БҚО-да бір күнде жол апатынан үш адам ауруханаға түсті
Батыс Қазақстан облысында бір күнде екі жол апатынан үш адам ауруханаға түсті, деп хабарлайды El.kz.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, бірінші оқиға 22 тамыз күні Бөрлі ауданы аумағында болды.
Шамамен сағат 12.30-да Подстепный-Елек жолының 63-шақырымында 1995 жылғы жүргізуші «БМВ» автокөлігімен Оралға қарай келе жатып, 1994 жылғы тұрғын айдаған «Лада Ларгусты» басып озу кезінде рульге ие бола алмай, түйіскен. Салдарынан «Лада Ларгус» автокөлігінде болған екі жолаушы Бөрлі аудандық орталық ауруханасына жеткізілді.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 345-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Тағы бір оқиға кеше сағат 13.30-да Орал қаласында болды. 1953 жылғы жүргізуші «ГАЗ-3221131» автокөлігімен Әбілқайыр хан даңғылы бойында реттелмейтін жаяу жүргінші жолы маңынан өтіп бара жатқан 44 жастағы әйелді қағып кетті. Қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілген әйел дәрігерлер қарағаннан кейін жансақтау бөліміне жатқызылды.