Жаңалықтар

Б.Сағынтаев: «Кадрлық шешім халық берген бағаға байланысты қабылданады»

Б.Сағынтаев: «Кадрлық шешім халық берген бағаға байланысты қабылданады»
27.09.2019 13:08 2150

Қоғамдық келісім кеңестері қайырымдылық, меценаттық, медиациялық қызмет секілді жүгі ауыр міндеттерді атқару арқылы халықпен мемлекет арасындағы алтын көпірге айналды. Бұл туралы бүгін Алматы қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының "Қоғамдық келісім кеңесінің қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартудағы рөлі" республикалық форумының кеңейтілген отырысында сөз сөйлеген Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаев өз баяндамасында айтып өтті.  Форумға сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ж.Түймебаев, ҚР Парламенті депутаттары, Ассамблея Кеңесінің, Қоғамдық келісім кеңестерінің, ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелері, мемлекеттік органдар мен этно-мәдени бірлестіктер өкілдері қатысты.

Форумның күн тәртібіне байланысты сөз алған Алматы қаласының әкімі, қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Бақытжан Сағынтаев форумның оңтүстік астанада өтуі - оның тек білім, ғылыми, мәдени, қаржылық, индустриалды-инновациялық, көлік, туристік орталығы ғана емес, сондай-ақ достық, келісім мен интернационализм аймағы ретінде танылуы үшін маңызды шара болды деді.

Алматы қаласында бүгінде 100-ден астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Мұнда 19 республикалық, 37 қалалық этномәдени бірлестіктер бар. Сондай-ақ, мәдениет мен руханияттың ордасы болған оңтүстік астанада 10 этникалық бұқаралық ақпарат құралдары ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізіп отыр. Олардың ішінде, әсіресе «Ахыска» халықаралық түрік газетін, «Коре Ильбо» республикалық газетін, сондай-ақ, «Уйгур Авази», «Азия сегодня», «Казачий курьер», «Жийна Курд», «Силк роуд тудей», «Deutsche Allgemeine Zeitung», «Алматинский курьер «Полоний» мерзімді баспасөз басылымдары мен «Тәңритағ» ұйғыр телеарнасын атап өтуге болады. Сондай-ақ, 3 ұлттық театр, 27 шығармашылық ұжым қаланың мәдениет саласының дамуына атсалысуда.

«Шын мәнінде, Ассамблея бүгінде қоғамдық жаңғыртудың ықпалды құралына және диалог алаңына айналды. Ассамблея құрылымында Қоғамдық келісім кеңестері маңызды буынға айналды. Олар қоғамдық бақылау қызметін атқарып қана қоймай, халықты толғандыратын мәселелерді билік назарына көлдеңен тартып, қоғамдық маңызды шараларды ұйымдастырып, әсіресе, қайырымдылық, меценаттық, медиация секілді жүгі ауыр істерді өз міндетіне алып отыр», - деген Бақытжан Әбдірұлы, бұл жұмыстардың үкіметтік емес ұйымыдармен, жастар ұйымдарымен, діни конфессиялардың сондай-ақ, ақпарат құралдары мен мемлекеттік мекемелермен бірлестікте жүзеге асырылып отырғандығын тілге тиек етті.

Сондай-ақ, өңір басшысы Президент Жолдауында басымдық берілген мәселелерді жүзеге асыруда денсаулық сақтау, білім беру, қауіпсіздік және әлеуметтік қолдау жөнінде нақты жоспарлар жасалғанын, соның негізінде бүгінде барлық деңгейдегі әкімдер мен мемлекеттік мекеме басшыларының әлеуметтік желілерде жеке аккаунттары ашылып, тұрғындармен тұрақты тіке байланыс жолға қойылғанын айтты.

«Бірінші басшылар әрбір қараусыз қалдырылған шағым үшін жеке жауапкершілікте болады. Кадрлық шешімдер бірінші кезекте, оларға халық тарапынан берілген баға негізінде қабылданады», - деді халықпен түсіністікте жұмыс жасаудың мемлекет үшін маңыздылығын түсіндірген Бақытжан Сағынтаев.


Бөлісу:

Нұргүл Қалиева 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша none;text-underline:none">ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға