Жаңалықтар

Бəндəр Шаһ

Бəндəр Шаһ
27.08.2014 03:35 5476

Сол күні таң арайы, самал лебімен қатарласа алыстаған сайын күн сəулесі, жылы лебімен жер бетін нұрға бөлей бастады. Анам сол күйінде ұзаққа қарап, бір нүктеге қадалып қалғандай, күн нұры əбден ыси бастаса да тырп етпей тұрды. Сəске уақыты да күн қызуымен бой көрсетті. Анам ара-тұра терең дем алып, өксігін сыртқа шығармай тұрғанын да кеш түсіндім, анамның сарғайған сабыры алыстан қарасы көріне бастаған əкемді ат үстінде көргенде байыз тапты, маған да көңіл бөлместен күркеге бет бұрып, шəй-суын даярлауға кірісті. Əкем келіп, атын бағанаға байлап, анам жайын келтірген күркенің бір бұрышына сылқ етіп, құлап түсті. Үшеуіміз де үнсізбіз. Əкем қалың ұйқыға кетті. Анам дайындаған ошаққа от салмай, жанында үйіп қойған тамызықтарды тағы бір рет пысықтап алды да қолына қаңылтыр қауашағын алып, күнделікті баратын ауыл шетіндегі əкеме дос болған бір түрікмен үйінен сүтін əкелуге жүріп кетті. Бірде-бір күн мені жанынан қалдырмайтын бұрынғы дəстүрін бұзып жалғыз өзі кете берді. Əкемнің түрікмен досы да жалғыз сиырымен шаруасы оңып тұрғаны шамалы. Кейінгі жылдары біз Горганға қоныстанғанда түрікмен достарымыз бірнеше күн бойы көк базарына сау- да жасауға, кейде дəрігерге көрінуге қалаға келгенде біздің үйдің құт қонағы болып, емін-еркін шаруасын тындырған соң ауылдарына оралатын. Сол күні намаздігер мезгілі жақындай бергенде, шай-суының жайын қамданып қойған анам – «күн батуға беттеп барады, ақырын тұра берсе болар еді-ау! Күн батарға қарай ұйықтауға болмайтынын біледі ғой өзі» деп маған əдейі естіртіп айтып жатқандай болды. Əкем ұйқыға тиым салынған мезгілді сезді ме білмеймін, орнынан бір аунап, сергек қимылмен сыртқа шығып, дəрет алуға кірісіп кетті. Ұзақ уақытқа намаз оқыды. Оның мəнін кеш болса да қаза намаз оқығанынан білдік. Намазынан кейін анамның дайындаған шəй дастарқанына жайғасты. Бір-екі кесе шайдан кейін “иттің баласы қорықты ма? Əлде басқа бір қулықты ойлады ма? Білмеймін, əйтеуір, уəделескен орынға келмей қалды”. Бұл оқиғадан соң ешкім біздің мазамызды ала қойған жоқ. Есесіне əкемнің түркімен доста- ры көбейе түсті. Біздің күркеміз ағайындардың да, түркімен достарының да бас соғатын шаңырағына айналды. Бəрі біздің үйді үлкен шаңырақ санайтын болды. Осылайша күндер жылжып, үміт шамы жарқын болашаққа жетелеп отырды. Əкем өзінің сырласып жүрген замандас-тарымен бірігіп, төңіректе қаптап өсіп, жайқалып тұрған қамыс пен қияқтан бұрынғы күркенің тау беткейіне кəдімгідей кең сарайдай мəжіліс залын тұрғызды. Ол келімді-кетімді жұртшылықтың бас қо-су, дастарқан жайып, аяқтарын созып, жастанып шайсуын ішіп, əңгіме құрып, дем алып кететін залына айналды. Кейде əкем үш-төрт адаммен оңаша шығып, əңгімелесетін кездеріне куə болатынбыз. Сосын олар бірге үйден шығып кететін. Бара-бара əкем достары-мен сыртқа кеткенде бір-екі күннен кейін оралатыны əдетке айналғаны сонша, біз сұрамай-ақ, алдын-ала əкемнің жауабын іштей біліп отыратынбыз. Бірақ, əкемнің достарымен үйден шығып кет-кен күндері не істеп, не қоятыны мен үшін ер жетіп өмірге түсінігім молайғанша, бимəлім дүние болып жалғаса берді. Кейінгі жалынды жастық шағымызда елдің өткені, бүгіні жəне ертеңгі тағдыры ұдайы əңгімеміздің өзегіне айналған жылдары көп жайтқа көзіміз жетті. Иранның солтүстік темір жол құрылысының соңғы аялдамасы Бəндəр Шаһ (қазіргі Бəндəр Түрікмен) қаласы мен төңірегінде түрікмендер мен бірге əзірбайжандықтар да тұратын. Олар да, түрікмендер де жайына жүрмей қазақтарға жиі тиіседі екен. Оған көнетін қазақтар да жоқ. Біздің əкей есе жіберіп алған қазақтардың өшін алу үшін қазақтар мен өзгелердің қарым-қатынасын үздіксіз бақылауда ұстап жүретін, керек кезде құтқарушы əскердей төбелеске дейін баратын. Сондай ұрыс-тартыстың бірінде əкем бірнеше майдандас достарымен сақшылар тара- пынан ұсталып, бірнеше күнге қамауға алынған. Əкем сондай барлау жұмысына достарымен үйден шығып, көп күнге кетіп қалғанда анам күнделік тіршіліктің ауыртпалығын маған сездірместен мойынына алып, өмір кешетін. Анамның түрінде батпандаған тауқымет іздері сайрап жатса да көздерімен нұр шашып тұратын, жылы алақаны маңдайымнан бүкіл болмысыма мейір шапағатын төгіп, жаныма рахат сыйлайтын. Əкем үйден шығып, кідіріс жасаған күндері анам намазын аяқтағаннан кейін жайнамазда ұзаққа отыратын, мен де кейде анамды қатты сағынғандай сол қалпын бұзбай басымды алдына қойып, тəтті ұйқыға кетіп ананың мейір жаннатына саяхат жасап келгендей күй кешетінім əлі есімде. Əкемнің жергілікті елбезер, бұзақылармен болған төбелесінің бірі былай болған: “көптеген қазақтар темір жол құрылысында істейтіні бар. Жұмыс ауыр, əбден шаршап, қажыған жандар жаздың ыстық күндері түскі үзіліс кезінде сая тауып, дем алып, қатты ұйқыға кеткенде төңірегін басынып үйренген біреулер мақта немесе жүнді əбден иіріп, ширатып жіп жасап, ұйқыдағылардың башпайларына орап, бір шетіне от қойып жіберетін, оның жалыны саусақтарға жеткенде дүниеден бейхабар ұйқыдағылар шошып оянғанын көрген сотқарлар ішектері түйілгенше күледі екен. Бұл жайтты естіген əкем жігіттерін жинап, бір-екі күн аңдып жүріп, бибастақтарды анықтап, оларды мес қылып сабап, тəубесіне келтіріпті», – деп əңгімелеп отыратын біздерге.

Ислам Жеменей "Иран және иран қазақтары"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға