Жаңалықтар

Азияда арыстан мінез көрсете аламыз ба?

Тайландтағы Азия чемпионатында қарымымыз қаншалық? Ел қоржынына кімдер олжа сала алады?
Азияда арыстан мінез көрсете аламыз ба?
18.04.2019 11:30 5612

Бокстан ерлер арасындағы Азия чемпионатын биыл Тайланд елі өткізіп жатыр. 17 сәуірде түңлігін түрген құрлық аламаны 26 сәуірге дейін ұласады.  Азия чемпионатына біздің елдің ұлттық құрамасы тас-түйін дайындықпен аттанды. Ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне былтырғы жылдың соңында тағайындалған Ғалымбек Кенжебаев үшін Азия чемпионаты алғашқы ірі дода саналмақ. Бас бапкер ретінде біліктілігі сыналатын сайыста саңлақтар сенімді ақтай алса игі енді. Өйткені...

Тайландта топқа түсетін саңлақтар

(Ұлттык кұрама.  Жігіттер жерге қаратпаса игі)

Сонымен Тайландқа аттанған тарландар кімдер?

49 келі салмақта Теміртас Жүсіповке сенім артылды. Жасы 31-ден асқан Теміртас бұған дейін 2013 жылы Азия чемпионы атағын иеленді. Қазақстанның бес дүркін жеңімпазы, бірнеше рет халықаралық турнирлерге қатысып, артылған сенімге селкеу түсірмей биікте ұстауға тырысып жүрген саңлақ. Алты жыл бұрын жалынан ұстатқан құрлық чемпионы атағы Теміртасқа тағы да бұйыра ма? Бұл салмақта Азия құрлығының боксшылары өте тегеурінді. Өзгені былай қойғанда Өзбекстан елінің боксшылары да шиыршық атып, зар күйінде жүр. 2017 жылы Өзбекстан елі Ташкентте Азия чемпионатын өткізіп, 10 салмақтың тоғызында алтын (!) медаль иеленіп, рекорд орнатқаны есімізде. Жалпы бокстан Азия чемпионатының жалауы 1963 жылдан бастап желбіреп келеді. Елу жылдың ішінде Азия чемпионатының тоғыз алтынын алған мемелекет болған жоқ. Тек Оңтүстік Корея елінің боксшылары өздері өткізген 1965 жылғы һәм 1987 жылы Кувейтте ұйымдастырылған Азия чемпионатында 8 алтын иеленген-ді. Екі жыл бұрын өзбектердің оқ бойы озып шығуына жол ашып, алтынға сүрлеу салған тоғыз перінің бірнешеуі осы жолы Тайландта өтетін Азия чемпионатында жүр. 49 келіде Өзбекстан елінің намысын Нодиржан Мырзаахмедов қорғайды. Жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері филиппин Роджен Ладон, Азия чемпионы үндіс Амид Панхкал сынды пақырлар да Тайландқа текке келмейтіні белгілі. Теміртас үшін келесі жылы өтетін Токио Олимпиадасы соңғы мүмкіндік болуы бек мүмкін. Уақыт ағзамның өлшемімен алғанда  бұл спорт түріне де өндірдей жастардың қатары көбейгенін байқаймыз. Он сегізге толып ұлттық құрама санатына қабылданғандар да қол көтеруге жарап тұр. Ендеше, Теміртастың өзін дәлелдейтін тұғыр Тайландтың төрі болуға тиіс.

52 келі салмақта Әнуар Мұзаппаровқа сенім артылды. Қазақстан чемпионы Әнуардың еншісінде Азия чемпионатының, жазғы Азия ойындарының жүлдесі жоқ. Олқы тұсын бүтіндейтін сәт Тайландта тууы тиіс. Бұл салмақта әйгілі Хасанбой Дусматов бар. 2016 жылы Рио Олимпиадасында чемпион атанып, Вэл Баркер кубогын иеленген жампоз Хасанбой Дусматов қазіргі күнде 52 келіге ауысты. Азия чемпионы деген аламанда екі рет қара үзген Дусматов – Өзбекстан боксының сүйегі жеңіл, дақпырты ауыр саңлағы.  Әнуарға басты қарсылас кім болуы мүмкін дегенде Дусматовтың алдымен көлденеңдейтіні заңдылық. Одан бөлек Қырғыз елінің намысын қорғайтын Азат Үсенәлиев деген азамат бар. 

Үсенәлиевтің де үлесінде Азия чемпионы деген атақ бар. 2013 жылы Үсенәлиев Азия чемпионатында жеңіске жеткенде айыр қалпақты ағайындар бөркін аспанға ата қуанған. Себебі тәуелсіз Қырғыз елінің тарихында бокстан тұңғыш болып Азия чемпионы атағын осы Азат боксшы иеленген-ді. Азат та өз еліне құрлықтың чемпионы атағын алып бергісі келетіні заңдылық.

56 келі салмақта әлем чемпионы, жазғы Азия ойындарының және азия чемпионатының жүлдегері Қайрат Ералиевке сенім артылды. Ералиевтің де еншісінде Азия чемпионы деген атақ жоқ. Жоқ атаққа қол жеткізу оңай соқпайтыны белгілі. Өзбектер бұл салмақта Миразизбек Мырзахалиловты қосып отыр. Миразизбек былтыр Джакартада өткен жазғы Азия ойындарының финалында оңтүстік кореялық боксшыны айқын басымдықпен ұтып, алтын медаль иеленген жампоз. Қытай, оңтүстік Корея елі боксшыларының да тегеуріні мықты.

60 келі салмақта Закир Сафиуллинге сенім артылды. Закирдың салмағында жазғы Азия ойындарының чемпионы моңғол боксшысы Эрдэнэбат Цэндбаатар бар. Тайланд, Қытай, Үндістан елінің де боксшылары бұл салмақта тегеурінді. Закирде Азия чемпионатының күміс медалі бар, 2015 жылы Тайланда өткен құрлық біріншілігінің финалында сүрініп, күміс медальді місе тұтқан. Араға төрт жыл салып Тайландқа қайта ат шалдырған Сафиуллинің де жасы бокстың барометрімен қарасаң шау тартып барады – 33-те. Бұдан кейін мұндай дода бұйыра ма? Закир санасында осы сұрақ  Тай елінде де маза бермейтіні белгілі.

64 келіде Санатәлі Толтаевқа сенім артылды. Жиырмаға жасы енді ілігетін Санатәлі үшін Азия чемпионаты ересектер арасындағы алғашқы сынағы. Бұл салмақта Моңғолияның мықтысы Баатарсухин Шинзориг, Азия ойындарының күміс жүлдегері өзбекстандық Шункор Абдураслиовтан өзге жапон Дацуке Наримацу, тайландтық Вуттишай Масук бар. Өз елінде өтетін Азия чемпионатында Масук мықтылығын дәлелдеуге тырысатыны анық. Ересектер сапына жаңа қосылған Санатәлі жастар арасында Азия чемпионатының алтын медалі бар. 

Қазақтың алтын салмағы деп айдар таққан 69 келіде ұлттық құраманың негізгі құрамында жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы Абылайхан Жүсіпов бар. 2017 жылы Ташкентте өткен Азия чемпионатының финалында сүрінген Абылайхан бұл жолы құрлық додасына қатыспайды. Себеп – жарақатынан толық айықпаған. Оның орнына бапкерлер Асланбек Шымбергеновке сенім артыпты. «Бапкерлер маған үмітпен қарап, Азия чемпионатына қосып отыр. Қандай қысылтаяң шақ тумасын айқасқа салса, сенім үдесінен шығуға күш саламыз. Азия чемпионатында өзімнің әзірлігімнің қай деңгейде екенін бағамдаймын. Арманым – Токио Олимпиадасының жолдамасын иеленіп, төрт жылда бір айналып соғатын аламанда ел намысын қорғау. Токиоға бару үшін Ресейдегі әлем чемпионатында дараланып көрінуге күш салып, жолдама олжалауымыз керек»,– дейді жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері Асланбек Шымбергенов. Асланбектің салмағында да бек болуға лайықты боксшылар жетерлік.  Өзбектер бұл салмақта Шахрам Гиясов кеткеннен кейін Бобо-Усмон Ботуровқа сенім артып, оны ірі додаларға қосып, шыңдап жүр. Бұл жолы да Ботуровты баптап әкелді. Айтпақшы былтыр Жакартада өткен жазғы Азия ойындарының финалында Асланбек финалдық жекпе-жекте дәл осы Бобо батырға есе жіберген еді. Бұл жолы қалайда намысын бермеуі тиіс. Бұл салмақта жазғы Азия ойындарының қола медалін алған Иордания боксшысы Сайд, Тай елінің басты үміті Сайлом Ади да сапта бар.

75 келі салмақта Тұрсынбай Құлахмет сынға түседі. Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой боксқа ауысқалы осы салмақта Әбілхан Аманқұл негізгі құрамның сапын толықтырып, түрлі додаларда шеберлігін көрсетті. Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Жазғы Азия ойындарында да күміс медаль иеленді. Әбілхан да Тайландқа барған жоқ. Жарақатын емдетіп, Мюнхенде ота жасатып, Австрияда да ем-дом алып, оңалту процестерін өткізіп келді. Ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиынында болып әзірлігін жүргізіп, әріптестеріне сәт сапар тілеп елде қалды. Тұрсынбай үшін Тайландтағы тартыс – ересектер арасындағы  ірі сайыстың бірі. Жыл басында Венгрияда өткен Бочкай атындағы халықаралық турнирде топ жарып, бапкерлердің талғамынан өтіп, талабына татып ұлттық құраманың белді боксшысына айналған Тұрсынбай кімдерден іркілуі мүмкін? Әрине, ең алдымен, өзбек Исраил Мадримов бар. Кәсіпқой боксқа ауысып бірнеше айқас өткізіп, қарсыластарын кескен теректей сұлатып келе жатқан Исраил Тайландтағы додаға қатысу үшін  АҚШ-тан ұшып келіпті. Былтыр жазғы Азия ойындарының финалында Әбілхан Аманқұл осы Мадримовке есе жіберген еді. Әбілханның ғана емес, қазақ  боксының өзбектерге жіберген есесін Құлахметтің құлыны қайтара ала ма? Одан өтсе үндіс, Азия ойындарының чемпионы Викас Кришан, жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері филиппин Юмир Феликс деген де бітімі бөлек дүрлер тағы бар.

81 келіде Бек Нұрмағанбет айқасқа түседі. Азия чемпионаты Бек үшін де алғашқы аламан. Жиырмадан жасы енді асқан түбітиек жігіттің сыналар сәті тумақ. Бұл салмақта да Қытай, Өзбекстан елдерінің құрамасында таңдаулы боксшылар бар.

91 келі салмақта үш дүркін Азия чемпионы, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит жекпе-жекке шығады. Құрама сапындағы боксшылардың арасында жеңген айқасы мен атақ-абыройы барлығынан дараланып тұратын Левит Азия чемпионы деген даңққа төртінші рет қол жеткізуі тиіс. 2017 жылы өзбектер өздерінің рингінде алақұйын айқас өткізіп, 10 салмақтың тоғызында яғни Азия чемпионатына қосқан он боксшысының тоғызын «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай», іріктеу мен сұрыптауда да сүріндірмей финалға шығарған. Және тоғыз боксшысы чемпион атанды. Тек біреуі ғана сүрінді. Санжар Тұрсынов ширек финалда біздің Васяға есе жіберіп жүлдесіз қалған.  Санжардың да қындағы қанжардай жарқылдайтын шағы Тайландта тууы мүмкін. Қазақ боксының тарихында Азия чемпионатының үш дүркін чемпионы атанған әзірге жалғыз жампоз да осы Левит. Зау биікке үш рет ат шалдырған саңлақ төртінші мәрте чемпион атануға күш салады деп сенеміз.

