Жаңалықтар

Бүгін Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер күні

Мемлекеттік рәміздердің қалыптасу тарихы
Бүгін Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер күні
Фото: © El.kz 04.06.2021 17:03 7406

 

4 маусым – елімізде мемлекеттік рәміздер күні ретінде атап өтіледі. 1992 жылы дәл осы күні жаңа мемлекеттік рәміздер – Қазақстанның елтаңбасы, туы мен гимні бекітілді. Аталған мереке республикада Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2007 жылғы 4 маусымдағы жарлығымен қабылданған.

 

Мемлекеттік рәміздер дегеніміз – белгілі бір елдің ұлттық болмысын, өзіне тән салт-ғұрпын, тарихын, мәдениетін, арман-мақсатын, басқа мемлекеттермен қарым-қатынасын көрсететін нышандар. Елтаңба, Ту, Гимн әлемдік рәміздер каталогына енгізіліп, арнайы қауымдастықта танылады. Біздің де мемлекеттік рәміздеріміз XX ғасырдың тоқсаныншы жылдары халықаралық қауымдастықта ресми мойындалған.

 

Республиканың жаңа мемлекеттік рәміздерін қабылдау ХХ ғасырдың соңында Отанымыздың саяси егемендік алу тарихы үшін осы тұрғыда мәні зор оқиға. Елтаңба – тәуелсіздіктің, елдіктің, теңдіктің белгісі. Ол неміс тілінен аударғанда «мұра» деген мағынаны білдіретін сөз. Елтаңбамыздың тарихы қазақ жеріндегі алғашқы қоғамдық бірлестіктердің тарихынан бастау алады. Сонымен қатар әр мемлекеттің елтаңбасы арқылы оның тарихын терең біліп, бір-бірінен ажыратуға болады. Ерте темір дәуіріндегі ежелгі сақ тайпалары да «тотем» деп аталатын таңбамен ерекшеленіп тұрған. Тотем таңба, рәміз, мөр деген мағынаны білдіреді.

 

Біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырдағы Есік қорғанын қазу кезінде табылған «Алтын адамның» киімінде «аң стилінде» жасалған және барыс, арқар, бұлан, жылқы және әртүрлі құстар тау ешкісінің мүсіншелері түрінде жасалған төрт мыңға жуық ою-өрнектер болған. Біздің көк туымыздың шетінде бейнеленген «Қошқар мүйіз» (арқардың мүйізі) ою-өрнегі осы жерден алынған.

 

Елтаңбаға «Алтын адамның» бас киімінде орналасқан қарама-қарсы бағытқа қарайтын ертегі-аңыздардағыдай қанатты жалғыз мүйізді аттар негіз болған. Тарихы ұқсас мемлекеттердің рәміздерін салыстыру кезінде олардың бірдей жануарларды, мысалы, грифиндер мен бүркіттерді, арыстандарды немесе жылқыларды – көшпелі түркілердің адал серіктерін бейнелейтіндігі айқын байқалады.

 

Мұндай тотемиялық таңбалар үйсіндерде, түрік-моңғол аңыздарында, әсіресе түркі халықтарының дүниетанымында Көк бөрінің әпсаналарында жиі кездесіп, мұндағы қасқыр ерекше тотемиялық рөл атқарды. Түрік қағанаты кезіндегі түркі әскерлерінің жалауларында «Көк бөрі» бейнеленген. Осы себепті де, XIX ғасырда өмір сүрген қазақтың әйгілі айтыскері Сүйінбайдың жыр туындысында «Бөрілі менің байрағым, Бөрілі байрақ көтерсе, Қозады қай-қайдағым» деген сөздер кездеседі. Өйткені қазақ халқы қасқырды ежелден батылдық пен ерліктің белгісі деп санаған.

 

Кейіннен қазақтар тайпалық таңбаларды қолданды. Ғалымдар 43 тайпадан шыққан қазақ руларының 84 таңбасын санады. Әртүрлі геометриялық пішіндерге ие таңбалар елтаңба мен мөр ретінде қолданылған. Таңбалар рулық, тайпалық және жеке меншікті білдіруге қызмет етті. Қазақтар төрт түлікті таңбалап, ен салу дәстүрін күні бүгінге дейін сақтап келеді.

 

Ту – өзіндік ерекшелігі бар, тәуелсіздік пен елдіктің айрықша белгісі. Оның 5000 жылдық тарихы Таяу Шығыстан басталады. Зерттеушілердің пікірінше, ең ежелгі байрақ Иран аумағында табылған. Онда құстар, аңдар, құдайлардың беттері бейнеленген.

 

Қазақстан туындағы көк түстің тарихы Түрік, Хазар, Селжұқ қағанаттары, Темір әулеті және Қазақ хандығының рәміздерімен байланысты. Байырғы түркілер тілінде «көк» сөзінің мағынасы да «шығыс», «шығыстық» дейтін сөзбен үйлеседі. Еліміздің туындағы күн – барлық халықтарға белгілі ең ежелгі ғарыштық белгі, өмір көзі, жарық дегенді білдіреді. Қазақ халқының тарихы ежелгі дәуірде Қазақстан территориясын мекендеген сақтар, үйсіндер, ғұндар және басқа тайпалар тарихымен генетикалық байланысты. Тәңіршілдік дінін ұстаным еткен ежелгі түріктер Көк аспанға, Күнге, Жер, Су, Ауаға сыйынып, бас ұрған. Демек, жалаудың көкпеңбек түсі мен белгілері Қазақстан аумағында тұратын халықтың тарихи үндестігін көрсетеді. Туда бейнеленген бүркіт күш пен күш символы түрінде мәлім, сол себепті аталған геральдикалық белгі әлем елдерінің көптеген елтаңбалары және ұлттық нышандарында бейнеленген.

 

Егер отаршылдық жылдардағы елтаңбалардың өткен кезеңіне жүгінетін болсақ, онда 1867-1868 жылдардағы әкімшілік-аумақтық реформадан кейін Қазақстан қалаларының елтаңбасы жасалды. Ресей империясының құрамына кірген қазақ облыстары мен қалаларында бірыңғай үлгідегі елтаңбалар болған. Атап айтсақ, Орал, Гурьев (қазіргі Атырау), Павлодар, Семей, Өскемен, Петропавл, Көкшетау, Қостанай, Ақтөбе және тағы да өзге қалалардың елтаңбалары болған.

 

1917 жылы патша өкіметі құлатылғаннан кейін пайда болған Алаш Орда үкіметі өз отырыстарында Елтаңба жасау қажеттілігі туралы мәселені қарады. Алайда мәселе шешілмей қалды. Сондықтан 1918 жылы «Қазақ» газетінде елтаңба жобасын әзірлеуге қатысуға шақыра отырып, «Орда елтаңбасы» атты мақала жарияланды.

 

Тарихи құжаттарда Алаш Орда туының ақ және жасыл түсті екендігі туралы мәліметтер кездеседі. Ал кеңестік кезеңді (1920-1991) қарастыра отырып, біз Қазақ ССР-нің елтаңбасы, басқа одақтас республикалар сияқты, КСРО елтаңбасының негізінде жасалғанын анық көреміз. Оның ортасында қызыл сәуледе орналасқан орақ пен балға, матада қазақ және орыс тілдерінде «Бүкіл жер жүзінің пролериаттары бірігіңдер!» деп жазылған. Елтаңбаның жоғарғы жағында бес бұрышты жұлдыз, төменгі жағында «КСРО» және «ҚССР» деген жазулар болған. Қазақ КСР-нің қызыл мемлекеттік туының төменгі бөлігінде ұлттық тудың өзіндік түсін еске түсіретін жіңішке ғана көк жолақ болды. 1991 жылы терең саяси дағдарыс КСРО-ны құлдыратып, ондағы мемлекеттердің егемендігіне жол ашты. Осылайша еліміздің тәуелсіздігі жарияланды. Дәл осы уақытта Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін дайындау жұмыстары басталды.

 

1992 жылдың басында Қазақстан Республикасының жаңа мемлекеттік рәміздерін даярлау бойынша жұмыс тобын құру туралы Жоғарғы Кеңес Президиумының қаулысы шықты. Осыған сәйкес комиссия құрылып, оның құрамына Серікболсын Әбділдин, Салық Зиманов, Серік Әбдірахманов, Ербол Шаймерденов және тағы да өзге белгілі қайраткерлер кірді. Сонымен қатар елтаңба, ту, әнұран жобаларына байқау жарияланды. Оған көптеген шығармашылық өкілдері, талантты ақындар, композиторлар, суретшілер қатысты. Мемлекеттік Туға арналған конкурсқа 600 адам қатысып, 1200 жоба ұсынылды, Мемлекеттік Елтаңбаның 245 жобасы және Мемлекеттік Әнұранның 150 жобасы ұсынылды.

 

Рухани бірлікті жырлайтын әнұран – тағы бір маңызды мемлекеттік рәміз. Тәуелсіздік жылдары гимн екі рет – 1992 және 2006 жылы қабылданды. Бірінші Гимн мәтінінің авторлары Тұманбай Молдағалиев, Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Жадыра Дәрібаева, ал композиторлар Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди болды. Кеңестік кезең гимнінің музыкасы өзгеріссіз қалды. Алайда 2000 жылы 9 мамырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үкіметке Әнұранды ауыстыру қажеттілігі жөнінде мәселе көтерді. Нәтижесінде 2006 жылдың 6 қаңтарында «Менің Қазақстаным» әні ресми Гимнге айналып, 11 қаңтарда өткен Президентті ұлықтау салтанатында тұңғыш рет шырқалды. Әнді 1956 жылы Шәмші Қалдаяқов және сөзін Жұмекен Нәжімеденов жазған. Тың игеру жылдарында жазылған бұл марш қазақ халқының ұлттық мақтанышы мен рухын ояту мақсатында туындаған. Сөйтіп жылдар өте келе 1986 жылдың желтоқсанында халыққа танымал болды.

 

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Мемлекеттік рәміздерді қабылдау процесінде ерекше рөл атқарды. Елдің бүгінгі мұраттары мен мақсаттарына сәйкес мәтінге бірнеше түзетулер енгізіп, ол біріккен авторлық ұжымына кірді.

 

Елтаңба авторлары – танымал сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. Ал тудың авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.

 

Бүгінде біздің мемлекеттік рәміздеріміз әлемге кеңінен танымал. Қазақстан Республикасы бүкіл әлем мойындаған. Біздің еліміздің туы Біріккен Ұлттар Ұйымы ғимаратының және Қазақстанның шетелдік өкілдіктерінің алдындағы тутұғырда көбейіп келеді.

 

Қазақтың көк туы Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетовтермен бірге ғарышта желбіреді. Халықаралық жарыстарда қазақстандық спортшыларды марапаттау рәсімі кезінде гимн шырқалып, көк ту көтеріледі. Мұның бәрі Қазақстан Республикасының әрбір азаматы үшін ерекше мақтаныш болып саналады.

 

2020 жылдың желтоқсанында елімізде туды үй қабырғалары мен балконға ілуге рұқсат берілді. Ел азаматтарының тудың пайдалану аясын кеңейту туралы көп жылдан бергі ұсынысын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолдады. Осылайша былтырдан бері патриоттық сезімді нығайту мен бірегейлікті, ел тұтастығын сақтау, азаматтардың жетістігін қолдау мақсатында көк туымыз әрбір қазақстандықтың шаңырағында желбіреп тұруға рұқсат алды.

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға