Бақ па, сор ма?
Сусуами тілі
Бөбегім, сенің туған далаңның сұлулығын былай қойғанда, жер-су атауларының қандай ғажап екенін білесің бе?! Өзің сүйетін Алматыңның тарихына үңілші. Бұдан екі мың жыл бұрын да Алматының атауы дәл осылай болған... Ал бұл елдің атауын алдынан жүгіріп шыққан қап-қара адамдарға қарап, басқыншылар жергілікті «Папуа» сөзін бүтін халыққа теліген. «Жаңа Гвинея» деген тіркестің де халықтың тарихына түк қатысы жоқ. Бұл жердің әр жотасына дейін отарлаушыларының есімдері берілген. Миллер, Шредер, Виктория, Луизиада, Адельберт... Осылайша тізе беруге болады. Елін-жерін, езгіге түскен рухын азат ету үшін бұл халыққа әлі ұзақ уақыт керек...
Папуа – Жаңа Гвинеяның 6 миллионнан астам халқы бар. Ең қызығы, бұл елде 800 тіл бар. Дүние жүзіндегі тілдердің ең көп шоғыры осы елде. Таңғаларлық құбылыс! Тілдердің осылайша көбеюіне не түрткі болған? Көптілділігі Папуаның бағы ма, соры ма?
Иә, кез келген дамушы тіл басқыншылық, саяси үстемдік, орталықтандырылған басқару жүйесі арқылы өз әлеуетін арттырады. Ал Папуа Жаңа Гвинеяның тайпалары ежелден билікке құмартпай, соғыспай, бір-бірімен іргелес, тату-тәтті ғұмыр кешкен. Ешбір тілдің жазуы, дәстүрлі әдебиеті қалыптаспаған. Тілдердің жойылмай, бүгінге жетуінің бір себебі осы.
Он тоғызыншы ғасыр. Еуропаның басқыншы мемлекеттері дүниені бөліске салған алапат кезең. Папуа жері кен байлығынан кенде емес. Қазіргі күні де алтын өндіруден бұл ел әлем бойынша 11-орында тұр. Сондықтан да бұл жерді кімдер жауламады дейсіз?! Голландықтар, ағылшындар, немістер, француздар. Тіпті, әр провинциясы әр мемлекетке қараған талас-тартысқа толы кездер өтті. Папуа Жаңа Гвинея 1975 жылы тәуелсіздігіне жетті. Әйтсе де, тілі тәуелсіздік алған жоқ. Ағылшын тілі – ресми тіл. Оның қажеттігі артып тұр. Әсіресе, білім саласында. Оған себеп, Папуа – Жаңа Гвинея тәуелсіз мемлекет болғанымен, құрамына бұрынғы Британия колониасы болған мемлекеттер кіретін Ұлттар Достастығы мемлекетаралық қауымдастығына мүше ел. Соған сәйкес, бұл елдің де мемлекет басшысы – Елизавета ІІ...
Папуа – Жаңа Гвинеядағы сөйлеушісі ең көп тіл – 160 мың адамның туған тілі энга тілі болса, сусуами тілін білетін екі отбасы ғана бар. Олар Моровия провинциясының Манки ауылында тұрады. Бұл елдімекенде 1980 жылы сусуами тілінде сөйлейтін 50 адам болған еді, 2000 жылы оның 10-ы ғана қалғаны расталды. Сусуами тілінің соңғы сөйлеушілерінің тағдырын лингвистер жіті бақылап отыр. Қасіреті сол, үйдің жас балғындары туған тілдерін білгенімен, сусуамише сөйлегісі келмейді. Бір сөзбен айтсақ, олар «өздерінен басқа ешкім түсінбейтін, ешкімге керек емес» тілден бас тартып отыр. Туған балаларын туған тілінде сөйлетуге әке-шешесінің де шамасы келмей қалды.
Бүгінгі күні папуа тілдерінің арасында өзара тартыс басталғандай. Сөйлеушісі көп тілдер сөйлеушісі аз тілдерді жұтып жатыр. Сауда тіліне айналған жергілікті тілдер күш алуда. Жас буынның аңсары да сол тілдерге ауды. Сор деп осыны айт!
Бөбегім, папуалықтардың сен есейгенше қанша тілі қалар екен?!