ҚАЗЫҒҰРТ ТАУЫ
ҚАЗЫҒҰРТ ТАУЫ – Талас Алатауының оңт.-батыс сілеміндегі аласа келген жота. Шымкент қ-нан оңт-ке қарай 35 км-дей қашықтықта орналасқан. Солт.-шығыстан оңт.-батысқа қарай 55 км-ге созылған. Ортаңғы биіктеу бөлігінің ұз.
Ежелгі аңызда дүниені топан су басқанда, Нұқ пайғамбар кемесі Арабияда Жуда тауында, 10 ғ-ғы аңызда Арарат тауына тоқтаған делінеді. Қазақ (түркі) аңызы бойынша “Топан су қаптағанда Нұқ пайғамбар [“Топан су” мифінің көне нұсқасында Нұқ пайғамбардың есімінің орнында “Йвшқар-ата” (“Жылаған-ата”, “Жылауық ата”) деген кісі есімі де қолданылады] кемесі Қ. тауының шыңында тұрып қалған. Топан су қайтқан соң, адамзаттың жаңа ұрпағының тіршілігі сыртқы бітімі кемеге ұқсас Қ. тауынан басталған”. Кейін, ислам дінінің таралуына байланысты Нұқ пайғамбар туралы аңызбен ұштасып, ежелгі мифтің жаңа нұсқасы пайда болған. Жер-су атауының мифтік түсінігіне қарағанда “Қазығұрт” атауының ең ежелгі (прототүркілік) нұсқасы – “Қаңғұқ-урт” болған. Мұндағы “қаңғұқ” (қуыс, шұңқыр, үңгір) тіркесі: а) “бастапқы тіршілікті жаратқан құрсақ, Ұлы Ана” дегенді білдіреді, бұл ұғымның мысалдарын “Авестадағы” “Кангха”, “Шахнамадағы” “Канг-диз”, көк түркілерден “Өтүкен” (Өтү-“қаңғ”), Ергенеқон (Аргы-ене-“қаңғ”) мифтік топонимдерінен, Қаңғу-Тарбан тарихи топонимінен, қаңғар, қаңғарлы, қаңлы этнонимдерінен, т.б. көруге болады, бұл жағдайда “қаңг” (қаңғұқ) барлық тіршілікті сақтаушы әлдебір кеңістік сипатына ие болып, типол. тұрғыдан Нұқ пайғамбар кемесіне сәйкес келеді; б) “қайық” дегенді білдіреді (“қаңғұқ”- “қайұқ”-“қадзұқ”-“қазық”), бұл нұсқаның Нұқ пайғамбардың кемесімен типол. сәйкестігі тіпті дау туғызбайды, оның үстіне Қ. т-ның сыртқы сұлбасы расында да алып қайықты елестетеді. Ал сөз жасаушы екінші компонент – “ұрт” сөзінің мағынасы “жер, жер тумағы, жер ортасы, кіндігі” дегенді білдіреді (жалпы түркілік “жұрт – йұрт” сөзімен, “орда – орта” сөзімен, “жер” сөзімен, “жер” деген мағынаны білдіретін германдық “йорд-эрт”, “шумерлік “эриду”, “урта” сөздерімен салыстыруға болады). Сонда, “Қазығұрт” сөзінің бастапқы мағынасы “барлық тіршілік тегін сақтап қалған жер (тумағы)” немесе “жер (тумақ) дегенді білдірген. Сөздің түркі тілі негізінде түсіндірілуіне қарап, Қ. туралы мифтің б.з.б. 2 мыңжылдықта, Еділдің арғы бетінен шыққан үндіирандықтардың қазақ жеріне келіп қоныстана бастаған уақытының алдындағы жергілікті прототүркі тілді жұрттың қолданысында болғандығын топшылауға болады; заратуштрашылдықтың діни мәтіндер жинағы – “Авестада”, кейінірек – “Шахнама” дастанында сақталған “Кангха/Кангдиз” деген ғажайып жердің де нақ осы Қазығұрт тауы орналасқан аймақпен (Шымкент – Ташкент аймағымен) сәйкестендірілуі де прототүркілік мифтік түсініктің б.з.б. 1-мыңжылдықта-ақ иран тілді ортаның дүниетанымына еніп кеткендігін көрсетеді. Кейбір зерттеушілер Қ. т-ның “ригведалық” (үндіарийлік) топан су туралы мифпен де байланыстырады; бұл мифтегі топан судың куәгері болған Ману деген кісінің есімі мен Қазығұрт өңіріндегі Мансары тауы, Мансары әулие сияқты топонимдердің ұқсастығы осындай пайымдауға негіз болған. Қ. т-ның үнді-арийлердің Еділдің батысындағы далалардан бүгінгі Үндістанға дейінгі қоныс аудару бағытының бойында жатқандығын ескергенде, осындай топшылаудың қисынды екендігі аңғарылады. Яғни, үнді-арийлер өздерінің топан су туралы мифтерін прототүркілерден алып, өз талаптарына сай өзгерткен болып шығады. Қазақ ауыз әдебиетіндегі Қ. т. туралы аңыз өлеңде “Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса неге қалған, Жетім қозы басында жатып қалып, Шопан ата жануар сонан қалған” деп, Шопан ата, Зеңгі баба, Жылқышы ата (Қамбар ата), Ойсыл қара сияқты төрт түліктің киелі иелері аталады.
Әдеб.: Флора Казахстана, т.8, А-А., 1965.
Д. Жангелдина, С. Қондыбай
"Қазақ энциклопедиясы"