Жаңалықтар

Бағдат Мусин Түркияда көз жұмған Мирболат Құрмашев туралы естеліктерімен бөлісті

Бағдат Мусин Түркияда көз жұмған Мирболат Құрмашев туралы естеліктерімен бөлісті
Фото: facebook.com 10.02.2023 09:42 3425

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Түркияда зілзалада қаза тапқан Мирболат Құрмашев туралы естеліктерімен бөлісті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Соңғы үміт оты сөнді. Сенгім келмейді…Соңына дейін үміттеніп едік. Алайда Мирус бауырымыздан айырылып қалдық. Мирус екеуіміз курстас болдық. Ол өте креативті еді, ауқымды дүниелер жасағысы келетін, тартымдылығының арқасында адамдарды ұйымдастыра алатын. Дінге берік адам еді. Мағжан Астана Хабты құру бойынша алғашқы қадамдарын бастағанда ол көп көмек етті, тегін, ешқандай келісімсіз. Қолынан келгенін істеп, Қазақстанның IT-саласын дамытуға үлесі мен көмегін қосты, - деп жазды Мусин.

Қазақстанда Мирболаттың бірнеше бизнес бастамалары болған.

2020 жылы мемлекеттің қатысуымен бір-екі жобаны іске асырғысы келді. Бірақ, Мемлекет басшысы мені министр етіп тағайындаған кезде ол жобалардан өз еркімен бас тартты. Арамызда түсініспеушілік тудыратын жағдайларды болдырмау үшін "мен идеяларымды шет елде жүзеге асырамын" деді ол. Мирус - жиһанкез, біраз жерде болды, бірақ тұрақталу үшін Түркияны таңдап, соңғы екі жыл негізінен сол жақта тұрып жатты. Президенттің Анкараға ресми сапарының алдындағы қазақстандық IT-мамандарының сол жаққа барғанын бәріңіз білетін шығарсыздар. Біз сол кезде оларды Стамбулдың бірнеше ірі IT-компаниясына апарған едік. Мирус осы іс-шараның негізгі ұйымдастырушысы болды. Біз оған Астана Хабтың өкілі болуды ұсындық, өйткені екі мемлекеттің хабтары мен мамандарын жақындастыратын адамның болуы маңызды еді. Студенттік кезден де біраз жақсы естеліктер бар, жақын араласқан жолдастары оларды айтып жатар деп ойлаймын. Иманды болсын! Жаның жәннаттан орын тапсын бауырым, - деп еске алды Бағдат Мусин.

Еске сала кетейік, бұған дейін Astana Hub технопаркінің халықаралық агенті Мирболат Құрмашевтің Түркияда жоғалып кеткені хабарланды.

Жер сілкінісінен кейін онымен байланыс үзілген.

Ағасы Алмат Құрмашевтың айтуынша, зілзала кезінде ол Түркияның Хатай қаласында болған.

Кейін Мирболат Құрмашевтің тағы үш әріптесі байланысқа шықпай қалды. Оның екеуі қазақстандықтар және бірі – Түркия азаматы.

Айта кетейік, осыған дейін Түркияда жер сілкінісінен қаза болғандар саны 12 391 адамға жеткендігін хабарлаған болатынбыз.

Түркиядағы жер сілкінісінен кейін хабарсыз кеткен Сабина Мамадьярова аман табылды. Бұған дейін Түркияның оңтүстік-шығысындағы жер сілкінісінен кейін бірнеше қазақстандықтың хабарсыз кеткені туралы жазған едік.

Қазақстандық құтқарушылардың екінші эшелоны Түркияның Газиантеп қаласына жетті. Қазіргі уақытта жабдықтар мен жеке құрамды түсіру жұмыстары жүргізілуде. Қазақстан Түркияға гуманитарлық көмек ретінде $1 млн бөлді. Сонымен қатар бүгін Қазақстандықтардың екінші тобы Түркиядан қайтарылды.

Түркияда жойқын зілзаладан қаза болғандар саны 14 мыңнан асты, тағы 63 мың 794 адам жараланғанын жазған болатынбыз.

Кеше ТЖМ Юрий Ильин қазақстандық құтқарушылардың жұмысы туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп берген еді.

ҚР Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев Түркиядағы жойқын жер сілкінісінің салдарын жою бойынша жүргізіліп жатқан іздестіру-құтқару жұмысына қатысты соңғы ақпаратпен бөліскен болатын.

Осыған дейін Түркияда жоғалған қазақстандық Мирболат Құрмашевтің денесі табылғандығын хабарлаған болатынбыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға