Жаңалықтар

Бұл Қазақстан үшін бұрын-соңды болмаған ерекше жағдай – Әсел Әбен

Ол алпауыт мемлекеттерді біріктіруге және өзекті мәселелер бойынша диалог жүргізуге мүмкіндік береді
Бұл Қазақстан үшін бұрын-соңды болмаған ерекше жағдай – Әсел Әбен
Фото: vecher.kz 13.10.2022 12:50 3413

Астанада 13-14 қазан аралығында 3 саммит өтеді. Оған қатысты ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Алматы қаласы өкілдігінің басшысы Әсел Әбен пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz.

Әсел Әбен Елордада өтетін саммит жан-жақтан жиналған мемлекеттерді біріктіруге, өзара мәселелерді талқылап, шешуге мүмкіндік береді деп отыр.

«Қыркүйек айында Өзбекстанда ШЫҰ ірі саммиті өткен болатын. Енді мемлекетіміздің астанасында АӨСШК саммиті, ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысы, сондай-ақ Орталық Азия-Ресей саммиті өткелі отыр. Бұл Қазақстан үшін бұрын-соңды болмаған ерекше жағдай. Мұның бірнеше себебі бар. Менің ойымша, Қазақстан – біріншіден, қандай да бір елмен саяси тұрғыдан келіспеушілік болмаған, ал екіншіден, ауқымды экономикалық байланыстары бар мемлекет. Одан бөлек, Қазақстан саяси қарым-қатынасты ынтымақтастықпен жүргізіп, түрлі жанжалдарды бейбіт жолмен шешуге тырысатын ел. Ол әртүрлі мемлекеттерді біріктіруге және өзекті мәселелер бойынша диалог жүргізуге мүмкіндік береді», - деді ол.

Сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Алматы қаласы өкілдігінің басшысы саммитке Президенттерден бөлек кімдердің қатысатыны жайлы айтты.

«Саммитке мемлекет басшыларынан басқа қауіпсіздік, экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерімен айналысатын тұлғалар, тиімді диалог жүргізуді қамтамасыз ететін дипломаттардың барлығы қатыса алады», - деді ол.

Cонымен қатар, ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Алматы қаласы өкілдігінің басшысы саммитті елімізде өткізудің маңызына тоқтала кетті.

«Азиядағы қауіпсіздік бойынша азиялық диалог алаңын құру бастамасы Қазақстанға тиесілі. Алғаш рет 1992 жылы егемен мемлекет ретінде бұл ұсыныс БҰҰ Бас Ассамблеясында айтылды. Қазіргі уақытта Азия елдерінің экономикасының қарқынды түрде дамып келе жатыр. Жекелеген мемлекеттер әлемдік деңгейде көшбасшы болуға тырысуда. Бұл олардың алға деген ұмтылысының жоғары екендігінің көрсеткіші болып отыр.

Саммит халықаралық алаң бола отырып, өзекті мәселелерді талқылауға, шешу жолдарын белгілеуге, ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын ашуға мүмкіндік береді», - деді Әсел Әбен.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға