Жаңалықтар

Бағдат Амандосұлы: Жаңа заң – мүгедектік туралы стереотиптерді жояды

Бағдат Амандосұлы: Жаңа заң – мүгедектік туралы стереотиптерді жояды
Фото: коллаж El.kz 22.04.2025 10:08 195

Қазақстанда әлеуметтік инклюзия мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолдау көрсету мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында аутизмге шалдыққан балаларға арналған оңалту орталықтарын құру және осы бағытта кешенді қолдауды заңнамалық түрде бекіту туралы тапсырмасы – еліміздегі әлеуметтік саясаттың маңызды әрі өзекті бағытына айналып отыр. Бұл бастама ерекше қажеттілігі бар балалар мен олардың отбасыларының құқықтарын қорғауға бағытталған жаңа кезеңнің бастауы болмақ. Осыған орай, заңгер Бағдат Амандосұлымен арнайы сұхбаттасып, жаңа заң аясында қандай нақты қадамдар қажет екенін, оның маңыздылығы мен болашақтағы ықпалын талқыладық.

El.kz: Президенттің жыл соңына дейін ерекше балаларға жан-жақты қолдау көрсететін заң әзірлеуді тапсырғаны белгілі. Сіздің ойыңызша, бұл мәселе бүгінде қаншалықты өзекті?

Бағдат Амандосұлы: Бұл тапсырма – еліміздегі әлеуметтік және құқықтық теңдіктің нақты көрінісі. Себебі қазіргі таңда ерекше қажеттілігі бар балалар мен олардың отбасылары көптеген құқықтық, медициналық, білім беру және әлеуметтік қиындықтарға тап болуда. Дегенмен, Қазақстан Республикасының Конституциясы (29-бап, 30-бап) әр азаматтың денсаулығын сақтау мен білім алу құқығын бекітеді. Ал ерекше қажеттілігі бар балалардың құқықтары бұл салада қосымша қорғалуы тиіс.

Осы тұрғыдан алғанда, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы уақыт талабынан туындаған өзекті шешім және елдің әлеуметтік саясатындағы жаңа кезеңнің бастауы деп бағалауға толық негіз бар.

El.kz: Жаңа заңда қандай негізгі бағыттар мен ережелер қамтылуы тиіс деп ойлайсыз?

Бағдат Амандосұлы: Жаңа заңда келесідей бес негізгі бағытты қамтуы тиіс:

  1. Құқықтық мәртебе: ерекше қажеттілігі бар балалар мен олардың отбасыларының құқықтары нақты көрсетіліп, дискриминациядан қорғалу кепілдігі енгізілуі тиіс;
  2. Медициналық көмек: ерте диагностика, оңалту қызметтерінің қолжетімділігі, психологиялық және психиатриялық қолдау рәсімдері;
  3. Білім беру жүйесі: инклюзивті білім беру моделін дамыту, арнайы педагогтер мен тьюторлар даярлау, жеке оқу бағдарламаларын бекіту;
  4. Әлеуметтік қолдау: жәрдемақы, оңалту құралдары, көліктік жеңілдіктер, оңалту мекемелеріне тегін жолдама беру;
  5. Жергілікті және орталық органдардың міндеттері: заң нормаларының орындалуын бақылау, қаржыландыру жүйесін нақтылау, жергілікті әкімдіктердің жауапкершілігін бекіту.

El.kz: Бұл заң тек балалардың құқықтарын ғана емес, ата-аналар мен қамқоршылардың құқықтарын да қорғауға тиіс пе?

Бағдат Амандосұлы: Әрине. Негізгі халықаралық стандарттар мен БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясына сай, ерекше баланы тәрбиелеу – ата-аналар үшін физикалық, эмоционалдық әрі қаржылық тұрғыдан күрделі үрдіс. Сондықтан:

  • Ата-аналарға психологиялық қолдау орталықтары;
  • Құқықтық кеңес беру қызметтері;
  • Арнайы демалыс (реабилитациялық демалыс немесе «ата-ананың үзілісі»);
  • Қамқоршылар мен заңды өкілдерге салықтық жеңілдіктер сияқты шаралар да заңда көрсетілуі тиіс.

El.kz: Жаңа заңның нақты жүзеге асуы үшін қандай мемлекеттік тетіктер қажет?

Бағдат Амандосұлы: Тиімді іске асыру үшін келесі тетіктер (механизм) қажет:

  • Қаржылық тетік: республикалық және жергілікті бюджеттен нысаналы қаржы бөлу;
  • Мониторинг жүйесі: ӘМСҚ, БҒМ, ЕХӘҚМ сынды органдардың бірыңғай бақылау жүйесін құру;
  • Цифрлық реестр: ерекше қажеттілігі бар балалар бойынша нақты база жүргізу;
  • Жергілікті әкімдіктердің міндеттемесі: оңалту орталықтары мен инклюзивті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету.

El.kz: Ерекше қажеттілігі бар балалардың қоғамға бейімделуі үшін заңда қандай әлеуметтік қолдау тетіктері болуы керек?

Бағдат Амандосұлы: Атап айтқанда:

  • Инклюзивті балабақша және мектептер жүйесі;
  • Мүгедектігі бар балаға күтім жасайтын отбасы мүшелеріне жәрдемақы көлемін арттыру;
  • Көлік және инфрақұрылымда қолжетімділік (пандус, лифт, арнайы көлік);
  • Мәдени-спорттық бейімделу бағдарламалары;
  • Еңбекке бейімдеу және болашақ кәсіпке бағдар беру керек.

El.kz: Жаңа заңның қабылдануы болашақта Қазақстанда инклюзивті қоғам орнатуға қаншалықты ықпал етеді?

Бағдат Амандосұлы: Бұл заң инклюзивті қоғам құру жолындағы маңызды құқықтық негіз болмақ, ол дегеніміз:

  • Кемсітуді азайтады;
  • Қоғамдық санада мүгедектік туралы стереотиптерді жояды;
  • Азаматтардың тең құқықтылығы мен әлеуметтік бірлігін нығайтады.

Осы арқылы Қазақстан БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарының бірнешеуін, соның ішінде «жақсы денсаулық пен әл-ауқат», «теңдік», «инклюзивті білім беру» бағыттарын нақты іске асыра алады деген ойдамын.

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға