз бері қараған. Сәл тұтығып қалатыны болмаса, ойын анық жеткізе алады. Өлең жазады. Екі қолы икемге келмесе де аяғының бармақтарымен моншақтан түрлі бұйымдар жасайды. Әйтеуір, тыным таппайды. Соған қуанамын, – дейді Қалдықыз апай.

Иә, Тұрсынай қиындыққа морт сынып, мүжіліп кететін жандардың қатарынан емес. Керісінше мүгедек деп мүсіркемесін, аяушылық танытпасын деген оймен өзін-өзі әркез қамшылайды. Үйде білім алды. Қазақ тілі мен әдебиеті, география мен тарих пәндеріне деген қызығушылығы ерекше болды. Бақайларыммен-ақ кітаптың бетін ауыстырып отырып, қаншама қазынаға кенелді. Ол ауыл кітапханасының тұрақты оқырманы. Кітапты өзінің ең сенімді, рухани досына балайды. Сондықтан болар Мұхтар Әуезов, Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Мағауин, Мұхтар Шаханов, Ақберен Елгезек, Ерлан Жүніс және тағы басқа ақын-жазушылардың еңбектерін сүйіп оқиды.

- Анамның үйдің тірлігінен қолы босамайды ғой. Ал маған кітаптың екі бетін оқып болған соң, келесі бетіне ауыстырып беретін адам керек. Үш-төрт минут сайын шақырамын. Екі қолым өзіме бағынбайды. Бар үмітім бақайларымда. Мың рет қайталап жүріп, кітаптың бетін өзім ашып, ауыстыра алатын нәтижеге жеттім. Бұл кейбіреулер үшін түкке тұрмауы мүмкін, ал мен үшін үлкен жеңіс, – дейді Тұрсынай.

Ол дені сау бола тұра қалың ойдың шырмауына шырмалып, он екі мүшесі аман бола тұра ата-анасына салмақ салатын кей жандарды түсінбейді. Бүгінде арбаға таңылса да, екі қолы икемге келмесе де, бақайлары арқылы, моншақтан көздің жауын алар бұйымдар жасап, аз болса да табыс тауып отыр. Жуырда «Отырар таланттары-2017» VI халық өнер фестивалінде ІІ орын иеленді.

- Шынымды айтсам, бұрын мүгедектер арбасымен көпшілік ортада жүруге қысылатынмын. Тіпті адамдармен тіл табысудың өзі қиын көрінетін. Бейтаныс жандардың жанашырлық сезімі ыңғайсыздық тудыратын. Адамдардың көзінен мені аяп тұрғанын көргім келмейтін. Бір күні «Мен қашанғы төрт қабырғаға қамалып отыра бермекпін? Бұл тығырықтан өз-өзімді алып шығуым керек қой» деп, алдыма мақсат қойдым. Ішкі қорқыныштарымды жеңуге ұмтылдым, – дейді Тұрсынай.

Осылайша Шымкенттегі мүгедек жандарды оңалту орталығында ем қабылдап жүріп, өзінің кемшіліктерімен күресуді қолға алды. Жанын түсінетін, өзі секілді тағдырлас, мұңдас достар тапты. Мүмкіндігім шектеулі деп қарап отырмай, қолдан түрлі бұйымдар жасайтын, ән салып, би билеп, көпшілікті тәнті етіп жүрген жандар оған үміт отын сыйлады.


- Бұрын теледидардан он саусағынан өнер тамған шеберлерді көріп, «шіркін-ай, мен де осылай жасай алсам ғой» деп қатты қызығатынмын. Алла тілеуімді қабыл еткен болуы керек, үш жыл бұрын мүгедектерді оңалту орталығында ем қабылдап жүріп, сондағы қызметкерлерден осы өнерді үйрендім. Бірақ оны орталықта тоқуға қысылдым. Аяғымның бармақтарымен тоқысам, адамдар маған мүсіркей қарап, күлетін шығар деп ойладым. Үйге келген соң ғана анама моншақ пен қажетті заттарды алдырттым. Тәуекел деп, есімде қалғанын жасай бастадым. Ең алғаш жасаған бұйымым – құмыраға салынған гүл. Әрине, басында моншақтарды жіптен өткізіп, оны қатты тарту қиын болды. Аяғымның күші жетпейтін. Сол кезде анам келіп көмектесетін. Сөйтіп жүріп оны да үйреніп алды. Қазір анамның көмегінсіз өзім тоқи беремін. Ең бірінші, есепке жақын болуың керек. Өйткені, санап отырып, бір саннан шатысып кетсең, көз майыңды тауысып, қанша уақыттан бері жасап отырған бұйымың дұрыс шықпайды. Моншақтардан сан алуан бұйымдарды тізіп жасау есте сақтау қабілетін жақсартады екен, – дейді ол.

Бүгінде Тұрсынайдың туындылар коллекциясынан моншақтардан тізілген сүйкімді күшік, қонжық, қоян, тасбақа, қобдиша сынды түрлі бұйымдарды кездестіруге болады. Оған тапсырыс берушілер – ауыл тұрғындары. Әрине, әлеуметтік желіден көріп, өзге аудан-қалалардан тапсырыс бергісі келетіндер бар. Тек оны поштаға барып, салып жіберу Тұрсынайға біраз қиындық тудырады. Сондай-ақ, ол көрші-қолаңның талабы бар қыздарына да бар білгенін үйретуден жалықпайды. Болашақта өз кәсібін ашуды да армандайды.

 - Жастарда кәсіп ашуға баулып жүрген Ахметбек Нұрсила ағаның көмегімен «Бизнес бастау» мектебінде онлайн білім алдым. Ноутбукпен де қамтамасыз етті. Ол курстан «Бизнесті қалай бастау керек? Өнімді қалай жарнамалау қажет?» сынды сұрақтарға жауап тауып, өзіме мотивация алдым. Алла нәсіп етіп жатса, ісімді ілгерілеткім келеді. Сондай-ақ, «Қазақстан» телеарнасындағы Бейсен Құранбек аға жүргізген «Айтуға оңай» бағдарламасына барып, түсіп қайттық. Анама сол жерде сыйлық жасап, ән арнадым. Қолдау көрсеткен барша жандарға алғысым шексіз, – дейді Тұрсынай.

Сондай-ақ, Тұрсынай ұялы телефонмен әлеуметтік желідегі достарымен хат-хабар алмасып, өз ойымен бөлісіп отырады. Кейде қолымыздың саусақтарымен әріптерді теріп жатып-ақ, байқаусызда қате жазып жіберетініміз бар ғой. Ал Тұрсынай аяғының бармақтарымен телефондағы майда әріптерді қатесіз теруге тырысады.

Оның рухы мықты. Өмірді сүйеді. Өлеңге ғашық. Екі қолы бар талай адам түк бітірмей жүріп, таудай талабымен екі аяғының бармақтары арқылы-ақ талай істі атқарып жүрген Тұрсынайды көргенде ұялар ма екен...

Мақала, фотосурет авторы Әйгерім Бегімбет

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға