Жаңалықтар

Бақытжан Қаратаев

ҚАРАТАЕВ Бақытжан Бейсәліұлы (10.5.1863, қазіргі Орал обл. Қаратөбе ауд. Ақбақай а. – 26.8.1934, Ақтөбе қ.) – көрнекті заңгер, мемлекет және қоғам қайраткері, ағартушы, демократ.
31.08.2014 07:11 11837

ҚАРАТАЕВ Бақытжан Бейсәліұлы (10.5.1863, қазіргі Орал обл. Қаратөбе ауд. Ақбақай а. – 26.8.1934, Ақтөбе қ.) – көрнекті заңгер, мемлекет және қоғам қайраткері, ағартушы, демократ. Орынбор гимназиясын үздік бітіріп, Императорлық Санкт-Петербург ун-нің заң ф-тін кіші алтын медальмен тамамдаған (1890). Оқу бітірген соң Әділет мин-нің құзырына кіргізіліп, басқарушы сенаттың екінші департаменті шенеунігі қызметіне қалдырылды. 1891 ж. сот тергеушісі лауазымына тағайындалып, Кутаисиге жіберілді. Грузиядан еліне 1897 ж. оралды. Орал обл-нда адвокат болып істеді. 1907 – 16 ж. ағартушылық жұмыстармен айналысты. “Қазақстан” газетін, “Айқап” журналын шығаруға ат салысқан. 1917 ж. Кеңес өкіметін орнатуға қатысқан. 1918 ж. наурыз айында – Орал обл. депутаттар кеңесіне мүше, әділет комиссары болды. 1919 ж. қаңтар айының аяғынан бастап В.И.Чапаев басқарған 25-атқыштар дивизиясында атты әскер бригадасы саяси бөлімінің меңгерушісі және командирі болды. 1919 ж. 10 шілдеде Қазақ өлкесін басқару жөніндегі рев. к-ттің мүшелігіне енді. Қазақстан Кеңестерінің 1 – 2-съездеріне делегат болды. Орал губ. адвокаттар алқасын басқарды. 1927 ж. партиядан шығып, өмірінің соңына дейін ғыл.-зерт. жұмыстармен шұғылданды.

Ресей патшасының 1905 ж. пұрсат еткен ұжымдық тілек жолдау хақы мен діни иланым еркіндігін пайдаланып, үкіметке Қазақстанның батыс аймағының белгілі адамдары мен дінбасылары қол қойған петиция жолдады. Санкт-Петербургке арнайы делегацияны бастап барып, генерал Ғұбайдолла Жәңгіровтің жәрдемімен 1905 ж. шілдеде патшаның қабылдауында болды. Одан оң нәтиже сезіне алмай, империядағы солшыл қозғалыстарға бой ұсынды. 17 қазан манифесіне орай қаулап дүниеге келіп жатқан саяси партиялар ішінен конституцияшыл-демократтар ұйымын оң көрген. Земство және қала қайраткерлерінің Мәскеу съезіне (қараша, 1905) қатысқан. 1905 ж. 11 желтоқсанда Мемл. Думаға депутаттар сайлауын өткізу жөніндегі заң шығуына байланысты, кадет партиясының қазақ бөлімшесін құруға жетекшілік етті. Қ-тың сол тұстағы көзқарасы алғашқы қазақ саяси партиясын ұйыстыру жиналысында кадеттер бағдарламасын қазақ мүддесіне орайластырып, ішінара түзетіп қабылдауынан көрініс тапты. Қазақ кадеттері бағдарламасында дала өлкесіндегі “жер-су қазақ халқының меншігі болып табылады” деп тұжырымдалды. Алайда қазақтардың мұндай дербестікке жетуді саяси мақсат етіп қоюы кадеттердің орт. к-тіне ұнай қоймады. Елдегі нақты саяси ахуалды талдай отырып қорытқан ойын 1907 ж. ақпан айының алғашқы күндері баспасөз бетінде тұжырымдады. “Орал” газетінде  “Руссия халқына ашық хат”, “Оренбургский край” газетінде “Орыс азаматтарына” деп аталған үндеу-мақалаларында жұртшылыққа отаршыл патшалықтың үкіметінен зәбір, қорлық көріп отырған қазақ халқының мұң-мұқтажын жария етті.

Қазақ халқының өз жер-суына өзі ие болу құқын қорғауда Қ. 2-Мемл. Дума мүшесі ретінде айрықша белсенділікпен күресті. Ішкі Ресейден ағылған көші-қонның шұғыл тоқтатылуын талап етті. Думаның 1907 ж. 16 мамырда өткен мәжілісінде қазақ халқының мүддесін қорғап, қайта қоныстандыру саясатының “шаруалардың өздерін де, қазақтарды да қатты қинау” жолымен жүзеге асырылатынын ескертті. Қ. “Қазақстан” газетінің (1911 – 13) рухани желеп-жебеушісі болып, оның идеол. бағыт-бағдарын айқындауына тікелей жәрдемдесті. “Айқап” журналының (1911 – 15) беделді авторларының бірі ретінде, оның заман талабына сай жаңару, даму, өркендеу шарттарын уағыздаған демокр. мазмұнын аша түсуге ат салысты. Қ. – империя қазақтардың психикасын аздырды, олардың бойында патшалық билік күллі жүйелі әрекетімен құлдық психол., тәуелділік, кіріптарлық сезім қалыптастырды деген ойды тұңғыш қорытқан ойшыл-қайраткер болды. 

Ресей патшасының 1916 ж. 25 маусымдағы бұратаналарды майданның қара жұмысына алуға пәрмен еткен жарлығынан кейін Қ. “Қазақтар жайындағы естелік жазба” атты құжат әзірлеп (Жанша Сейдалинмен бірге), Петроградқа сапар шекті. 4-Мемл. Дума төрағасы мен Соғыс министріне тапсырылған бұл хатта жарлық шығару мен оны жариялауда заң тәртібінің бұзылуына жол берілгені, сондай-ақ, жергілікті әкімдердің оның мәнісін халыққа өз мағынасында дұрыс жеткізе алмағаны әшкереленді. Солардың салдарынан бой көрсеткен қайғылы оқиғалар, сотсыз жазалаулар деректері келтірілді. Монархия құлағаннан кейін Қ. большевиктер партиясына кіреді (мамыр, 1917), Орал обл-нда Кеңес өкіметін орнатуға ат салысты. Орт. атқару к-тінің заң істері комиссары болып сайланды. 1918 жылдың көктемінде ақ казактар Орал қ-нда төңкеріс жасап, облкеңес атқару к-тінің өзге мүшелерімен қатар оны да тұтқынға алды. Тоғыз айдан соң қызылдар Оралды азат еткенде, өлім жазасынан құтқарылып, түрмеден босатылды. Абақты-да жатқанда ол өзіне: “Большевизм өкімет басында қала ала ма?” – деген сұрақ қойып, “Большевизм өтпелі кезең қызметін атқарып тастайды да, орнын бейбітшіл ... биліктерге беріп, сахнадан кетеді”, – деген болжам айтқан. Ақтөбеде халық алдында БК(б)П Қазөлкекомының 1-хатшысы Ф.И. Голощекинге  қарсы шығып, халықты қырған аштыққа ұрындырған қылмысын бетіне басты. Сол нәубеттен, ұзамай, өзі де дүние салды. 

Әдеб.: Қойшыбаев Б., Бақытжан Қаратаев, А., 1993; Өзбекұлы С., Арыстары алаштың, А., 1998.

Б. Орынбекұлы

"Қазақ энциклопедиясы"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға