Жаңалықтар

«Бұл қалада Мейрамбек тұрады деп ойладым»

Сұхбат
11.08.2016 12:06 3183

Сәкен МАЙҒАЗИЕВ – «МузАРТ» вокалды-аспапты ансамблінің әншісі, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері.

«Бұл қалада Мейрамбек тұрады деп ойладым»

Ресейдің Гнесиндер атындағы музыка академиясында тәжірибе алмасу көптен бері ойымда жүрген іс еді. Сәті түсіп, сол әлемдік деңгейдегі академия ұстаздарының шеберлік класында дәріс тыңдадым. Жалпы, кез келген адам өмір бойы ізденуден жалықпауы керек деп есептейтін жандардың қатарындамын.

2012 жылдан бастап Ж.Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінде сабақ беріп жүрмін. Жастармен жұмыс істеу, оларға білгенімді үйрету – мен үшін бір ғанибет.

Адамның мінез-құлқын оның өсіп-өнген аймағына қарап бағамдау - қате. Студент кезімде ел-жұртпен танысқанда шымкенттікпін десем, бәрі тыжырына қарайтын. Сенсеңіз, 3-курсқа келгенше бір ауыз боқтық сөз айтып көрмеген екенмін. Белгілі бір дисфемизм сөздерді, қарабайыр диалектілерді «Осы аймаққа ғана тән» деп таңып қою дұрыс емес. Кез келген адамның сыпайы сөйлеп, түзу жолмен жүруі оның отбасында алған тәрбиесіне байланысты.

Көліктің сәйкес сандарынан сәттілік іздемеймін. Бастысы, тұлпарым далада қалдырмаса болды деп есептеймін. Алғашқы көлігімнің нөмірі «111» болатын. Одан кейінгі көлік «841» нөмірлі болды. Кейінірек, баяғы «111»  деген нөмір кездейсоқтықта өзіме қайтып келді. Досым Құрмаш Маханов «Не нәрсені қатты жақсы көріп, соған ұмтылсаң, оңайлықпен жеткізе қоймайды. Ал, қандай да бір дүниенің артынан қумасаң, өзі сені іздеп табады» деп еді. Сол сөз шындыққа саятын сияқты.

Әлеуметтік желілердің тұрақты қолданушысымын. Өйткені, қазір тиімді қолдана білген адамға ғаламтордың берер пайдасы көп. Мысалы, мен «Музарттың» онжылдық концерті қарсаңында «On.kz» желісінде көптеген жанкүйерлермен пікір алмастым. Олардың айтқан ақыл-кеңесі біздің концертіміздің жоғары деңгейде өтуіне септігін тигізді деп айта аламын.

Қарапайымдылықтың да зардабы болады. Сен кішірейген сайын, төбеңе шығып кететін адамдар да кездеседі. Түн ортасында мас күйінде хабарласып, «Бауырым, тілек айтып жіберші» дейтіндерге тіпті қарным ашады.

Сахна киесі. Өнердегі ұстаздарымыз «Екі адамнан артық адам отырған жер - сахна» дейді. Мен үшін де солай. Сахнаға шығар алдында қатты қобалжимын. «Айгөлек» балалар фестивалінде Жәния, Айару есімді балғындармен бірге ән айттым. Оларда толқу деген жоқ, бала жүрегімен әнін беріле айтады да, ары қарай алаңсыз ойнап кете береді. Маған балалар ғана ән айтқанда жүрексінбейтін сияқты көрінеді.

Мен тағдырға сенемін және «Ешқашан өйтпеймін, бүйтпеймін» деп қатып-семіп қалған қағидаларға жүгінбеймін. Өйткені, қазақ «Ат баспаймын деген жерін үш рет басады» дейді. Әр істі өз уақытында байқап-бағамдап көремін.

Балалық шағымның әдемі естеліктерін әкеммен байланыстырамын. Марқұм әкем он баласының ішінде мені ерекше жақсы көрген сияқты. Іссапарға шыққанда әкелетін сыйлықтарының көбісі менің үлесіме тиетін. Ол кісі мені сахнадан «Музарттың»  2003 жылғы концертінде бірінші рет көрді. Оған дейін «Тіл-көзім тиеді» деп мен қатысқан ешбір концертке бармаған екен.

Ұлтжанды азаматпын, тіпті кей тұста мені ұлтшыл деуге де болады. Қоғамда болып жатқан жайларға бей-жай қарай алмаймын. Бір-бірімен орысша тілдесіп тұрған қарагөздерді көргенде, «Сендерді Елбасыға айтып беремін» деп әзілмен түйреп өтемін. Қазақ қазақпен қазақша сөйлесуі керек.

«Музартқа» дейінгі танымалдылығым қазіргідей болған жоқ. Бірақ, «МузАРТ» құрылғанға дейін үшеуміз де жеке-жеке ән айтқанбыз. Топ алғаш құрылғанда «Жеке  өнер көрсете береміз» деп өзара келіскенбіз. Сондықтан, біздің сахнаға жеке шығып ән айтқанымызды халық теріс түсінеді деп ойламаймын.

Мейрамбекпен бірге ән айтамын деп ешқашан ойламаппын. Ең алғаш оқуға тапсыруға келгенде, маған Алматы мұнтаздай таза қала болып көрінді. Неге екені белгісіз, «Созақ- Алматы» автобусынан түскен бойда «Осы қалада Мейрамбек тұрады ғой» деп ойладым. Сол оқиғаны «Музарттың» онжылдық концертінен кейін ғана Мейрамбекке айтып бердім.

Ой заттанады деген рас. Сондықтан, әрдайым жақсы нәрселерді ғана ойлауға тырысамын. Аллаға шүкір, осы күнге дейін ойға алған мақсаттарымның біртіндеп орындалып келе жатқаны да тек жағымды дүниелерді ойлайтындығыммен байланысты шығар.

Кірпияз емеспін, тағамды да талғап жейтіндердің қатарына жатпаймын. Ең сүйікті асым – қазақтың еті.

Қазір «Алла разылығы үшін қайырымдылық кешін өткізіп жатырмыз» дейтіндер көбейді. Намаз оқығаныңды, зекет бергеніңді, қайырымдылық жасағаныңды жарияға жар салып айту шарт емес. Көпбалалы Әмина, Тұяқ апаларымызға барып тұрамын. Олар менің сойған қойыма, көмегіме зәру емес. Бірақ, балалардың жағдайын біліп, басынан сипап, олармен әңгімелесудің жөні бөлек. Бәрінен көңіл қымбат.

 Мақсаттың топтан кеткеніне 5 жыл болғанда, бір қыз маған қоңырау шалып, «Сәкен аға, Мақсат неге кетіп қалды?» дейді. Сонда жанымда отырған продюсеріміз Ерлан «Оны қайдан естіп қойдың демедің бе?» деп қалжыңдады. Кезінде бізді де, Мақсатты да әбден мезі қылған сұрақ осы болатын.

Болашақта кәсіби мамандардың басын біріктірген көркемдік кеңесі бар, көрінген адамның әнін  эфирге жібермейтін радио ашқым келеді. Кейде өзіміздің радиоларда деңгейі өте төмен әуендер қойылады. Өйткені, қазір басқа ұлт өкілдері «Қазақтарда дені дұрыс ән жоқ» деген пікірді қалыптастырғысы келеді. Арманымдағы радио ашылған жағдайда осындай келеңсіздіктерге жол бермес едім. Бірақ, бұл – келер күннің еншісіндегі іс.


Әңгімелескен  – Роза ӘРЕН

                                                               2012 жыл

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға