Жаңалықтар

Бағбан салған ғимарат!

Бiрiншi дүниежүзілік көрме Лондондағы Гайд-паркте, Альберт ханзаданың бастамасымен өткізілген еді.
14.03.2014 12:31 8306

Бiрiншi дүниежүзілік көрме Лондондағы Гайд-паркте, Альберт ханзаданың бастамасымен өткізілген еді. Бұл дүниежүзілік көрменің бастауы болатын. Көрменің ерекшелігі, әрі күллі әлемнің аузына ілігуі Джозеф Пакстонмен байланысты. Ол таза шыны мен болаттан тұрғызылған Хрусталь сарайы еді. Кейіннен бұл сарай өртке оранып, талайды таңдай қақтырған ғимарат күл шоғына көмілді. Хрусталь сарайы 1936 жылы өртеніп кетті. 

Бағбан салған ғимарат!

1851 жыл.

Бұл күнде сол ғимараттың атымен аталатын Лондонның оңтүстігінде «Кристал Пэлас» атты футбол клубы бар. Ол команда ағылшын премьер-лигасында үздік шықпаса да 1990-1991 жылғы маусымда үздік үштіктің қатарына кіргені бар еді.

Хрусталь сарайының көлемі 90 мың шаршы метрді құраған. Ұзындығы 564 метр, ал биіктігі 33 метр. Бір мезетте 14 мың адам сыйып кеткен екен. Бұл ғимаратты салуға мұрындық болған Джозеф Пакстон кәсіби құрылысшы емес, бағбан болған адам. Хрусталь сарайының құрылысын салуға 5 мың адам ат салысқан. Ғимараттың басым бөлігі, нақтырақ 84 мың шаршы метрі шынымен безендірілген әрі қоршалған. Басында бұл жобаны «Панч» журналы мақұл көрмей, босқа шығындалу деген сыңайда сынаса, кейіннен қолдайтынын білдірген екен. Себебі, көрмеге келген жандардың әсем ғимаратты тіпті сөзбен жеткізу мүмкін емес деп мақтаған екен. Бұл ғимарат адамзат қолымен жасалған ең мықты жобалардың біріне баланды. Көрме кезінде әжетханалардың бәрі ақылы болды, себебі ғимаратқа кеткен шығынды қалай да қайтарудың жолы осы еді. Нақтырақ айтсақ, әжетханаға бір рет кіріп шығу құны бір пеннді құрады. Алты ай көлемінде көрмеге 827 280 адам келіп, 160 000 фунт стерлинг пайда түсірді. Ал, құрылысқа кеткен ақшаның көлемі 150 000 фунт стерлингті құраған еді (пайдасын өздеріңіз көріп отырсыздар). Осы ғимаратқа ұқсатып басқа қалаларда да Хрусталь сарайының көшірмесі салына бастады. Мәселен, 1853 жылы Нью-Йоркте, 1854 жылы Мюнхенде, 1865 жылы Портуда салынды..

Бағбан салған ғимарат!

1851 жыл.

1851 жылы қазанда көрмені ұйымдастырушылар Гайд-паркті бұрынғы қалпына келтіру туралы бастаманы қолға алды. Әсем ғимаратқа қызыға қараған жұртшылық Хрусталь сарайын бұзу туралы бастамаларына қарсы болды. Одан кейін бір жыл қалдыра тұру туралы парламент шешім қабылдады. 1852 жылы сәуірде консерваторлар оқыс шешім қабылдап, бұзып алу керек деді. Нәтижесінде араға ұзақ жылдар салып өртеніп тынды. Эйфель мұнарасы осы ғимараттан кейінгі кереметтердің бірі. 

Бұл көрме тек ғимаратымен ғана тарихта қалған жоқ. Әлемдік, жаһандық көлемдегі тақырыптар талқыланып, соны мәселелер қозғалды. Көрмеге қатысушы-елдер қонақтарға өз өнімдерін қойып, тауарлардың сапасын сынға түсіп, салыстыра отырып, ішінен ең үздік, ең кереметін таңдады.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға