Жаңалықтар

БҚО ӘКІМІ АҚСАҚАЛДАРМЕН КЕЗДЕСТІ

БҚО ӘКІМІ АҚСАҚАЛДАРМЕН КЕЗДЕСТІ
05.03.2019 04:06 1836

Орал қаласының Достық үйінде Батыс-Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов өңірдің ардақты ақсақалдарымен кездесті.

Облыс ардагерлерін мерекемен құттықтаған өңір басшысы Алғыс айту күні тағдыр тәлкегімен Қазақстанға қоныс аударған түрлі ұлт өкілдерінің қазақ еліне ризалышығын білдіру арқылы өзара түсіністігіміз бен сыйластығымызды барша жұртқа жария ететін күн екендігін атап өтті.

«Ассамблея күні Елбасының ұсынысымен Алғыс айту күні деп жарияланды. Себебі ол біздің ортақ тарихымызға деген үлкен құрмет көрсету. Қанша этностар тұрса да бұл жерде барлығы бір отбасының азаматтарындай еңбек етіп келеді. Бұл біздің ең басты құндылығымыз. Оны сақтап, асыл қасиеттерімізді қастерлеп, дәріптей білуіміз керек. Бүгін де бір шаңырақтың астында елдің дамуына баршамыз аянбай қызмет етудеміз. Сондықтан да осы мереке баршаңызға құтты болсын», – деді А. Көлгінов.

Сондай-ақ, басқосуда сөз алған облыстық ақсақалдар кеңесінің мүшелері, ауданнан келген ақсақалдар шынайы ықылас-тілектерін айтып, сан ұлттың басын қосып, алға бастап келе жатқан Елбасы саясатын қолдайтындықтарын жеткізді.

«Бір-біріне алғыс айтуды ұмытпай, тұтастығын бағалай білген ұлттың ұлылығы шексіз. Барлық ұлт пен ұлысқа даладай кең құшағын жайған қазақ халқына алғысымыз зор. Қазақ - ол кешегі жаудың бетін қайтарған Әбілқайыр хан, тек қазақ емес, күллі әлем мойындаған Шоқан Уалиханов, даналығы кеше мен бүгінге бағыт көрсеткен хәкім Абай, рейхстагтың төріне жеңіс туын тіккен арыстан жүрек Рахымжан.

Қазақ халқы - ол кең пейілдің, ақ жүректің иегері. Елімізді мекендеген барлық ұлт пен ұлыстардың қиын сәттерде біздің ата-бабаларымызға көмек қолын созған қазақ атты ұлы халыққа ризашылығы шексіз», - деді Ассамблея жанындағы ақсақалдар кеңесінің мүшесі Александр Ялфимов.

​Кездесу соңында облыстық Ассамблея жұмысына, елдің тұтастығы мен татулығына өздерінің елеулі үлесін қосқан бір топ ардагер алғыс хаттармен марапатталды. 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР: 

БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ АЛҒЫС АЙТУ КҮНІ

БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНДА ДОСТЫҚ ҮЙІ АШЫЛДЫ

БАТЫС ӨҢІРІНІҢ СЫЙЛЫ АЗАМАТЫ РАХМЕТОЛЛА СҮЙЕРБАЕВ – 80 ЖАСТА

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға