Азияның жаңа келбеті қалыптасып келеді
Бүгін елімізде Азиядағы сенім және ынтымақтастық шаралары кеңесінің VI саммиті басталды. Оған әлемнің 11 мемлекетінің басшылары келді. Саммиттегі негізгі тақырыптар мен оның маңызы туралы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ өкілдігінің бас сарапшысы Болат Әуелбаев пікір білдірді.
«Шараға 50-ге жуық шетелдік делегация, оның ішінде 11 мемлекет басшысы келді. Бүгінде Кувейттің қабылдануымен 28 мемлекет Азия форумына қатысушы болды. Отырысқа 8 мемлекет пен 5 халықаралық ұйымның өкілдері де бақылаушы ретінде қатысуда. Осыдан 30 жыл бұрын Қазақстанның Азиялық платформасын құру туралы ұсынысы көпшіліктің көңілінен шыққан болатын. Қазіргі таңда Азиядағы өзара сенім шаралары жөніндегі кеңесі кең ауқымдағы халықаралық қолдауға ие, тиімді жаһандық платформаға айналды. Бүгінгі АӨСШК VI саммитінің ресми ашылуы үлкен бастамаларға толы болды. Кеңеске мүше мемлекеттердің басшылары әлемде болып жатқан жағдайларға қатысты пікірлерін ортаға салып, қордаланған мәселелерге өз ойларын білдіріп, ұсыныстарын тастады. Кездесудің басты ерекшелігі де осында болатын», - деді ол.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК жұмысының маңызды бағыттарын атап өтті. Бұл экономикалық және қаржылық қатынастардың тұрақты жүйесін құру, климаттық күн тәртібі, азық-түлік қауіпсіздігі және гуманитарлық өлшем.
«Расында қарқынды дамып келе жатқан Азиялық мемлекеттер заманауи әлемдік үдерістерде ерекше орын ала бастады. Сондай-ақ, Азияның жаһандық үдеріске қосатын экономикалық үлесіне сәйкес халықаралық қатынастардың жаңа тең құқылы жүйесін құра бастады. Азия елдерінің жиынтық экономикалық өсімі орасан зор. Өндірістің дамуы, цифрлық технологиялар және белсенді әлеуметтік-экономикалық байланыстар жаңа мүмкіндіктер туғызып, Азияның жаңа келбетін қалыптастыруда», - деді сарапшы.