Жаңалықтар

Бәйтерек – үш әлем ағашы

қазақ мифологиясында бәйтерек космос ағашы ретінде рәмізделеді. Бәйтеректің шағын модель-үлгілері бақан, адалбақан, таяқ, асатаяқ, қамшы ғұрыптық жосындарды атқаратын киелі құрал қызметін атқарады.
20.08.2014 06:51 19204

Қазақ мифологиясында бәйтерек космос ағашы  ретінде рәмізделеді. Бәйтеректің шағын модель-үлгілері бақан, адалбақан, таяқ, асатаяқ, қамшы ғұрыптық жосындарды атқаратын киелі құрал қызметін атқарады. Бәйтерек – үш әлемді байланыстырушы дәнекер ретінде әспеттелінеді. Қазақ арасында кең тараған адамның жаны киелі теректе сақталады деген ұғым бәлкім осы жайтқа байланысты қалыптасқан сияқты.

Бәйтерек – үш әлем ағашы 

Ол туралы мынадай миф бар:

«Рух адамның тәнін өлерден қырық күн бұрын тастайды. Сөйтіп, құсқа (көгершінге) айналып, ұшып барып бәйтеректің жапырағында өз адамының есімі жазылған бұтаға қонады. Мұнда адамның аты жазылған қисапсыз жапырақтар көктеп-солып, алма-кезек ауысып тұрады. Жан адам өлгенде шыбын бейнесінде денеден шығып, үй ішінде ұшып жүреді. Тек қырық күннен кейін барып, үйді біржолата тастайды. Бәйтеректің діңгегі арқылы әлгі жан жерге түсіп, не жерге шығып жүреді де, мезгілі болғанда әйелдің құрсағына қонады, сөйтіп, жаңа өмір пайда болады. Жануарлар да, өсімдіктер де дәл осылай өмірге қайта келеді» (толығырақ қ. Бәйтерек).

Жапырағына жан орналасқан осынау киелі терек туралы миф түркі халықтарына кең таралған. Қазақта басқаша бір нұсқасы тағы бар. Онда «Жер мен көктің кіндігінде жападан жалғыз өскен киелі бәйтерек бар. Бұл теректің басы аспанмен, түп тамыры жер астымен жалғасқан. Ол көзге көрінбейтін киелі ағаш. Бұл бәйтеректе жайқалып өскен әрбір жапырақ жер жүзінде жасаған әрбір адамның өмір тіршілігінің нышаны, жер жүзінде тіршілік етіп отырған әрбір адам киелі теректің жапырағы жарылғанда өмірге келеді, жапырағы жайқалып өскенде өсіп, үлкейіп, кемеліне келеді, жапырағы мезгілсіз сарғайса, қайғы-қасіретке тап болады, жапырағы солса, қартаяды, жапырағы үзіліп, жерге түссе, қазаға ұшырайды» дейді. Бұл сюжеттерде әлем ағашы, яғни ғаламның вегетативті моделі көрініс тапқан.

Қазақ халқы өзінің өмір-салтын, тұрмыс-тіршілігін, кейбір әрекетін ағашқа теліп, ағаштарды адам бейнесіне енгізіп, сан түрлі аңыз-әңгіме шығарған. Мәселен, мынадай бір мифке жесір дауы өзек болғанға ұқсайды: «Бір- екі үйлі жан бір-біріне жақын тұрыпты. Бірі Сексеуіл, оның ұлы Баялыш, енді бірі Қарағай, оның қызы Арша болыпты. Алғаш солар көрші болып, жақсы тұрыпты. Баялыш Аршаға қалың беруге ойланғанша, Арша Баялышты бек сүймепті, түсі қара болған соң һәм разылық бермепті. Сонда әкелері ұрысып, Тобылғы келіп татуластырса да болмапты. Сол уақытта Сексеуіл мен Бая- лыш тұрудың қиын болғанын көріп, Тобылғыға қосылып оңтүстікке кетуді ойлапты. Солар кеткен соң Қарағай тәкаппарланып, басын жоғары көтеріп, мейлінше созылыпты. Сексеуіл қайғыдан бүкірейіп кетіп, тобылғы, сексеуіл мен қарағайды татуластыра алмағанына ұялып, қызарып кетіпті. Сонан соң бірталайға шейін Қарағайдың қызынан хабар болмапты. Сондықтан да болар Арша тасқа ғашық болып, шешесінен қашып барып, осы күнге шейін таспенен бірге тұрады».

 

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға