Қазыбек би
ҚАЗ ДАУЫСТЫ ҚАЗЫБЕК Келдібекұлы (1667, Сыр бойы – 1764, қазіргі Қарағанды обл. Қарқаралы ауд. Теректі бұлағындағы қыстау, бұрынғы деректерде 1665 – 1765) – қазақ халқының 17 – 18 ғ-лардағы үш ұлы биінің бірі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. Орта жүз арғын тайпасының қаракесек руына кіретін болатқожа атасынан шыққан. Арғы аталары Шаншар абыз, Бұлбұл, өз әкесі Келдібек есімдері елге белгілі әділ билер болған. Қ. д. Қ-тің оқыған жерлері, алған білімі туралы нақты дерек жоқ. Дегенмен, ел аузындағы әңгіме-аңыздар мен биден жеткен шешендік сөздер оның өз заманында білімді де жетелі, халықтың ауыз әдебиеті мен салт-дәстүр, рәсімдерін, ата жолы заңдарын мейлінше мол меңгерген, озық ойлы, әділ де көреген, батыл да батыр адам болғандығын айқын аңғартады. Әділдігі мен алғырлығы үшін Тәуке хан Қазыбекті Орта жүздің Бас биі еткен. Би әз-Тәукенің тұсында хан кеңесінің белді мүшелерінің бірі болса, кейін Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай ел билеген кезеңдерде де мемлекет басқару ісіне жиі араласып, ішкі-сыртқы саясатта хандарға ақыл-кеңестер беріп отырған.
Қ. д. Қ. бидің жастық шағы мен бүкіл саналы өмірі қазақ елінің өз ішінде рулық-тайпалық алауыздықтар мен хандық билікке таластың неғұрлым өршіген, көрші мемлекеттердің көз тігуі жиілеп, Жоңғар шапқыншылығы үдей түскен кезеңге тап келді. Сондықтан да батыр білекті, отаншыл жүректі алғыр азаматтың тым ерте атқа мінуіне тура келген. Ел аузындағы аңыз-әңгімелерге қарағанда, ол Тәуке ханның белгілі би-батырлары бастаған елшілігіне атқосшы болып алғаш рет қалмақ қоңтайшысы Цэван-Рабданға барғанында 14 жаста екен. Қылышынан қан тамған қаһарлы қалмақ ханының алдында қазақ билері жасқаншақтық танытып, күмілжіңкіреп қалған сәтте жасөспірім Қазыбек: “Дат, тақсыр!” – деп жұлқынып алға шығады да: “Қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп – найзасына жылқының қылын таққан елміз. Дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзын ақтай білген елміз. Бірақ асқақтаған хан болса – хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса – құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса – күң боламын деп тумайды, ұл мен қызын жатқа құл мен күң етіп отыра алмайтын елміз. Сен темір болсаң, біз көмірміз – еріткелі келгенбіз, қазақ-қалмақ баласын теліткелі келгенбіз. Танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз, танысуға көнбесең – шабысқалы келгенбіз. Сен қабылан болсаң, мен арыстан – алысқалы келгенбіз, тұтқыр сары желіммен жабысқалы келгенбіз. Бітім берсең – жөніңді айт, бермесең – тұрысатын жеріңді айт!” – депті. Жас баланың бұл сөздерінен бас алыспақ батырлықты да, ынтымаққа шақырған ізгілікті де аңғарған қалмақ ханы әділдікке жығылып, өжеттігі мен шешендігіне риза болып: “Дауысың қаздың дауысындай екен, бұдан былай сенің есімің Қаз дауысты Қазыбек болсын”, – деген. Елшілік жау қолындағы 90 тұтқынды шабылған мал, тоналған мүлігімен шашау шығармай қайтарып алып, елге олжалы оралған. Қазыбек бұдан кейін де жоңғарларға екі рет елшілікке барып, ел намысына дақ түсірмей, көздеген мақсатын орындап қайтқан.
17 ғ-дың соңғы ширегінде ен жатқан қазақ жеріне көз алартқан орыс, жоңғар мемлекеттері мен Орта Азия хандықтарының қоқан-лоқысы, қарамағындағы ұлыстарды жеке билеуге құмартқан төре тұқымынан шыққан сұлтандар мен хандардың өзара айтыс-тартыстары әз-Тәукенің бір орталықтан жүргізіп отырған басшылығына іріткі түсіріп, мемлекеттің тұтастығына қауіп төндіре бастады. Ендігі уақытта хандықтың басшылыққа тұтынып келген байырғы әдет-ғұрып заңдары, “Қасым ханның қасқа жолы”, “Есім ханның ескі жолы” сияқты ел басқарудың бұрыннан қалыптасқан жүйе-жосықтары уақыт талаптарын өтей алмайтын күйге жетті. Осыны ескерген Тәуке хан қазақ халқының өз ішінен шыққан үш кемеңгері – үйсін Төле, алшын Әйтеке, арғын ол билерге жаңа заң жобасын – “Жеті жарғыны” жасатып, Күлтөбенің басында бүкіл халық алдында қабылдатты. Сөйтіп, үш ұлы бидің көмегімен ел ішіндегі әдет-ғұрып нормалары, жер-су, қоныс иеліктерінің мөлшері, жесір дауы, құн төлеу, кек алу, ұрлық-қарлыққа тыйым салу, ағайын-туыс, ру арасындағы дау-дамайлар, ел бірлігі, мемлекет басқару, Отан қорғау, сыртқы жаулардың шабуылдарына тойтарыс беру, ұрпақ тәрбиесі, т.б. мәселелердің шешілу жүйесі жаңаша белгіленді.
1718 ж. әз Тәуке қайтыс болғаннан кейін жоңғар шапқыншылығы бұрынғыдан да үдей түсті, оңт-тен қырғыздар, қарақалпақтар, Хиуа, Бұхар хандықтары, батыстан башқұрттар, орыс казактары, Еділ қалмақтары қыспаққа алды. Ел “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” нәубетіне ұшырап, қатты күйзеліске түскен осы кезеңде Қазыбек би Сәмеке, Әбілмәмбет хандардың, Барақ, Батыр, Абылай сұлтандардың арасын жарастыруға күш салды, оларды өзара ынтымаққа шақырды. И.И. Неплюев, Д.Гладышев сияқты Ресей үкіметінің шенеуніктері арқылы орыс патшасымен достық қарым-қатынас орнатуды жақтады. Би тап осы тұста сыртқы саясатта ерекше белсенділік танытқан. Ол 1731 ж. орыс патшалығына бодан болған Әбілқайыр ханға айтарлықтай қолдау көрсетті. 1741 ж. Орск қамалына аттанған Орта жүз ханы Әбілмәмбет пен Абылай сұлтанға хат жазып, Арғын тайпасының атынан ант беруге әзір екенін білдірген. Осы жылы Сары-манжы бастаған ойраттардың отыз мың қолдық әскері Орта жүз иеліктеріне тұтқиылдан шабуыл жасап, Абылай сұлтан тұтқынға түсіп қалғанда Қазыбек би Абылайды құтқару үшін қолдан келген барлық дипломаттық айла-әрекеттерін жасап баққан, орыс комиссиясының бастығы Неплюевпен келісімді жеделдете түскен. Ауызекі әңгімелерде 1742 ж. ерте көктемде Қазыбектің Қалдан-Серенге өзінің де барғандығы айтылады. Сөйтіп, 1743 ж. Абылай тұтқыннан босап, қазақтың 33 қаласы Әбілмәмбет ханға қайтарылып берілген. Би бұдан кейін де орыс патшалығынан қол үзген жоқ. Бұған Сібір ген.-губернаторының міндетін атқарушы ген.-майор фон Фрауендорфтың үкіметтің сыртқы істер алқасына 1763 ж. 11 наурызда жолдаған мәлімдемесіндегі “Орта жүздің төбе биі Қазыбектің Ресейге жақсы ниетпен қарайтындығы” жайлы тұжырым куә. Бірақ би 1762 ж. екінші ұлы мемлекет Цин империясының елшілерін қабылдамай, сыйлықтарын алудан бас тартып, Абылай сұлтанға Қытай боғдыханынан іргені аулақ салуға кеңес берген.
Қазыбек мемлекет істерімен қатар ру аралық, сұлтандар арасындағы кикілжің тартыстарға да әділ билігін айтып отырған. Орыс патшасының өктемдігіне қарсы 1740 жылғы башқұрттар көтерілісінің басшысы Қарасақалдың Қабанбай батырға бармас бұрын Қазыбек биге келіп паналағаны, 1761 ж. Түркістандағы Орта жүз ханы Әбілмәмбет Сәмекенің баласы Есім сұлтаннан теперіш көріп, қаладан қуылғанда өз баласы Әбілпейіз бен Қазыбек биді арқа тұтып Арқаға келіп, ұлы бидің қазылығына жүгінгені тарихтан белгілі. Ал Барақ сұлтан қасастықпен 1748 ж. 24 тамызда Кіші жүз ханы Әбілқайырды өлтіргенде, мұны ел бірлігіне іріткі салатын қылмыс деп бағалаған.
Қазыбек бидің артында кейінгі ұрпаққа жарық жұлдыздай жол көрсетіп, жөн-жоба сілтейтін көптеген өнегелі өсиет сөздер қалды. Олар ел жадында құрандай жатталып, қалауы бұзылмаған саф алтындай таза күйінде бүгінгі ұрпаққа жеткен. Күміс көмей кемеңгер бидің шешендік сөздері айтпақ ойының ұшқыр да тапқырлығымен, тап басатын көркем теңеулерінің дәлдігімен, тілінің өткір де айқындығымен ерекшеленеді. Оның тұжырымы терең толғаулары, суырып салма тақпақтап айтқан сөздері тыңдаушы ойында тез сақталатын нақылға толы мақал түрінде өрілген. Сондықтан Қ. д. Қ. биден бізге жеткен мұра халық қазынасының алтын қорынан лайықты орын алған.
Би 18 ғ-дың 40-жылдарының басында Сыр бойынан Арқаға қарай ауа көшіп, Ұлытау, Қарқаралы өңірін қоныс қылып, Семізбұғы тауының беткейлерін жайлаған. Қазыбектен: Бекболат, Қазымбет, Базаргелді, Барқы, Сырымбет есімді бес ұл, Маңқан (Қамқа) деген бір қыз туған. Қазыбек ұрпақтары ата-баба жолын қуып, сөз ұстаған парасатты әділ қазылар атанған. Баласы Бекболат, одан ілгері жалғасатын Тіленші, Алшынбайлар да дүйім жұртты аузына қаратқан әділ де тура билер болған. Белгілі әнші-композитор Мәди Бәпиұлы да Қазыбек бидің ұрпағы. Қазыбек би қыс түсе Семізбұғы тауының етегіндегі Теректі қыстағында 97 жасында дүниеден өткен. Марқұмның мәйітін Бекболат оңаша киіз үйде төрт ай сақтап, көктем шыға Түркістандағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесіне апарып жерлеген, басына құлпытас орнатқан. Қазыбек бидің қайраткерлік қызметі мен шешендік өнері туралы А.И. Левшин, Ш.Уәлиханов, Ш.Маржани, Б.Адамбаев, Н.Төреқұлов, т.б. зерттеулері сақталған. Жазушы С.Сматаевтің “Елім-ай” романында кемеңгер бидің келісімді тұлғасы жасалған. Қарағанды обл-нда бір ауданға, Алматы, Шымкент қ-ларында көшелерге би есімі берілген, ел ордасы – Астанада ескерткіш орнатылған. Қазыбек бидің әдеби мұрасы әр жылдарда баспадан жарық көрген шешендік сөздер жинақтарына енгізілген.
Әдеб.: Левшин А.И., Описание киргиз-кайсачьих, или киргиз-кайсацких, орд и степей, 2 том, 1832; Марджани, Мустафат улахбар фи ахвал Қазан ва Булгар, Қазан, 1885; Валиханов Ч.Ч., Собр. соч. в пяти томах, А., 1984 – 85; Қазақстан тарихы, 2-т., А., 1998.
Т. Рсаев
"Қазақ энциклопедиясы"