Бағылан би жайлы деректер
Қызылжар өңіріне Орта жүз қазақтарының ертеден қоныстанғанына тағы бір дерек келтірейік. Қазіргі Солтүстік Қазақстан өңірінде қоныстанған Керей руының түп атасы Бағылан би екенін қазақ шежіресінен жақсы білеміз. Осы Бағылан би Тобыл өзені бойында туып өсіпті. Оның атында Тобыл өзені бойында Бағылан тоғайы, Бағылан қыстауы, Бағылан өзені, Бағылан шоғы, Бағылан көлі, Бағылан жолы деген жерсулар болыпты.
Бағылан би көп жасап, өзi дүниеге келіп өз есiмiмен аталатын тоғайда ауырып қайтыс болыпты. Оның сүйегiн Тобыл өзенiнiң жарқабағына жерлеген екен. Кейiн арада бiрнеше ғасыр өткен соң бұл арадан «Ащы белдеу» («Горькая линия») өтiп, «Звериноголовск», қазақша «Бағылан» атты бекiнiс салады. Кейiн бұл жерде «Бағылан базары» деген жәрмеңке ашылыпты. Бұл қазiргi Ресейге қарасты Қорған облысының Половинка (Ақсиыр) ауданына қарасты жер.
Қазiргi Жамбыл ауданы Қостанай облысында тұрып жатқан Керейлер – осы Бағыланның Фархад атты баласынан тараған ұрпақтар.
Керейдiң Матақай руынан тарайтын академик Манаш Қозыбаев «Жұлдызым менiң» дейтiн кiтабында: «Бiздiң 17атамыз Бағылан би Алтын Орда биi болды деседi. Ал, сол Бағылан бидiң қонысы – осы күнгi «Горькая линия» бойындағы БағыланЗвериноголовск бекiнiсi, ендеше бiздiң атабабамыз бұл қоныста отырғанына 450 жыл шамасы», – деп жазды (Жұлдызым менiң. – «Арыс» баспасы, 2001. – 88бет). Манаш Қозыбаевтың бұл пiкiрi Қазақстан тарихы жылнамасымен дәл келедi, Бағылан би – ХVI ғасырда өмiр сүрген адам.
Қалмақтардан ығысқан Орта жүз қазақтары тек 1723 жылдардан бастап солтүстiкке ауа көштi. Осы бiр ауыр кезеңдi Қожаберген жырау былай деп жырлады:
Осындай кең аймақты мекен еткен
Орта жүз бүгiн жаудан жапа шеккен.
Айырылып атақоныс, мал-мүлкiнен,
Тұрмысы жұртымыздың керi кеткен.
Жан-жақтан Сарыарқаға ел құлады,
Қуылып қыстауынан зар жылады.
Қиналған мекен таппай жаяу-жалпы,
Шұбырып жүрген iзiн жол қылады.
1718 жылы Әз Тәуке қайтыс болғаннан кейiн қазақ мемлекетiнiң бытыраңқы күй кешкенiн тарихтан жақсы бiлемiз. Абылай ханға дейiн Орта жүздi билеген Сәмеке, Күшiк, Барақ, Әбiлмәмбеттер елдi басқара алмады. Халық қалмақтардың талауына ұшырады. Осы кезең туралы Қожаберген жырау:
Төрелер Әз Тәукедей бола алмады,
Оларға қазақ көңiлi тола алмады.
Батыр, Болат, Сәмеке дәрменсiз боп,
Кездейсоқ ел жағдайы оңалмады.
Хан, сұлтан, төре күнi өткен дедi,
Олардан ақыл-айла кеткен дедi.
Үш жүзiм өзiңдi өзiң тұтас ел қып,
Басқарар ендi уақыт жеткен дедi.
Данышпан топтан көсем сайла дедi,
Үш жүздiң келешегiн ойла дедi.
Қазақты төре бастап көгертер деп,
Малтаңды би мен бектер езбе ендi, –деп жырлады. Қожаберген жырау айтқандай, хандардан күдер үзген халық өз көсемдерiн өздерi сайлап, өздерiнөзi басқаруға кiрiстi.
Қызылжар өңiрiнде Қызылжар уәлаяты (кiшi хандық) құрылды. Уәлаятты шора (кiшi хан) биледi. Бұл уәлаяттың бiрiншi шорасы – Қожаберген жырау, Асқап, одан кейiн Баянбай Ақшаұлы, Шақшақ Көшекұлы, Есеней Естемiсұлы сияқты Керей руының атақты адамдары болды. Бұл адамдардың бәрi де қазiргi Жамбыл ауданынан шыққан атақты ру басшылары, бәрiнiң де бейiттерi Жамбыл ауданының жерiнде. Көшебенiң Таузар атасынан тарайтын Қожаберген жырау мен Шақшақ Көшекұлы ГүлтөбеМаманай жерiндегi Толыбай қорымына жерленсе, Көшебенiң Жоламан атасынан тарайтын Баянбай Жамбыл ауданына қарасты Петровка селосының оңтүстiкшығыс бетiндегi «Баян» зиратына жерленген (зират өзiнiң атымен аталған).