Жаңалықтар

Бұзау батыр

Бұзау батыр туралы
09.09.2014 10:01 8949

Тама тайпасының, жалпы Кіші жүз балаларының оңтүстік өңірге аяқ басуын әркім әрқалай жобалайды. Тарихи деректерде де әр қилы жазады. «Тама» кітабында: «Тама тайпасының Шағыр руының атақты батыры Малғара - Абылай ханның маңдай алды батырларының бірі болған. Ол 1723-1725 жылдары «Ақтабан шұбырынды» кезінде өзінің босқан елін «Телікөл» көлінің маңына әкеліп қоныстандырады. Малғара батыр Абылай ханның үзеңгілес жолдасы болған себепті де, ханнан қалау сұрап, Арқадағы Қызыл Сеңгірден Жетіқоңырға дейінгі өңірді енші етіп алады» деп жазса, жаңаарқалық Кентай Білісұлы қария өз әңгімесінде Есет батыр мен Арап батыр бастаған көштің «Телікөлдің» маңына келіп орныққандығын айтады. Саудакенттік Дүйсенбаев Амангелді Жақсылықұлы әкеміз «Елдің басы 1731 жылдан бастап ауа бастаған. Бірақ, Сырдың бойы, Арал бойы бұрыннан кіші жүз балалары қоныс қылған жай еді» дейді.  

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Жетіқоңырды жайламаққа Бақ батыр да ниет қылады. Бақтың қонысына орнығу мақсатында батыс өңірден Құлшыораз бен Барақ, Бұзау батырлар да келеді. Бұзау батырдың да ерекше құрметке ие болған батыр болғандығы туралы ел ішінде көптеген әңгімелер кездеседі.

Бұзау батыр жөніндегі әңгімені Жайылмалық әңгімеші жан Сәрсенбекұлы Болат ағамыз шертетін.

- Бұл әңгімені Шоламанов Тұрған ағайдан естіген едім, - деп бастады Болат ағам.

Таманың белді руларының бірі Дәулеткелдіден Дербіс, Қосым, Қошан, Назар, Бағалақ, Сағалақ, Байеділ тарайды деп айтылады. Осылардың үлкені Дербіс атадан Кезмерген, Қарамерген аталар туады. Кезмергеннен Жарас, Жарастан Бұзау, Ақшал, Қақсал, Қосбармақ, Төлеген деген аталар туады деп айтылады.

Осылардың ішіндегі Бұзау 1700 жылы дүниеге келіп, 1780 жылы дүниеден өткен көрінеді. Бұзау деген кісі өзі бай, өзі батыр болған кісі екен. Бай болғанда ерен бай болған. Оның мыңнан аса жылқысы болыпты. Жылқысы бір айғырдың, «Үлкенқұла» айғырдың кіндігінен тараған тұқым екен. Бірде Бұзаудың бір үйір жылқысы жоқ болып, жылқышылар іздеп таба алмайды. Болмаған соң Бұзаудың өзі жоқ малды іздеуге шығады. Қартайған «Үлкенқұла» айғырды үйірге тастап, өзі жас, әрі мініске төзімді «Кішіқұла» айғырды мініп шығады. Іздеген жоғы Қаратаудың күнгейінен табылмай, теріскей бетіне өтеді. Теріскей беттегі «Раң Ата» деген үлкен әулие тұтынған, түтін түтеткен әулиелі мекенді жердегі қырқаға шығып, күн салып қарап тұрғанында, жардың астындағы сайдағы суда үйездеп тұрған жылқыны көріп қалады. «Кішіқұла» да өз үйірін танып кісінеп қоя береді. Төмендегі биелер де жауап қайтарып кісінескенде, «Кішіқұла» айғыр шыдамы жетпей жар басынан секіріп кетіпті. Жардың өзі де пышақпен кесіп алғандай тіп-тік болып келеді екен. Төменгі жақ болса-болмаса, құж-құж тастан тұрса керек. Бұзау Аллаға жалбарынып, Ер Мұқам әулиенің атын атап сыйынып, астындағы «Кішіқұла» айғырды атайды. Ауызын жиып үлгергенше, Бұзаудың астындағы айғыры жерге төрт аяғымен тік түсе қалады.  

Жылқыны айдап ауылға келген соң, бірер күннен кейін Бұзау батыр «Кішіқұланы» мініп, «Үлкенқұланы» жетекке алып, Түркістандағы Ер Мұқамға аттанады. Ер Мұқам әулие де Қожа Ахмет Ясауи секілді 63-тен асқаннан соң «Әзіреті Сұлтанның» қылуетіне түсіп, қалған өмірін сонда өткізген екен. Түркістанда тұрғанына қарағанда Ер Мұқам да Ясауи жолын қуған тақуа жандардың бірі болса керек.  

Ер Мұқамға келіп:

- Жаным қысылғанда Сізге сыйынып, мына «Үлкенқұла» айғырды атап едім, - дейді.

- Жарайды, онда, - деп Ер Мұқам әулие «Үлкенқұла» айғырды сойып, елге құдайы бергізеді.

Құдайы тараған соң, Ер Мұқам Бұзауды оңашаға ертіп шығып:

- Сіздің атағаныңыз «Кішіқұла» айғыр еді ғой. Мініске жарамды деп оны алып қалып, «Үлкенқұла» айғырды сойғызып жіберіпсіз, - дейді.  

- Жоқ, атағаным «Үлкенқұла» болатын, - дейді Бұзау батыр өзінің «Кішіқұланы» қимай алып қалғанын мойындағысы келмей.

- Ендеше, шапанымды шешіп қарай қойыңыз, - деп жалаңаш денесіне киіп жүрген желбегей ақ шапанын көтеріп, арқасына батқан, терең түскен төрт тұяқтың ізін көрсетіпті. - Сізге зиян келмесін деп құлап келе жатқан айғырдың тұяғының астына жалаң арқамды тоса қойып едім. Басында қатты ауырып еді. Құдайға шүкір, қазір жазылып қалды. Бірақ, қышығанда шыдатпайды, - деген екен. Бұзау батыр қатты ұялады. Өз қателігін түсініп, Ер Мұқамға басын иіп, астындағы «Кішіқұла» айғырды беріп кеткен екен дейді. Кейін жасы келіп, өз ажалынан өлген Бұзау батырды Абылай хан ерекше құрметтеп Түркістан шаһарындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қасындағы зиратқа жерлеткен деген әңгіме бар, - деп Болат ағам әңгімесін аяқтады. Сүлеймен Тәбірізұлы да осы әңгімені біздің Бөкең ағайдан жазып алып кеткен еді. Ол әңгіме кейін П.Дүйсенбиннің «Үркердей болып көшкен жұрт» жинағы енді. Осы Сүлеймен Тәбірізұлы өзінің «Созақ әңірі» кітабында: «Созақ ауданы жерінде орналасқан «Раң Ата» деген ауылға кешегі кеңес заманында «Қызыл байрақ» атанып, қазір өзінің тарихи атауы қайтарылып берілді. Раң Ата деген мұсылман дінін таратушы Арабтың сахабасы екен» деп түсінік береді.

Сонымен қатар, 1974 жылы археологтар осындағы Шыбықсай деген жерде 15-17 ғасырларда Раң атты қала болғанын зерттеп, дәлелдеген де... 

Бұзау атымен Дәулеткелді руының бір тармағы аталады. Бұзаудан әйгілі Сүгір күйші, Жаппас Қаламбаев сынды қобызшы, күйші-композиторлар шыққан. Дәулескер күйші Ергентай Борсабайұлы, осы кісінің баласы белгілі кәсіпкер Сыздық Борсабаев (Қарабура кесенесі басындағы бураның мүсінін жасатқан осы кісі), белгілі шаруашылық қайраткері Колхоз Сағындықов, Тоқабай Ерімбетұлы, «Музарт» тобының әншісі Кенжебек секілді жандар бар. Бұзау батыр жөнінде де бар білеріміз осымен тәмам. Ал, енді Бұзау батыр бұл өңірге қай уақытта келген дегенге келсек, Бұзау батыр - Бақ, Барақ батырлардың ізін ала келеді деп айтылады. Кім білсін, тарихын шерткен біздің ел осылай деп айтады. Бұдан біреулер қате пікір түйіп, «Тамалар біздің оңтүстікті өзіне иемденіп кетпек пе» деген жалған намысқа бүйірлерін қыздыруы мүкін ғой. Ол заманда да рулардың, жүздердің қалауымен жердің қайта бөліске түспейтіндігі әрбір көзі ашық, көкірегі ояу жанға түсінікті болғандықтан, ел арасындағы тарихи әңгімелерді ғана тірілтіп отырған жайымыз бар. «Қазақ қай бір сүтті қызын берсін» демекші, егерде сол жерден айырылмай жергілікті рулар, тайпалар мен ұлыстар орнығып, қасарысып отырған болса, ондай жер үлестіру жағдайы орын алмас та еді. Елі босып, құдығы ашып кеткен, үрейге толы енсіз даланы жайлап отыру ол заманның көзқарасымен қарасаң оңай болмағанға ұқсайды. Бос жатқан жерге, оның үстіне кешегі Қарабура бабалары мекен еткен, жамбасы жерге тиген әулиелі жерді Тамалардың өз атақонысы емес деп кім айтсын?! Қаратаудың теріскейі Тама елі үшін бұрыннан да өгей жерге саналмаған еді ғой. Еншісі бөлінбеген қазақпыз. Жер – құдайдіке. Ендеше, ол жерді елдің егесі - қай елдің адамы отырады, қай батыр елге пана болады, қай шешен елге тұтқа болды - соның, шаруаның ыңғайына қарай қайта бөліп, ішкі көші-қонды реттеп отыруы да заңдылық болып табылады. Сондықтан, Әбілмәмбеттің де, Әбілқайыр, Абылайдың да Кіші жүз балаларына бүйрегі бұрғандықтан емес, осылай ету арқылы олардың еңбегін мойындау, оның үстіне қазақты бір-біріне бауырластырып, жақындата түсу үшін жасалған қадам деп түсінген абзал.

Нұрлан Рахымжанов 

Жетіқоңыр: Жиделі және Жайылма

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға