БӨРІ-НАМА
Атам Балқыбектiң
рухына арнаймын
Қасқыр құдай болған кез
Тiлiм бертiнге дейiн, жасым төрт-беске келгенше шықпай жүрiптi. Секпiл бет немересiне пейiлi ынты-шынтысымен құлаған қасиетiңнен айналайын сары атам сонда ырымдап итаяқтан су iшкiзген көрiнедi. Балалық шақтың осы бiр әсерлi сәтi кейiн өлеңге айналған:
Жұтаңдаумын, демен бiрақ жарлымын,
Баба ырымы, әлегi емес жарғының.
Қызыл тiлдi сөзге иiлту үшiн де,
Итаяқтан суды да iшкен бар күнiм.
Итаяқтан суды да iшкем, сөкпегiн,
Айыптарға өзге күнәм көп менiң.
Ырзығымды табам қазiр еңбекпен,
Тiлдi бiрақ иемдендiм теп-тегiн.
Итаяқтан суды да iшкен бар шағым,
Кез емес-тi ол көңiл күптi, арса мұң.
Сен шаршадың сәндi қуып, мен байғұс,
Баба-ырымға баға таппай шаршадым.
Итаяқтан суды да iшкем, Бабаның
ырымына мiнезi жат қаланың
көшесiнде көп – көрiктi қызбен де,
Қызып кетсем ырылдасып қаламын.
Осы болды-ау замананың өлеңi,
Көп болған соң көр сезiмi, көбеңi.
Исi тiлге илiкпеген жандарға,
Итаяқпен тамақ бергiм келедi,
Құдай сақтасын.
Жырлауға өзге тақырып таппағандай, ақынның балалық шағында итаяқтан су iшкендiгiн өлең қылып жатуы бүгiнгi күн ойсарасымен қарағанда күлкiлi көрiнуi мүмкiн, бiрақ жан-дүниесi, жүрiс-тұрысы ырым мен нанымнан тұратын бағзы көшпелi үшiн бұл ешқандай да бүйректен сирақ шығарар оғаш қылық емес-тi. Маған, бүгiнгi қалалыққа, тiл қадiрi, сөз киесiне жарық дүниеде дәл көшпелi түркiлердей жауапкершiлiкпен қараған халық арғы-бергi тарихта болмағандай сезiледi.
Жауымен бетпе-бет шайқаста р-ға, қаһарлы ырылға тiлi келген жан, санасы ояу болса, оңаша отырып сөз қадiрiн де, таным бастауында жатқан таңба төркiнiн де зерделеп түсiне алмақ. ХХ ғасырдың екiншi жартысында сүйiктi немересiне ырымдап итаяқтан су iшкiзген сары шал осыдан үш жарым мың жылдай уақыт бұрын пайда болған көшпелiлер дүниетанымының жазылмаған, қағаз бетiне түспеген қағидасы бойынша әрекет жасап жатқандығын түйсiндi ме екен? Қайдам. Бiрақ шал әрекетiнiң астарында кiм-көрiнгенге сырын алдыра бермейтiн құпия далалық даналықтың ұшқыны жатқандығына ешкiм де күмәндана алмайды. Бiздiң мiндет, мiне, осы, ұрпақтар санасында сәулесiнiң өзi емес, көлеңкесi ғана анда-санда елес берiп өтетiндей дәрежеге дейiн құлдыраған сол бағзы да жаңа тектi далалық даналықтың қайсыбiр тұстарын қайта қалпына келтiруге әрекет жасауға талпынып көру болмақ.
Алғашқы әңгiмемiздi қазақта киелi жетi қазынаның қатарына жататын, жоғарыда өзiмiз өлеңге кейiпкер еткен ит мақұлығымен тамыры бiр табиғаттың төл перзентi бөрiден, дәлiрек айтқанда, бүкiл түркiге ортақ қасқыр мифi мен тотемiнен бастасақ деп отырмыз.