(Қамшыбек Қоңқабаев. Ауыр салмақтағы алыптан алтын медаль күтеміз)

Аса ауыр салмақ дәрежесінде Қамшыбек Қоңқабаев сенім жүгін арқалайды. 2017 жылы Ташкентте өткен Азия чемпионатының финалында Қамшыбекке қамшы салдырмай опық жегізген өзбек Баходир Жалолов та АҚШ-тан арнайы келіп Азия чемпионатына қатысады. Әуесқойлар арасында әлем чемпионатының жүлдегері деген де атағы бар Жалолов кәсіпқой бокста алты айқасқа түсіп, барлығында нокаутпен жеңген сабаз. Қамшыбек екі жыл бұрынғы кеткен  есені қайтарады деп сенеміз.

Бокстан еліміздің ұлттық құрамасының бас бапкер Ғалымбек Кенжебаев Тайландқа ұшар алдындағы сөзін былай жұптаған-ды: «Азия чемпионатына әзірлігіміз жоспардағыдай өтті. Жыл басынан бері жаттығу жиындарының кезеңдері сәтімен өтіп, боксшыларды түрлі халықаралық турнирлерге қосып, сынап алдық. Біздің елдің құрамасында да буын алмасу процесі әлі жүріп жатыр. Белді боксшылар жасы келіп спортты доғарды да, орнын жастарға босатты. Әлі де отыздың үстіндегі бірнеше жігіттеріміз сапта жүр. Олардың қайрат-күші қаншалықты екенін осы Азия чемпионатында сынап көреміз. Кейбір салмақ дәрежелерінде жастарды  қосып, ірі айқасқа салып байқаймыз. Олар жасөспірімдердің жазғы Олимпиадасында, жастар арасындағы әлем чемпионаттарында өздерін таныта білген таланттар. Құрлық додасынан кейін кейбір салмақ дәрежелерінде ұлттық құраманың  белді спортшылар ауысуы да ғажап емес. Алда Қазақстан спартакиадасы, басқа да маңызды додалар тұр. Сол сындарға салып кімдердің бір қайнауы кем, кімнің бабында екенін бағамдаймыз.

Тайландтағы Азия чемпионатында қай елдердің боксшылары тегеурінді дегенге келсек, соңғы жылдары Өзбекстан құрамасы алдымен тіл ұшына оралатын болып жүр. Тайланд елінің де талантты боксшылары бар. Олар да өз жерінде өтіп жатқан додада чемпион атануға бар күшін салатыны сөзсіз.  Үндістан, Филиппин елінен келетін жұдырығы жуан боксшылардың қарқыны арынды. Жапондар келесі жылы өздері өткізетін жазғы Олимпиада ойындарында бокстан да алтын медаль  олжалауды көздеп, соңғы жылдары ерекше көңіл бөліп, қызу әзірлік жүргізіп жатыр. Оңтүстік Корея, Моңғолия елінің де боксының дәреже-деңгейі  шырқау биікке көтеріліп келеді».

Азияның қыздары адуынды

(Назым Қызайбай. Басты үміткер)

Вадим Присяжнюк баптайтын еліміздің қыздар құрамасы да Бангкокте өтетін Азия чемпионатына тыңғылықты әзірлік жүргізді. Аттаныс алдындағы жаттығу жиыны Нұр-Сұлтан қаласында өтіп, Тайландқа кімдердің баратыны нақтыланды. 48 келі салмақта Алуа Балқыбекова бар. Халықаралық турнирлердің жүлдегері Алуаның тәжірибесі мол. Бұл салмақта сөз жоқ Қытай, Үндістан елінің боксшы арулары тегеурінді.

51 келіде екі дүркін әлем чемпионы, екі жыл бұрын Хошиминде өткен Азия чемпионатының жартылай финалында сүрініп, қола жүлдегер атанған Назым Қызайбай додаға қосылады.

54 келі салмақта әлем чемпионы Дина Жоламанға сенім артылып отыр. 57 келіде Сәния Сұлтанқызы ел намысын қорғайды. 60 келіде Римма Волосенко бар. 64 келіде Милана Сафроноваға сенім артылса, 69 келіде Дариға Шәкімова додаға қосылады. Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Дариғаның еншісінде екі дүркін Азия чемпионы деген атағы қоса бар. Тәжірибелі боксшы бұдан кейін мұндай мүмкіндіктің бола бермейтінін жете түсініп  (Дариғаның жасы 31-де), аянып қалмайтыны белгілі. 75 келіде Ақерке Бақытжан сайысқа түседі, 81 келі салмақта Фраиза Шолтай бар. 81 келіден ауыр салмақта Ләззат Күнгейбаеваға үлкен сенім артылып отыр. Әлем чемпионы, әлем чемпионатының һәм Азия чемпионатының жүлдегері Ләззаттың да еншісінде құрлық біріншілігінің алтын медалі жоқ.

Түйін

Тайланд елі бокстан Азия чемпионатын бұған дейін алты рет ерлер, бір мәрте қыздар арасында өткізді. Еліміздің боксшылары құрлық бәйгесінен тек 2017 жылы Ташкентте өткен дода олжадан қағылғаны болмаса, одан өңгесінің  қай-қайсысынан да алтын медальді көсіп-көсіп, уыстап алып келген. Бангкоктегі бәйгенің ақыры Азия құрлығында қай елдің боксшылары тегеурінді екенін танытады. Жаңа тағайындалған бас бапкердің біліктілігі сыналатын сайыста қыз-жігіттерге ақ жол тілейміз.              

Олимпиада ойындарында бокс болмаса

Әуесқой бокстың айналасындағы абың-күбің әңгіменің дақпырты әлі басылмай келеді. Әуесқой бокстың халықаралық ассоциациясына (AIBA) президент болып өзбек олигархы Гафур Рахимов тағайындалған кезден бастап дау толастау былай тұрсын, жел тиген өрттей гулеп, күн озған сайын үдеп барады.  АҚШ Рахимовты ұйымдасқан қылмыстық топтың серкесі деп айыптап, ізіне шам алып түскісі бар. Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) былтыр AIBA-ның президентін сайлау науқаны алдында тосын мінез танытып, «Рахимов таққа отырса боксты Олимпиада ойындарынан тайдырып, тізімнен сызамыз» деп зілденді. Содан бері де басынан құқай арылмаған Рахимов биылғы жылдың наурыз айында қызметінен өз еркімен кететінін мәлімдеп, тек президент сайланғанша басшылық мандатын малдана беретінін айтқан болатын. Қалай болғанда да боксты жазғы Олимпиада ойындарының тізімінен алып тастамас үшін әлі талай түрлі амал-шарғының жасалатыны анық. Рахимов басқаратын халықаралық ассоциация қалайда боксты Олимпиада ойындарында қалдырудың жолында түрлі реформа жасап көретіні анық. Көрерменге қызықты ету үшін боксшылардың дулығасы (шлемі) шешілді, енді салмақ дәрежесін қысқартып, Олимпиада лицензиясын азайтып көруі де ғажап емес. Сондай қадам Ресейде жасалуы мүмкін.  

Өйткені қыркүйек айында Ресейдің Екатеринбург қаласында өтетін әлем чемпионатында әдеттегідей медаль жиынтығы 10 салмақ дәрежесі емес, қысқарып, 8 салмақта таратылуы бек мүмкін.

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға