Жаңалықтар

Бабамыздың үнісің сен, Домбыра!

Бабамыздың үнісің сен, Домбыра!
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 10.07.2024 10:01 669

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев:

«Домбыра жүрегіммен үндес едің,

Өзіңмен сырласымдай тілдесемін.

Бабамнан қалған мұра сен болмасаң,

Өнердің не екенін де білмес едім», – десе,  Қадыр Мырза Әлі: «Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра.

Нағыз қазақ – қазақ емес, Нағыз қазақ – Домбыра!», - деп домбыра аспабының қаншалықты қадірлі екенін екі-ақ ауыз сөзбен түйіндейді. Иә, ұлттық құндылығымыздың бірі болған қасиетті қара домбыра көнеден қалған асыл мұрамыз, көзіміздің қарашығы әрі ұлттық кодымыздың айнымас бөлігі. Осы шілде айының алғашқы жексенбісінде еліміз Ұлттық домбыра күнін атап өткен еді. Жалпы домбыра күнін қалай атап өтіп жүрміз? Ұлттық аспабымыздың қадірін біле алып жүрміз бе? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

2018 жылдың 13 маусымында қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында шілденің бірінші жексенбісін Ұлттық домбыра күні ретінде белгілеу туралы Жарлығы жарық көрді. Осылайша елімізде Ұлттық домбыра күні - 2018 жылдан бері шілденің алғашқы жексенбісі қазақтың төл аспабының күні ретіне тойланып келеді. Домбыра жер бетінде кеңінен тараған шертпелі аспаптардың қатарына кіреді. Өнертанушылар мен тарихшылар мұндай аспаптар ғылымда Х ғасырдан бастап белгілі деп тұжырымдағанмен 2010 жылы отандық БАҚ тарихы біздің заманымыздың V ғасырынан басталатын «ата домбыра» табылғанын айтып сүйінші сұраған еді. 1500 жыл бұрын қолданыста болған көне аспап Алтай тауының Моңғолия жағындағы Үңгіртас деген үңгірден табылған. Әуелі малшының қолына түскен аспап археологтардың қызығушылығын оятып, 2008 жылы мемлекет қамқорлығына алынады. Бұл ғылыми жаңалыққа қазақ ғалымдарының арасынан танымал түрколог, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлы назар аударып, аспаптың домбыраның арғы «атасы» екенін дәлелдеп шығады. Осылайша шертпе аспаптардың тарихы біздің заманымыздың V ғасырынан бастау алатыны белгілі болды.

Бірнеше айларға созылған келіссөздерден кейін ғана Моңғолия тарапы домбыраның көшірмесін алуға рұқсат беріп, кейін сол көшірме негізінде жасалған көне домбыраның нұсқасы музейге қойылды.

Домбыра күнін қалай атап өту керек?

Осы ретте біз аталуы күні қалай атап өту керектігі жөнінде біршама азаматқа хабарласқан едік. Алдымен дәстүрлі әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай бізге былай жауап берді:

Домбыра күнін сырты жылтырағанымен, ішінде мазмұны аз шаралар көбейіп кетті. Оның көпшілігі «Адай», «Сарыарқа» күйлерін тартумен аяқталады. Домбыра күнін тек саябақтар мен орталық алаңдарда шоу түрінде ғана өткізіп келеміз. Мәселен, еліміздің ең үлкен ғимаратында домбыра күнін ресми түрде атап өту керек. Онда Мемлекет басшысынан бастап, депутаттар, министрлер, өзге де сала басшылары қатысса, сол шарада атақты күйшілер мен жыршыларға құрмет көрсетіп, мемлекеттік наградаларды ұсынса жөн болар еді. Мәселен, Қайрат Байбосынов секілді көзі тірі корифейлерді сол марапаттарға ұсыну керек. Бүгінде мемлекеттік наградаларға тек эстрада әншілерін ұсынып жатыр. Сонымен қатар домбыраға қатысты, күй өнеріне, жыршылыққа, дәстүрлі әнге қатысты мазмұнды семинарлар мен конференциялар өтуі керек. Әйтпесе, біз тек науқаншылап кеттік, - дейді ол.

Домбыра жанашырының айтуынша, бүгінгі таңда ұлттық өнерді дәріптеушілердің жағдайы мәз емес.

Жалпы жыршы, күйшілердің бүгінгі хәлі мүшкіл деп айтуға болады. Сахнада төрт түлігі сай болып көрінгенмен, сахнадан кейінгі өмірі қиын. Бір ғана мысал айтайын, Қошан Мұстафа деген жыршыны баршаңыз білетін боларсыздар. Қазақ радиосында пәленбай жыл қызмет атқарды. Жетісудың жырларын Қошаннан артық білетін адам жоқ. Өмірін жырды зерттеуге, дәріптеуге арнаған жан. Сол атақты жыршы ағамыз, жыршы  ретінде емес, журналист ретінде әзер дегенде бір бөлмелі үй алды. Одан өзгесін айтпағанның өзінде. Тіпті, кейбір концерттерге тегін өнер көрсетеміз. Ал фонограммамен ән айтатын әншілерге пәленбай ақы төлейді. Осыған қарап-ақ ұлттық өнерімізге деген көзғарасты бағамдау қиын емес, - дейді Ерлан Төлеутай.

Ұлттық өнерді дәріптеуші ағамыздың айтуынша сонымен қатар қазақтың ұлттық аспабына деген құрметіміз кеміп барады.

Бүгінгі таңда домбыраға қарсылық өте қарқынды белең алып отыр. Солардың бір тобы әсіредіншілдер. Жуырда мен бір туыстарымның асына бардым. Домбырамды ала бардым. Сонда домбыраммен дәстүрлі ән айтуға шығартықзбады. Оған себеп, асты ұйымдастырушылар салафилік, бахаббилік бағытта болғаны. Домбыраны харам дейді. Мұнысы несі десем, «тек уағыз айтамыз» дейді. Бүгінде той-томалаққа бара қалсаңыз домбыраны ілеуде біреу кездестіреміз. Барлық мерекелер мен шараларда эстраданың есер әндеріне төр бердік. Бұрын кез-келген шарамыздың сәнін домбыра келтіретін. Домбырасыз ешқандай мереке, той-томалақ аталып өтілмейтін.  Ол заман келмеске кетті. Тіпті ұшақтарға да ұлттық аспабымызды алып кіре алмайтын жағдайға жеттік. Сәуле Жанпейісова секілді дүлдүл әншілер ұшаққа домбырасын алып кіре алмаған жағдайлар өте жиі кездесіп жатыр. Ал Айгүл Елшібаева әншіміз осындай жағдайға тап болып, ақыры іс сотқа дейін барғанда өмірі ауызына арақ алмаған әншіні ішіп алды деп жала жауып, сотта жеңіліс тапты, - дейді ол.

«Домбыра күнін бір күн ғана атап өтіп, ұлттық құндылығымызды насихаттай алмаймыз»

Қанша жылдан бері «Домбыра» ұлттық телеарнасын ашып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп жүрген Қанат Ержігітов мырзаның да бұл тұрғыда айтары бар екен.

Біздің бастапқыда Жұлдыз тв деген телеарнамыз болды. Онда біз эстрадада белең алған, батысқа еліктеген, шашын бояп, етегін қысқартқан әншілермен алыстық. Одан онша нәтиже болмағаннан кейін осы «Домбыра» ұлттық телеарнасы 2019 жылдың бірінші наурызынан бастап эфирге шығардық. Алғашында біз Қазақтелеком, ID TV желісінде үш жылдай тұрдық. Одан кейін екі жыл OTAU TV желісінде болдық. Бұл жеке телеарна. Жыл сайын  OTAU TV желісінде конкурсқа қатысамыз. Қаншама министрлер ауысса да біздің телеарнамызды өткізбеді. Алғашында еліміздің басты қалаларымен жұмыс жасадық. Кейіннен өңір-өңірлерге шығып, ән, күй, фольклорларды жинадық. Оларды іріктеп телеарнамыздан төр бердік. Біз секілді ел-елді аралап өнер майталмандарын іздеп, ескі жыр-күйлерді жарыққа шығарып жатқандар жоқ десек болады. Оған мысал, Ақтөбеге барғанды бір күйші апайымыз «Бізді соңғы рет 1973 жылы түсірген еді» деп айтты. Сосын биыл Түркістан облысына  барған сапарымызда Жентісай ауданында Бөрі Иса деген күйші ағамыз: «Бізді 1968 жылы Илья Жақанов келіп, телеарнаға түсіріп еді, содан кейін сендер түсіріп отырсыңдар» деп ағынан жарылды. Біз домбыра күнін бір күн атап өткеннен ешқандай әсер болмауы мүмкін. Бірақ осындай шет жақтағы, ел-елдегі өнерпаздарымызды жарыққа шығаруымыз қажет. Мәселен, біз осы сәуір айында Түркістан облысына барған сапарымызда 14 аудан, 4 қаласын араладық. Алдын-ала облыс әкіміне хат жазғанымызда бізге қаражат бөлмеді. Қонақ үй мәселесі қиын болды. Бір айдай уақыт сонда жүріп, 35-36 сағатқа жуық материал жинадық. Бұның ішінде, тарих та, ән, күй, терме, жыр да бар. Осындай құнды дүниелерді біз тегін жасадық. Осындай хабарларды көбейтсек әрине құба-құп, - дейді ол.

Ұшақтағы домбыра «жырына» қашан нүкте қойылады?

Жалпы ұлттық өнерді дәріптеушілердің еліміздің авиакомпанияларына өкпесі «қара қазандай». Себебі белгілі. Ұлттық аспабымыз деп төбемізге көтерген асыл домбыраға ұшақтан төр бермеуі. Бір ғана мысал биыл Мақпал Жүнісов еліміздегі отандық әуекомпаниясына наразылығын білдіріп видеоүндеу жариялады. Өйткені компания өкілдері бортқа домбыра мен концерттік бас киімді кіргізуге рұқсат бермеген. Әнші аспабы мен бас киіміне бола бөлек орын сатып алуға мәжбүр болғанын айтты. Мақпал Жүнісова 60 жылдық мерейтойына арналған гастрольдік сапарында Қарағандыда өтетін концертіне бара жатқан әуежайда қиындыққа тап болған. Айтуынша, әуекомпания қызметкерлері әншіге домбыра мен концерттік бас киімін ұшаққа кіргізуге рүқсат бермеген.

Құрметті халайық, мен әуежайда отырмын. VIP-тан өтіп жатырмын. Қарағандыда концертім. Менің домбырам мен бас киіміме "Мұндай жүкті өткізуге болмайды, бірақ кішкентай шабаданыңызды алып өте беріңіз» дейді. Сіздер сонымен келісесіздер ме, әуежайдың бастықтары, Air Astana, FlyArystan? Бас киімді шабаданға тыға алмаймын, майысып қалады», - дейді Мақпал Жүнісова видеоүндеуде. 

Әнші амалсыздан домбыра мен концерттік бас киімге бола 65 мың теңгеге жеке орын сатып алуға мәжбүр болған. Домбыраны  ұшаққа кіргізбеген бірнеше оқиғадан ел дүрліккен соң былтыр маусым айында мәселе мәжіліске жеткен. Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов:

Осы мәселені шешіп беріңіздер. Қазақтың саусаққа толмастай 4-5 ұлттық аспабы бар. Сол аспаптар ұшаққа кіргізуге рұқсат алсын. Егер қолдарыңыздан келмесе, онда Алматы, Астананың әуежайына жоқ дегенде 1000 домбырашыдан қойып, «Адай» күйін ойнатып, жалынып сұрайық», - деген еді.

Соынмен қатар кейінгі уақытта ұшаққа мінемін деп музыкалық аспаптарын сындырып алу жағдайы жиіледі. Әсіресе, эстрада өкілдері әлеуметтік желіде жазып, наразылық білдіруде. Яғни, домбырасын немесе гитарасын жүк салғышқа салып, кейін қираған күйі алып жатыр. Бұл да өз кезегін күткен мәселе. Бұған дейін Мәжіліс отырысында депутат Аманжол Әлтай домбыраға қатысты сауал жолдаған еді. Жуырда ғана Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай домбыраны ұшаққа алып кіру мәселесі алдағы уақытта шешіледі деп сендірді.

Біздің қазақтың жан серігіне айналған қасиетті қара домбыраға «домбыра харам» деген секілді теріс пікірлердің айтылуы не болмаса ұшақтарда домбыраны алып жүруге рұқсат етілмеуі қабырғамызға батады. Бүгінгі таңда жас ұрпақты қазақтың қасиетті домбыра аспабында танып-білуге үйренуге бағытталған жұмыстар жүргізіп жатыр. Менің депутаттық сауалыма Мәдениет және ақпарат министрлігі берген жауабында, яғни мектеп қабырғасынан бастап домбыра үйірмелерін ашуға қатысты жұмыстардың жүргізіліп жатқандығы туралы жауап келді. Бірақ алдағы уақытта біз авиакомпаниялардың домбыраны бірге алып жүруге рұқсат бермегенін қарап, мәселені шешеміз. Ал домбыраны багажға жіберетін болса, онда ол сынып қалады. Ол арзан аспап емес. Өнер адамының өміріндегі жан серігіне айналған аспап. Сондықтан да алдағы уақытта осыны түбегейлі шешуге күш салуымыз керек. Жеке авиакомпаниялар, әрине, үнемі біздің айдағанымызға жүріп, айтқанымызға көне бермейді, дей тұрғанымен олардың әділетті шешім қабылдауына ықпал етеміз деп ойлаймын, - деді депутат.

Көлік министрі жауап берді

Күні кеше Көлік министрі Марат Қарабаев  аталған дауға қатысты өз пікірін білдірді.

Азаматтар ұшаққа музыкалық аспап алып кіретіні туралы әуе компанияларына алдын-ала ескертуі керек. Ескертсе, оған заңды түрде ешқандай кедергі болмайды, тиісті мүмкіндік қарастыралады, - деген министр ұшаққа музыкалық аспаппен ескертусіз келіп, кейіннен шу шығаратын танымал тұлғаларға да ренішін білдірді.

Марат Қарабаев әуе рейсіне ұлттық немесе өзге де музыкалық аспаптармен келудің өз қағидасы барын айтады. Мәселен, қандай аспап болатынын, оның өлшемдерін билет алған уақытта алдын-ала ескеру қажет. 

Жоғалып жатқан жағдай қандай?! Менің қасымда музыкалық аспап болады деп алдын-ала айтса, оған тиісті мүмкіндік қарастырылады. Кейбір кездері ұшақ қандай болады?! Bombardier болуы мүмкін немесе тіпті кішкентай ұшақ болуы мүмкін. Ол жерде жолаушы қолына ұстап отырмайды ғой, ол қауіпсіздікке сәйкес келмейді. Ал үстіндегі жүк қоятын жерге кейбір құралдар сыймайды. Сондықтан алдын-ала баратын кісі айтуы керек. Компанияға хабарласып немесе билет алып жатқанда өзіммен бірге осындай музыкалық аспап болады, оның параметрі былай деп айтып ескертуі керек. Егер жүк қоятын жеріне мүмкіндік болатын болса, онда қояды. Ал оны қоюға мүмкіндік болмаса, онда «қасыңыздан тағы бір орын алыңыз» деп айтады. Мәселенің барлығы осында, – деді министр Үкіметте өткен брифингте.

Министр кейбір өнер адамдары мәселенің байыбына бармай, ұшар алдында дау шығарып, видеоға түсіріп жатады деп ренішін білдірді. 

Билет алған уақытта алдын-ала айту керек, сонда ешқандай мәселе туындамайды. Ешкім ертерек ескертпейді де, одан соң видеоға түсіреді. Мысалы, қасыңызға мысық, ит алатын болсаңыз алдын-ала айтасыз ғой, дәл сол сияқты аспапқа да қатысты айтуы керек, – деп түсіндірді Марат Қарабаев.

Осы ретте біз  әуе компаниясының ресми сайтына бас сұғып аталған мәселеде жауап іздеп көрдік. Онда «FlyArystan барлық жолаушылар ұшу кезінде барынша жайлы сезінетіндей жағдай жасауды көздейді. Сапалы көмек көрсетуге дайын болуымыз үшін барлық қажетті ақпаратты берулеріңізді сұраймыз.

ҚР ИИДМ №540 бұйрығы «Жолаушыларды тасымалдау тәртібінің» 2-бөлімі 15 тармағына сәйкес жолаушы немесе тұлға жолаушы атынан тасымалдауға брондау жасағанда төмендегі жағдайларда рейске 5 күнтізбелік күн қалғанда әуекомпанияға ақпарат береді:

  1. жолаушының қозғалуы шектеулі болуы;
  2. кәмелетке толмаған жолаушыны тасымалдау;
  3. жолаушының өз бетімен жүріп-тұруына кедергі келтіретіндей көру, есту функциясының төмен болуы (көзі көрмеуі, құлағы естімеуі);
  4. осы тармақтың 3)-тармақшасындағы жетектеуші ит алып жүрген жағдайда;
  5. инфекциялық аурудың болуы;
  6. мерзімі 22 аптадан асқан жүктілік;
  7. жануарларды (құстарды) тасымалдау;
  8. ережелердің54-тармағына сәйкес белгіленген алып жүру нормасынан артық жолжүктің немесе ірі габаритті, ауыр салмақты жолжүктің болуы;
  9. әуе кемесінің салонында ғана тасымалдануы тиіс жолжүктің болуы; 
  10. қару мен оқ-дәріні тасымалдау.

Осы ақпаратты алғаннан кейін 1), 4), 5), 7), 8), 9), және 10) тармақшаларында қарастырылған жағдайларда әуе кемесінің техникалық мүмкіндіктеріне байланысты тасымалдаудың орындалуын қамтамасыз ету мүмкін болмаса әуекомпания жолаушыға 24 сағат ішінде тасымалдаудан бас тартатынын хабарлайды» делінген. «Музыкалық аспаптар мен осал заттар» деген бөлімінде былай делінеді: «Сыртқы қабымен бірге жалпы өлшемі 56x23x36 см-ден, салмағы 5 кг-нан аспаса, музыкалық аспап ұшақ салонына қабылданады. Домбыра жоғарыда көрсетілген өлшемдерге сәйкес келмейтіндіктен қолжүк ретінде қабылданбайды. Егер музыкалық аспабыңыздың салмағы 10кг-нан аспай тұрса, Қолжүк қызметімізді пайдаланып, сатып алынған шарттар бойынша ұшақ салонына алып кіруге болады.

  • Ондай аспаптарға скрипкалар, альттар, флейталар, кларнеттер, трубалар, гавай гитаралары жатады.
  • Музыкалық аспабы бар қапты қол жүк өлшемін анықтауға арналған стандартизатормен тексеріп алған жөн: қаптың ені мен тереңдігі рұқсат етілген параметрге сәйкес болуы тиіс, ал биіктігі одан 1,5 еседей кем болуы тиіс.
  • Музыкалық аспап сіздің қол жүгіңіз ретінде саналады, одан басқа қол жүкті бортқа алып кіруге болмайды.
  • Музыкалық аспапты жоғарыдағы жүк бөліміне салып қою қажет.

Жоғарыдағы өлшемдерге сәйкес келмейтін және тіркелген жолжүк ретінде тасымалдауға жарамайтын музыкалық аспаптарды ұшақ салонында бөлек орын сатып алып сол орында тасымалдауға болады. Музыкалық аспаптың салмағы 30 кг-нан аспауы тиіс. Музыкалық аспап қабының өлшемі 120 х 50 х 30 см-нан аспауы тиіс.  Жолаушы / аспап иесі аспапты өз бетімен алып жүруге және орнына бекітуге қабілетті болуы тиіс.

  • Музыкалық аспапқа бөлек орынды тек билетті брондау алдында, ұшуға дейін 24 сағат бұрын сатып алуға болады.
  • Қауіпсіздік мақсатында аспаптарды апаттық жағдайда шығу есіктері орналасқан қатарларға және бірінші қатарға орналастыруға болмайды, оларды терезе жақтағы орындарға қою керек.
  • Өлшемі виолончельден үлкен аспаптарды (мысалы, контрабас, арфа, т. с. с.) «Шектеулі жауапкершілік» белгісімен тіркеу керек.

Жолаушылар салонында музыкалық аспаптарды тасымалдау туралы қосымша ақпаратты алу үшін және сұранымдарыңызды жіберу үшін, special.services@flyarystan.com бөліміне немесе FlyArystan байланыс орталығына хабарласыңыз», дейді онда.

Түйін:

Қазақ пен домбыра – бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын егіз ұғым. Академик Ахмет Жұбанов «Домбыра – көшпелі елдің көнекөз шежіресі» деп бекер айтпаған. Қастерлі аспаптың қос ішегіне халқымыздың бүкіл болмысы сыйып тұр. Жұмекен Нәжімеденов: Үйден алыс шыққанда мен екі аманат қалдырам. Бірі – ұлым, өзіңсің, екіншісі – домбырам, – десе, Қадір Мырза Әли:Бір ішегінде биіктік бар, бір ішегінде тереңдік. Ол мылқауды сөйлетеді, жылатады кереңді. – дейді. Иә, қазақ үшін домбыра – ұлттық аспап қана емес, қазақтың жаны мен қаны, ары мен бары, қасиеті мен киесі. Домбыра – халықтың қайғы мен мұңын, қуаныш пен шаттығын жеткізген сенімді серігі. 2014 жылы қазақтың күй өнері мен киіз үй ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұраларының тізіміне кірген. Осылайша домбыра шанағынан шыққан қазақ күйлері ЮНЕСКО-ның да қамқорлығына өткен. «Домбыра – Қазақстандағы аса маңызды символдардың бірі. Домбыраның екі шегі ежелгі заман мен осы заманның сырын шертеді» деп Рим Папасы біздің елімізге келген соңғы сапарындағы сөзін домбыраға арнағаны тегін емес. Мақа соңын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы  «Ұлттық домбыра» күнімен құттықтауымен аяқтасақ: «Ұлттық домбыра күні құтты болсын! Бұл мерекенің қазақ руханияты үшін мән-маңызы зор. Қастерлі аспап дала өркениетінің ажырамас бөлігіне айналды. Төл мәдениетіміздің құнды қазынасын сақтау – баршамыздың парызымыз. Домбыра төрден түспесін!».

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға