Жаңалықтар

Бүкірлік пен сколиоз бірдей ме?

Сколиоз мүгедектікке апарады
Бүкірлік пен сколиоз бірдей ме?
07.10.2020 14:34 11612

Қоғамдық денсаулық қызметін қалыптастыру өзімізден басталады. Ол үшін салауатты өмір салтын сақтап, қарапайым ережелерді ұстану жеткілікті секілді. Мәселен, бәріміз бала күнімізден «арқаңды тік ұста», «түзу жүр» деген секілді сөздерді естігеніміз рас. Жалпы, бүкірейіңкіреп жүру сколиоздың дамуына әсер ете ме? Қалай ойлайсыз? Осы мақалада дене мүсінін әдемі ұстауға не керектігі жөнінде, сколиоздың дамуына алып келетін жайттар жайында және бүкірліктен қалай сақтануға болатыны туралы әңгімелемекпіз.

Бүкірлік пен сколиоз бірдей ме?

Мүсін дегеніміз не?

Адам – сүтқоректілердің ішіндегі өмірін екі аяқта тұрып өткізетін жалғыз түрі болып табылады. Біз сәби кезімізде жүру үшін еңбектеп, оған қолдарымызды пайдаланып, жиек жағалап, аяқтан тік тұруға қадам жасадық. Бұл көптеген ай бойы қолжеткізген сәбидің алғашқы жетістігі десек те болатындай. Эволюцияға көз жүгіртсек те, адамның екі аяқпен тік жүруге қалай көшкені әлі толық анықтала қоймаған жайт болып отыр. Тік жүру адамдардың ең басты адами жетістігі секілді. Адамдар белгілі бір қалыппен отырады, жүреді, ұйықтайды, жүгіреді. Мүсін деп отырғанымыз осыдан шығады. Басқаша айтқанда, дене бөлігі мен адам басымен, мойнымен, кеудемен, аяқ-қолымен қимыл-қозғалыста және іс-әрекетсіз кезде байланысуы. Мүсін әрбір адамда өзінің қимыл дағдыларына байланысты қалыптасады. Ол жеке өмірлік салтымен де тікелей жұмыс жасайды. Бірақ, қалыпты дене барлығымзда бірдей, ортақ заңмен дамиды, жетіледі. Бел мен мойында алға қарай иілу, лордоз болса, көкірек тұста артқа иілу немесе кифоз бар.

Қазіргі кезде көбіміздің офисте жұмыс жасауымыз, беліміздің шойылуына әкеліп соғатыны рас. Ол нақты ауру ретінде, өмірімізді қысқартпаса да, оның сапасына айтарлықтай әсер етеді.

Бүкірлік пен сколиоз бірдей ме?

Бас ауруы, арқа мен мойынның ауруы сол түзу отырмауыздан шығып отыр. Оған гипертонус бұлшықетінің жайсыздануын қосыңыз. Бүкірліктің анық емес белгілері ретінде Harvard Medical School өздерінің ғылыми мақаласында зәрді ұстай алмау, іш қату мен ас қорытудағы проблемаларды айтады. Сол сияқты арқаның бүкіреюі құрсақ қуысы мен қуыққа кері әсерін тигізеді.

Бүкірлік – ауру емес, адам өзіне ыңғайлы қалыпты ұстануы. Десе де ол біздің ағзамызға қаншалық ыңғайсыздық тудыратынын сіз елестете алмайсыз. Тік жүрістің бұзылуын тек бойды тік ұстап-ұстамауынан ғана емес, көптеген дағдылардан білуге болады. Мәселен, адам көкірегі алға шығып тұрғаны «Дональд Дака дағдысы» деп аталады, ол биік өкшелі аяқ киімді көп киюден және семіздіктен пайда болады, артық салмақ іште жиналып, бойды тік ұстауға кедергі келтіреді. Ондай жағдайда адамға көкіректі алға беріп жіберу ыңғайлы болып көрінеді.

Сколиоз – 10 градус омыртқасының қисық сызығы. Ол омыртқалардың кез келген бөлігіне әсер етуі мүмкін, десе де ең көп тараған жері ретінде кеуде тұсы мен арқа жақтың төменгі тұсын атауға болады. Айта кету керек, сколиоз көбінесе балаларда кездесіп жатады. Оны міндетті түрде емдеу керек, тезірек емдеу арқылы ол кемшіліктің орнын толтыруға болады.

Бүкірлік пен сколиоз бірдей ме?

Сколиоздың көптеген түрі бар. Мәселен, туа біткен сколиоз, ерте басталған сколиоз, жасөспірімдердің идиопатикалық сколиозы, дегернативті сколиоз, нейромускулярлы сколиоз, Шейманманның кифозы, синхронды солиоз және т.б.

Жалпы, сколиоз ересектерде ер адамдарға қарағанда әйелдерде жиі кездесіп жатады. Оның жеңіл түрін тез жазып алуға болады, ал ауыр түрі мүгедектікке апарады. Жұлынның қисайып кетуі кеуде ішіндегі кеңістікті тарылтып, өкпенің кең тыныстауына кедергісін келтіреді. Жұмсақ сколиозы бар балалар омыртқасының қай деңгейде дамып келе жатқанын анықтау үшін рентген сәулелерімен бақыланатын болады. Ауыр жағдайда сколиозды ота жасау арқылы емдейді. Сколиоздың асқынуына созылмалы ауырсынуды, тыныс алудың жетіспеушілігін жатқызамыз.

Сколиоздың балалардағы белгілеріне - бір жағына қисаюы, жүрек пен өкпеден проблемалардың туындауы, тыныс алудағы қиындықты жатқызамыз. Ал жасөспірімдерде қабырғалары симетриялы болмауы, омыртқаның бүйіріне қарай «отыруы», қабырғаның бір жаққа қарай бұралып кетуі, аяқ ұзындықтарының екі түрлі болуы, иықтардың біркелкі болмауы сколиоздың анық белгілеріне жатады. Балаларда сколиоз бірден байқала қоймайды және ол ауырсыну да тудырмауы мүмкін. Соның кесірінен ушықтырып, бала денсаулығына қауіп төнуі ғажап емес. Әрине дер кезінде көрсетілген көмек болашақтағы сымбатты мүсінге жеткізетін болады.

Омыртқаңыздың түзу болғанын қаласаңыз...

Спортпен айналысыңыз. Нақты омыртқаға арналған жаттығулар қаласаңыз, төмендегі тізімді шолып шығыңыз.

- Аяғыңыздың арасын иықтың кеңдігіндей етіп ашып, қолыңызды бүйіріңізге тіреңіз. Оң және сол иықтарыңызды жылдам көтеріп, түсіріңіз. Он рет қайталап жасап көріңіз. Жалпы жаттығу жасауға кіріскенде дәл осы түрін үш рет қайталауға болады. Сол сияқты екі иықты бірге көтеріп, түсіре беріңіз. Бұл сіздің иықтарыңыздың көп уақыт өтпей, теңесуіне алып келеді.

- Аяқтың арасын иықтың кеңдігіндей алшақ етіп, қолыңыздың бірін жоғарыдан, екіншісін төменгі тұстан апарып, арқаңызға салып, қатты қысып ұстап тұрыңыз. Омыртқаңызды майыстырып, кеудеңізді аздап алға қарай созуға болады. Қолдарыңызды аша көрмеңіз. Барынша бүгілуге тырысыңыз. 2-3 секунд тұрған соң, жаймен босатуға болады. Осы жаттығуды 5-6 рет қайтара жасаңыз.

- Төрт тағандап тұрыңыз. Арқаңызды иілгіш секілді жоғары қарай дөңкелектеп көріңіз, содан кейін омыртқаңызды мойыннан белге дейін ақырындап жазыңыз. Сол сияқты арқаңызды төмен қарай майыстырып, 10-15 секунд сол күйде тұрыңыз. Жоғары-төмен көтеріп, түсіру де сіздің омыртқаңызға майдай жағатын болады. Осыны 5-7 рет қайталаңыз.

- Шалқаңыздан жатып, тізеңізді бүгіп, құшақтап, кеудеңізге тартыңыз. Жерден жылжып, дөңгеленіп тұрған арқаңызбен жеті секунд бойы алға-артқа қарай домаланып көріңіз. Бастапқы күйге оралып, тағы да осы жаттығуды қайталаңыз. Төрт рет қайталау жеткілікті.

- Төрт тағандап тұрыңыз. Қолдарыңыздың арақашықтығы иығыңызбен теңдей болу керек. Бір уақытта сол аяғыңыз бен оң қолыңызды созыңыз. 5-6 секундтан соң, келесі аяғыңыз бен қолыңызды созып тұруыңыз керек. Кезек-кезек қайталаңыз.

- Етпеттеп жатыңыз да, қолдарыңызды денеңіздің бойымен созыңыз, денеңіз бос болуы керек. Деміңізді ішіңізге тартып, басыңызды, аяқтарыңызды арқа мен мойын бұлшықеттерін керілетіндей көтеруге тырысыңыз. Шамаңыз келгенше 2-3 секунд осы қалыпты ұстаңыз. Бастапқы күйге оралып, қайта қайталаңыз. Жалпы 5 рет жасауға тырысыңыз.

- Соңғы жаттығу қарапайым болмақ. Бірақ пайдасы жеткілікті. Арқаңызбен қабырғаға сүйеніп тұрыңыз. Өкшеңіз, жамбас пен жауырыныңыз, басыңыз, жалпы денеңіз қабырғаға тиіп тұруы керек. Ендігі басыңызға кітап қойыңыз да қадам жасауға әрекет етіңіз. Оны үйренген соң, сол кітаппен отырып-тұруға әрекет етіңіз.

Жұмыс уақытында түзу отыруды әрдайым есте ұстаңыз.

Бүкірлік пен сколиоз бірдей ме?

Дұрыс қалыпта ұйықтап үйреніңіз.

Ұйықтап жатқандағы денеңізді күйі де омыртқаңызға әсер етеді. Ішпен жатудың зияны жеткілікті. Ол кезде омыртқаға барынша күш саласыз. Дұрысы –­ бір бүйірмен екі аяқтың арасына арнайы жастық қойып ұйықтау. Ал шалқайып жататын болсаңыз, тізеге жастық қойған жөн.

Қысқаша қорытындыласақ:

- Арқаңызды тік ұстауды ұмытпаңыз, оны денеде тұратын чат-боттар, гаджеттер арқылы да жасауға болады.

- Жұмыс уақытында жаттығып тұрыңыз, компьютер алдында басынызды тік ұстап отыруды ұмытпаңыз.

- Ұйықтау дағдыңызды өзгертіңіз, жастығыңыз қатты биік болмағаны жақсы. Сол сияқты аяқтың ортасына кішкентай жастық қойғанда дұрыс.

   (Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға