Жаңалықтар

Бүгін Ядролық қарудан бас тарту күні

egemen.kz
Фото: egemen.kz 29.08.2022 3364

Бүгін БҰҰ деңгейінде Ядролық қарудан бас тарту күні аталып өтеді, деп хабарлайды El.kz.

1991 жылы 29 тамызда Қазақстанның сол кездегі Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылған еді.

Ал 2009 жылы 30 қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясының Бірінші комитетіне Қазақстан 29 тамызды Бүкіләлемдік ядролық қарудан бас тарту күні деп жариялауды ұсынды. Қазақстан ұсынған қарардың бірлескен авторлары 26 мемлекет болды, оның ішінде Армения, Беларусь, Бразилия, Катар, Қырғызстан, Моңғолия, Араб Әмірлігі, Тәжікстан, Түрікменстан, Жапония және басқа елдер бар.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясында сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Бүгінде Қазақстан өзінің зымырандық-ядролық арсеналынан ерікті түрде бас тартқан және жер шарындағы ең ірі сынақ полигонын жапқан ел ретінде дүниежүзіне танымал. Бұл өзге мемлекеттерге үлгі болуы тиіс», - деді.

Жарты ғасыр бойы қазақ даласында атмосфералық, жерүсті және жерасты сынақтары өткізілді. Оның салдары полигоннан 18 мың шаршы шақырым жерді мекендеген 1,5 млн-ға жуық қазақстандықтың денсаулығына теріс әсер етті. Еліміздің шығысында, бұрынғы Семей полигоны аумағында радиациялық ластану әлі күнге дейін сақталып отыр.

Тарихи деректерге сүйенсек, қырық жыл бойы республика аумағында 456 сынақ жасалды. Олардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2,5 есеге асып түседі. Жалпы осы уақытқа дейін бүкіл әлемде жасалған сынақтардың 24 пайызы Қазақстан аумағында жүргізілген.

КСРО ыдыраған соң, оның ядролық арсеналының едәуір бөлігі Қазақстанда қалды. Сол уақытта Қазақстан әлемнің төртінші ядролық державасы мәртебесінен өз еркімен бас тартты. Ал 1993 жылы Ядролық қаруға тыйым салу шартына қосылды.

Семей полигоны жабылған 29 тамыз күнін БҰҰ Бас ассамблеясы халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялады. Қазақстан бұл күннің символдық маңызын ескере отырып, 2019 жылы БҰҰ хатшылығына Ядролық қаруға тыйым салатын шартты ратификациялау құжатын табыстады.

Ядролық қарусыздандыру саласында шектеу қойылатын бірқатар міндетті құқықтық нормалар бар. Шартқа сәйкес, ядролық қаруды немесе ядролық жарылғыш заттарды өндіруге, сынауға, сатып алуға, беруге және өз аумағында сақтауға тыйым салынады. Осылайша адамзат тарихында тұңғыш рет ядролық қару заңсыз деп танылды.

 


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға