Жаңалықтар

Бақсары батыр мен Дәулен батыр

Қызылжар өңірінің тумасы Бақсары батыр 1683 жылы туып, 1778 жылы қайтыс болған.
28.07.2014 09:18 5351

Қызылжар өңірінің тумасы Бақсары батыр 1683 жылы туып, 1778 жылы қайтыс болған.

Бақсары батыр Райжанұлының ататегі – Балта батыр. Еділ­Жайық бойындағы қалмақтармен болған соғысқа Орта жүз Қызылжар өңірінен шыққан қолды бастап барған атақты қолбасшы батыр. Кіші жүз елін түрікмен басқыншыларынан қорғауға да қол бастап барған.

Бақсарының атақонысы қазіргі Ресейдің Қорған қаласынан 10 шақырымдай оңтүстік жағында. Қазір де осы арада «Бақсары» атты село бар. Бақсары батырдың денесі осы селоның жанындағы зиратқа жерленген. Ел аузындағы сөздерге қарағанда өзінен тараған ұрпақ жоқ. Кіші жүз елінен асырап алған Үйсін атты баласынан атақты Балуан Шолақ тарағанын өлкетанушылар жазып жүр.

Жанкісі жырау Көшекұлы (1736­1817) «Бақсары батыр» дастанында былай деп жазды:

Балта Керей Бақсары –

Батырлардың асқары.

Әз Тәукенің тұсында

Қалың қолды басқарды.

Қожаберген бабама 

Шәкірт болып үлгі алған.

Жекпе-жек шығып ылғи да,

Өлтіріп жауды жүлде алған.

 

Тәуке ханнан кейін де Бақсары сардар аталды. Қамалын бұзып қалмақтың, Халықтан бата алды.

Дәулен батыр

ХVІ ғасырдың екінші жартысы мен ХVІІ ғасырдың бірінші ширегінде өмір сүрген Дәулен – Қызылжар өңірі мен Батыс Сібір хандығы қазақтарының ордабасы болып, Сібір хандығын орыс елінен қорғау соғысына қатысқан көрнекті тұлға.

«Бұл замандарда Қазақ Ордасы мен Сібір хандығының еншісі толық бөлінбеген, шектестігі өз алдына, әуел бастан­ақ Сібір жұртындағы ең негізгі түрік рулары – Керей, Уақ, Арғын, Қыпшақ, Жалайыр және Табын болған» (Мұхтар Мағауин. Қазақ тарихының әліппесі. – Алматы, 1995. – 154-бет).

Бұл жөнінде Дәстем сал:

 

Қазақтың ордабасысы

Дәулен батыр дер екен.

Керей-уақ көсемі

Дәулен асқан ер екен.

Өз тұсында сол Дәулен

Мұсылманға бел екен.

Жармаққа қарсы соғыста

Ерлігі оның көп екен.

Орта жүз Керей-Уақтар

Жармақпен қатты соғысқан.

Естекке де, татарға

Олар шындап болысқан, – деп жырлаған.

Жабай батыр Қарабиұлы

Жабай Қарабиұлы 1703­1795 Солтүстiк Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Қарағайлы көлi жалағашында туған. Қазақтың әскербасы батырларының бiрi. Ол Орта жүзге жататын Ашамайлы Керей тайпасынан шыққан сардар Жабай батыр, Көшебе Керей ордабасы Қожаберген мен оның iнiсi Дәстем сардардан, Балта Керей Тұрсынбай батырдан үлгi­өнеге алған екен. Ол – қазақ­қалмақ соғысының қаһарманы. Жабай 1715­1758 жылдар аралығында жоңғар­қалмақ басқыншыларынан және Едiл сыртындағы қалмақ шапқыншыларынан, түрiкпен феодалдарынан туған халқын, оның жер­суын қорғау жолындағы азаттық соғысқа белсене қатысып, үлкен ерлiктер көрсетiп, батыр, мыңбасы, сардар деген әскери атақтарға ие болыпты. Қарабиұлының сол ерлiктерi Қожаберген жыраудың «Елiм­ай» жыр­дастанында, Дәстем салдың «Қаһармандар» атты ерлiк қиссасында:

 

Қарабиұлы Ер Жабай

Жиырма алтыда жасы бар.

Қырылған елге жаны ашып

Жауға шапты аянбай.

Дұшпандарды тойтарды

Тіккен туы жығылмай, – деп жырлады. Сонымен қатар Жабайдың ерлiктерiн Бұқар, Тәтiқара, Үмбетей, Жанкiсi (Керей), Жанақ (бiрiншi), Көтеш, Шал, Салғара ақындар да жырлапты. Жабай батырдың кейiнгi ұлдары: Тоқсан би, Сексен батыр, Мыңжасар мергендерден тараған ұрпақтар Солтүстiк Қазақстан облысының Жамбыл ауданында, Қызылжар шаһарында және Ресейге қарасты Түмен облысында тұрады.

«Есімдері ел есінде», құрастырған Абай Тасболатов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға