Бұрындық (Мұрындық) хан
Әкесінің досы әрі туысы Әз Жәнібек қайтыс болған соң бес жылдай бос тұрған хан тағына Керей мен Әз Жәнібектің балаларының ішінде жас жағынан ең үлкені Бұрындық отырды. Оның таққа келу жолы да күрделі. Ол Жәнібек ханның билігі тұсында Қазақ хандығының қалың әскерін бастап, алғаш Әбілқайырдың ұлы Шейх Хайдарға, онан соң Әбілқайырдың басқа баласы Шах Будақтың ұлы Мұхаммед Шайбаниге қарсы күресте ерекше ержүректігімен көзге түсті.
Әбілқайыр өлген соң Өзбек ұлысының тұтқасын ұстап тұрған Шейх Хайдар маңғыттарды өзінің ықпалынан шығармау үшін олардың билеушісі Мұса мырзаны ханнан кейінгі жоғарғы лауазым болып есептелетін беклербек дәрежесіне көтеріп қойған еді. Алайда Қазақ хандығының күшеюі оның жауларының оған қарсы ашық күреске шығуын тездете түсті. Енді оған қарсы Сібірдегі Төмен жұртының билеушісі Ибақ, Қазақ ханы Әз Жәнібек және маңғыт билері Аббас пен Мұса билер бірігіп қарсы шықты. Осы соғыста Бұрындық Әз-Жәнібектің тапсырмасымен Қазақ хандығының әскерін басқарды. Жанжал Сібір билеушісі Ибақтың Шейх Хайдарды өлтіруімен аяқталды.
Енді Қыпшақ даласындағы хандық билік қазақ сұлтандары қолына көшті. Бұған төзе алмаған Әбілқайырдың немересі Мұхаммед Шайбани енді Хайдар ағасының кегін қайтару Өзбек ұлысының тоз-тозы шыққан әскерлерінің қалдығымен бас бағып, аңдып жүріп бірнеше күннен кейін Ибақ бидің ұлын өлтіріп тынды. Енді ол қазақтардан кек алуға көшті. Осы мақсатпен көмек іздеп Әмір Темірдің мұрагерлерін жағалаған ол, солардың қолдауымен Сыр бойындағы бірнеше қамалдарды қазақтардан тартып алды. Енді ол ноғай(маңғыт) мырзаларын жағалады. Алғаш Мұса биді өзіне қарату үшін оларға қарсы жорықтар жасады. Онан соң онымен құда-жегжаттық қатынастар орнату үшін оның қызына ғашықтық мұңын шағып жасырын хаттар жолдаумен болды. Ақыры ол дегеніне жетті. Өзіне күйеу болған оған қарсы тұра алмаған маңғыттардың билеушісі Мұса мырза жапан даланың түкпір-түкпірінен ноғай мырзаларын жинап, Мұхаммед Шайбаниді ақ киізге отырғызып, хан көтеріп, таққа отырғызбақ болды. Бұл 1472 жыл еді.
Осыны естіген Бұрындық қасына Әз-Жәнібектің ұлдары Қасым, Әдік бастаған сұлтандарды ертіп, 50 000 әскермен кең даланы дүбірлетіп маңғыттардың мекеніне жетіп келді. Қырғын соғыс итжығыспен аяқталды. Алайда Бұрындықтың осындай жаужүректігі маңғыттарды Махмұд Шайбаниден іргелерін аулақ салуға итермеледі. Өзі жеңіске жете алмаса да, Маңғыттардың Махмұд Шайбаниді хан сайлауына мүмкіндік бермеген Бұрындық, енді Сыр бойындағы Мұхаммед Шайбаниге бағынатын қалаларды қайта басып алуға кірісті. Мұның бәрі Бұрындықтың жауынгерлік тұлғасын айшықтай түсті. Алайда осындай жаугершілік өршіп тұрған заманда Бұрындықтың жеке басы ұрыстарда батыр ретінде тұлғаланса да, саясаткер ретінде оның ынжықтығы, жауапты шешім қабылдауға келгенде бостығы мен жалтақтығы уәзірлер кеңесі мен рубасыларды қанағаттандыра қойған жоқ. Ал атақты Әз Жәнібектің ұлдары болса, мұндай жауапты тақты иемденуге әлі балаң да, тәжірибесіз еді. Яғни Бұрындық Елбасына қысылтаң жағдай төнгенде амалсыздан таққа отырғызылған қаһарман жауынгер, бірақ өкінішке орай, жігерсіз тұлға еді. Сондықтан да оны басқалар тәрізді Әз Жәнібектің ұлдары да тыңдай қойған жоқ.
Мемлекетті қорғауда әркім өз білгенінше әрекет жасайтын заман туды. Дегенмен де, әкенің өсиетіне мойынсұнған Әз Жәнібектің ұлдары, оның ішінде шын мәнінде Бұрындық ханның барлық атты әскерлерінің қолбасшысы болып табылатын Қасым да айтарлықтай ұзақ уақыт Бұрындыққа қарсы шыға қоймады және таққа да таласқан жоқ. Мұның өзі Қазақ хандығының ішкі бірлігін нығайтып, Бұрындық ханның ата жаулары Өзбек ұлысына қарсы жорықтарын үдете түсуіне толық мүмкіндіктер берді. Әбілқайыр және оның ұлы Шейх Хайдар хан өлген соң көшпелі өзбектер мекендейтін далада рубасылары мен бахадұрлардың рөлі күшейіп, олар үш этнотайпалық қауымдастыққа – қазақтарға, өзбектерге және маңғыттарға (ноғайларға) жіктеліп, билікке таласып, өзара жауласа түсті. Осындайда алғаш Әз Жәнібектің, онан соң Бұрындық ханның тұсында қазақ сұлтандары Өзбек ұлысындағы билікті Шайбаниліктерден тартып алды. Бас сауғалаған Шайбаниліктер өздері қашып барған маңғыттардың Астрахань хандығынан да қолдау таба алмай, біраз уақыт Сауран және Сығанақ маңындағы аймақтарда шағын топтарға бөлініп, ел тонап күн көрді. Осындайда ел тыныштығын ойлаған Бұрындық хан өзінің ата жаулары шайбанилік сұлтандармен туыстық қатынас орнату арқылы оларды бейбітшілікке шақырмақ болды. Ол осылайша, 90-жылдар ішінде қатарынан өзінің үш бірдей аяулы қыздарын шайбанилік сұлтандарға тұрмысқа ұзатты. Олардың бірі Мұхаммед Шайбанидің өзіне әйелдікке берілсе, екіншісі – оның інісіне, ал үшіншісі – Мұхаммед Шайбанидің баласы Темір сұлтанға тұрмысқа берілді. Осыдан соң қазақтармен жауласуды уақытша тоқтатқан Әбілқайырдың немересі Мұхаммед Шайбани өзінің соңынан ілескен аз ғана топпен 1500 жылы алғаш Бұқараны, онан соң Самарқандты басып алып, Әмір Темірдің мұрагерлерінен билікті тартып алды. Бұл жорық 1507 жылы Хорасан, Герат тәрізді басқа қалаларды бағындырумен аяқталды. Ал мұның өзі Шығыс Дешті-Қыпшақтағы шайбанилік өзбектердің осында жаппай қоныс аударуларын туғызды және Темір мемлекеті енді Шайбанилік Өзбектер мемлекетіне айнала бастады. Осындайда Мұхаммед Шайбанидің қазақтарды Түркістан аймағына кіргізбеуді ойластырған әрекеті Бұрындық хан бастаған қазақ сұлтандарының жауап жорықтарына негіз болды. Мұндайда құда-жегжаттық қатынастар жайына қалды. Ал мұның өзі өз кезегінде Мұхаммед Шайбаниді Қазақ хандығына қарсы 1503-1504 жылдардан бастап төрт рет жорық ұйымдастыруға мәжбүрледі. Мұхаммед Шайбани өзінің жорықтарын негізінен қазақ сұлтандары ұлыстарының орталықтарына бағыттады. Әсіресе, оның үшінші жорығы қазақтарды қатты күйзелтті. Соғыстан Әз Жәнібектің балалары Жаныш және Таныш сұлтандардың иеліктері азап шексе, ал Бұрындықтың ұлдарының ұлыстары дін аман қалды. Мұның өзі Бұрындық ханды бедел, абыройдан жұрдай етті. Елді ортақ жауға, яғни өзінің күйеу баласына және жегжаттарына қарсы белсенді күреске ұйымдастыра алмаған оны халық мүлде естен шығарып, енді соғыстарда қолбасылық ерекше дарынымен және жаужүректігімен көзге түсіп жүрген Әз Жәнібектің ұлы Қасым сұлтанның төңірегіне топтаса бастады.
Алайда елді дүрліктірген Мұхаммед Шайбанидің ылаңы да ұзаққа созыла қойған жоқ. Оның 1510 жылдың басында Ұлытау маңындағы Қасым сұлтанға қарсы соңғы, төртінші жорығы сәтсіздікпен аяқталды. Осындай ахуалдар ел арасында Қасымның беделін арттыра түссе, ал Бұрындық ханның билігін құрдымға жіберді. Ақырында ешкімге керексіз болып қалған ол, өзіне ілесіп Мәуереннахрға қоныс аударған өзінің төрт ұлы – Шайқымнан, Санжар-Жақаннан, Жақан-Бақтыдан, Кімсіңнен де қолдау таба алмай, көп қыздарының ішінен Самарқанда тұратын кенжесі Михр Сұлтан Ханымның қолына көшіп барды. Аса бай, қолында вакфтік құжаты бар бұл қызы оны өмірінің соңына дейін бағып-қақты. Елден қол үзіп елеусіз қалған ол, қайтыс болған соң көп мұсылманның бірі болып, ешбір қошеметсіз, Үргеніш маңындағы қабірге жерленді. Әрине, Бұрындықтың мұндай қасіретті тағдыры кейінгі қазақ хандарына үлкен сабақ болды. Кейінгі тарихта хан тағы босаған сәтте алғашқы қазақ ханының ұлы Бұрындықтың ұрпақтарын таққа отырғызу туралы мәселе ешқашанда қайта көтерілген емес. Енді хандық билік Әз Жәнібек ұрпақтары қолына берік тұрақтады. Өз кезегінде олар мүмкіндіктерінше, қазақ мемлекеттігін нығайтуға үлкенді-кішілі қызметтер жасады.
Талас Омарбеков,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы
Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттерді зерттеу орталығының директоры,
ҚР ҰҒА Құрметті академигі