Жаңалықтар

БҰҚАР ЖЫРАУ ҚАЛҚАМАНҰЛЫНЫҢ 350 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ СӘНДІК-ҚОЛДАНБАЛЫ ЖӘНЕ БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІНІҢ ОБЛЫСТЫҚ КӨРМЕ-КОНКУРСЫ ӨТТІ

БҰҚАР ЖЫРАУ ҚАЛҚАМАНҰЛЫНЫҢ 350 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ СӘНДІК-ҚОЛДАНБАЛЫ ЖӘНЕ БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІНІҢ ОБЛЫСТЫҚ КӨРМЕ-КОНКУРСЫ ӨТТІ
11.08.2018 05:58 3508

 

9 тамыз күні Қарағанды қаласының «Достық үйінде» Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Бұқар жырау ауданы әкімдігінің және ҚХА Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен мемлекет және қоғам қайраткері, Абылай ханның кеңесшісі, әйгілі жырау - Бұқар жырау Қалқаманұлының шығармашылығы мен өмірін терең танып білу, жас ұрпаққа оның рухани мұрасын дәріптеу мақсатында сәндік-қолданбалы және бейнелеу өнерінің облыстық көрме-конкурсы өтті.

Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдығына орай ұйымдастырылған аталмыш көрмеге 47 жұмыс қабылданды. Қарағанды облысының суретшілер Одағының мүшелері М. Қалмаханов, Қ. Балабеков, Д. Ізбасарұлы, Ю. Ку, Ж. Балкенов, сонымен қатар, жас буын суретшілер өкілдері Бұқар жырау Қалқаманұлының асыл мұрасын насихаттау аясында, XVII-XVIII ғасырды қамтитын туған жерге сүйіспеншілік тақырыбын өрбіте білді.

Көрме-сурет байқауының қазылар алқасының төрағасы — ҚР суретшілер Одағының мүшесі, Өнер академиясының академигі, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Б. Мұстафин.

Әділ қазылар алқасына енген ҚР суретшілер одағының мүшесі  П. Кишкис Бұқар жырау аудандық маслихат хатшысы Ә. Сағадиұлы, Алматы қаласындағы Д. Қонаев атындағы Университетінің кафедра меңгерушісі, заң ғылымының докторы, Бұқар бабаның ұрпағы  Қ. Айтхожин қатысушылардың жұмыстарын бағалап, «Графика» номинациясы бойынша М. Аманбаев гран при иегері болды. Бұдан бөлек, «Мүсін», «Кескіндеме», «Сәндік-қолданбалы өнер» номинациялары бойынша суретшілер М. Қалмаханов, Д. Ізбасаров, А. Акишев, Қ. Мәлік, А. Рахад. Жүлдегерлерге ақшалай сертификаттар беріліп, көрме жұмысының ұйымдастырылуына ат салысқандарға алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.

Фойеде Достық үйінің кітапханасы мен Бұқар жырау аудандық өлке тану музейінің ұйымдастыруымен ақпараттық кітап көрмесі таныстырылды, сондай-ақ, этномәдени бірлестіктердің өкілдері бірнеше тілде Бұқар баба толғауларын оқыды.

Көрменің ашылу салтанатына Қарағанды облысы ҚХА төрағасының орынбасарлары Б. Алтынбеков пен Д. Касапиди қатысып, аталған шараның маңызы мен қаншалықты мәнді екенін атап кетті.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жас өскелен ұрпаққа көнеден ұмыт болып бара жатқан қазақ ұлтының салт дәстүрін сурет өнері арқылы насихаттап, тұрмыстық, батальды өнер, қол өнері көрермен назарына ұсынылған көрме-сайысқа 100 ден астам көрермен қатысып, тамаша әсерде қайтты.

Маңызды шараға Қарағанды облысы ҚХА этномәдени бірлестік мүшелері, Бұқар жырау аудандық әкімдігінің бөлім басшылары мен ұжымдары музей, кітапхана қызметкерлері, мұғалімдер, студенттер, БАҚ өкілдері қатысты. Аталмыш көрме 15 тамызға дейін жалғасады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға