Жаңалықтар

Азия «Одиссеясын» таныстырсақ...

Әуелi әңгiменi тұздықтап алайық.
30.06.2014 13:01 2668

Әуелi әңгiменi тұздықтап алайық. Өзiнiң айтуынша, әйгiлi «Жүз жылдық жалғыздықтың» авторы, қарағайдай мүйiздi Нобель сыйлығының иегерi Гарсиа Маркес Франц Кафканың «Құбылуын» («Превращение») алғаш оқығанда «Бұлай да жазуға болады екен ғой» деп таң қалыпты. Әрине, қаламы қатая қоймаған жастау кезiнде. Ал өзiнiң сол Нобель сыйлығын алып берген, сонымен бiрге қаржы мұқтаждығынан құтқарған «Жүз жылдық жалғыздығынан» гөрi «Ел ағасының еңкейген шағында» романын жоғары қоятыны және бар. Нелiктен? Әдебиетке ендi араласа бастаған ана бiр жылдары осы сауалға мен де бiршама бас ауыртқан едiм. Бiраз түртiнектеп жүрiп, шешiмiн тапқандай да болғам.

Не нәрсенiң де шын бағасы салғастыру, теңестiру, шендестiрулер арқылы танылмақ. Бұл амалдар дүкен сөрелерiндегi күнделiктi тұтыну заттарынан бастап, ұрпақтан-ұрпаққа, ғасырлардан-ғасырларға көшiп келе жатқан ұлы рухани жәдiгерлерге де жүрешiк. Сол пайымнан қарағанда, бiздiң аңғарғанымыз, Маркестiң «Жүз жылдық жалғыздығы» «Библияның» жаңаланған, бүгiнгi күннiң тiлiмен жазылған модерн нұсқасы болып шықты. Адам ата мен Хауа ананың жұмақтан қуылуы романда Буэндианың қораз төбелесi үстiндегi ерегесте адам өлтiрiп қойып, күнәһар жан ретiнде көз көрiп құлақ естiмеген жаққа үй-iшiмен қоныс аударуы арқылы көрiнiс тапса, кiтаптың соңғы беттерiн қай-қай дiнде де айтыла беретiн ақыр заманмен байланыстыруға болады. Содом мен Гоморраның белгiсi – «құйымшақты ұл» екендiгiне де дау жоқ. Асқан жазушылық шеберлiкпен қапысыз қиюласқан «Библиямен» мұндай параллельдер романда өте көп. Демек, Гарсиа Маркестiң өзiнiң атышулы «Жүз жылдық жалғыздығын» жоғары бағаламайтындай жөнi бар. Өйткенi ол қайталанған дүние болатын. Бұны өзiнiң терең түйсiк қатпарында жазушының сезiмтал нейрон талшықтары да аңғара бiлген болса керек. Әйтпесе, жаңағыдай пiкiрдi айтпас едi ғой.

Бiрақ бiз сол жас талап Маркес таң қалған «Құбылуға» да бұлай да жазуға болады екен ғой деп бөркiмiздi аспанға атып қуана қоймадық. Шамасы, Шығыста қадым заманнан берi бар әдеби тәсiлмен жазылғандығынан болар. Көлем қыспағанда, бұл сөзiмiзге де мысалды көптеп келтiруге болар едi.

Шығыс пен Батыс... Екеуi бiр-бiрiне қарсы тұрғалы қай заман.

Әдебиетке келiп жатқан бүгiнгi жастардың өзара әңгiмелесе қалса Кафка, Джойс, Камюлердi тiлге тиек ете жөнелетiн әдетi бар. Шығыс десе қазiргi авангард жапон әдебиетiнен өзгесiнен хабары жоғы және айқын. Немiс, француз, испан, швед, аяғы фин әдебиетiне дейiн мағлұматы бар әдебиетшiлердiң жапон асып, қытай, корей, тай, үндi әдебиетiне неге назар аудармайтындығына таң қаласың. Бейнебiр Шығыстың шұғыла рухын Батыстың жымысқы мысқыл аралас күлкiсiнiң мысы басып тұрғандай күй кешесiң. Осындайда, Жұмекеншелеп, «Жақсымызды бетiмiзге күйе қылып жақпасақ, бiздерде де талай мықты болыпты» дегiң келiп кетедi.

Иә, бiздерде де талай мықты дүниелер болған. Пайдалану әдiс-тәсiлiн таба алсақ «Жүз жылдық жалғыздықтардың» жүзiн, мыңын ұрып алуға болады. Бұның бiр үлгiсi жапон Акутагава Рюноскэ. Әңгiме, новеллаларының денi дерлiк қытайдың «Көнекөз әңгiмелерiнiң» (әлде Сун, әлде Тан дәуiрiнде пайда болған кiтап) желiлерiне құрылған Акутагаваны ешкiм осал жазушы дей алмаса керек.

Батыс Қайта өрлеу дәуiрiнiң ұлы туындыларының бiрi, Дантенiң «Құдiреттi комедиясының» композициялық құрылымы байырғы Шығыс үлгiлерiнен алынғандығы туралы бұрын да сөз еткенбiз. Мұндай әдiс қазiргi Батыс әдебиетiнде де бар. Ал оның ХХ ғасырдағы бiрегей көрiнiсi Джойстың «Улиссы» болып табылса керек. Сол баяғы Гомер шалдан қалған аяғына сандал киген «Одиссеяның» иығына фрак не френч iлген еуропалық дамытылған нұсқасы. Баспа жүзiн көргелi бiр ғасырдай уақыт өтсе де даңқы бiр толастамай әлi күнге жер жарып тұр. Ойланып қарасаң, Шығыстың ешбiр шаңқанбоз шығармасы шаңына iлесе алмайтындай әсер қалдырады.

Солайы солай-ақ болсыншы, ал мына Азияның бiр бұрышындағы кәрiс бауырларда (анық-қанығын қайдам, қайсыбiреулер осы кәрiстi өзiмiздiң керей, не керейттермен бiр туған деседi) «Бұлттың тоғызыншы түсi» атты жәдiгер барын бiрiмiз бiлсек, бiрiмiздiң бiлмейтiндiгiмiз шындық. Оқиғасы ғажап. Қысқаша қайырсақ, иман жолына түскен дiндар жас жiгiттiң тағдыры туралы. Ұстазы сенiм артып отырған жiгiт бiр iссапарда кездейсоқ күнәлi iс iстеп қояды да, о дүниеде тозаққа түсетiн болады. Ажалы жетiп Мәңкүр-Нәңкүрдiң алдына барғанда (әрине, кәрiстерде атаулары басқашалау) жалғыз ғана күнәсiне кешiрiм жасалып, бұл дүниеде қайта туу, сөйтiп өзiн-өзi иман жолында тазарту, жетiлдiру құқына ие болған жiгiттiң бұл дүниеге керi келе жатқандағы көңiл-күй суретi анау-мынау дүниелердiң көбiсiнен көш iлгерi. Өйткенi, перiштесi жiгiттi бұл мына дүниеде қайта күнәға батпасы үшiн, ескерту ретiнде, о дүниедегi тоғыз қабат тозақтың ара-арасынан алып ұшады ғой. Сосын бiр тесiкке әкелiп, басын тығады да құйрығынан бiр теуiп бұл дүниеге ытқытып жiбередi. Өзiн қабылдап, кiндiгiн кесiп жатқан жандарға «мен пәленшемiн ғой» деп айтқысы-ақ келедi, бiрақ сәби емес пе, тiлi «iңгәлағаннан» басқаға келмейдi. Ал анау перiштенiң табаны тиген жер жамбасында дақ болып қалып қояды (Моңғол нәсiлдi адам баласын өзге нәсiлден айыратын ең таңбаны жаңа туған қай-қай сәбидiң де құйрығынан көруге болады). Осы дақты перiштенiң алақаны деп түсiндiретiн ұғым бiздiң қазақта да кездеседi.

Яғни, осы кәрiс жәдiгерi сәл қиялға берiлiп, сюжетiн заманауи талап деңгейiнде дамыта алатын қабiлетiңiз бар болса қазақы әңгiме не хикаят болып шығуға сұранып-ақ тұрған әдеби мұра. Егер Данте не Джойстың дарынындай қабiлет қарымыңыз болса, «Құдiреттi комедия» немесе «Улисстiң» Азиялық нұсқасын жазып шығуыңызға да жетедi. Соғысқа барғысы келмейтiн Одиссейдiң (cебепсiз қан төгу де күнә ғой) осы жолда жасаған қулығының iске аспай қалуы (кәрiс шығармасында жас жiгiттiң әлдебiр болымсыз себеппен имандылық жолынан шығып кетуi), ақыры ұзақ сапардан кейiн туған жерiне құдайлардың құдiретiмен ақсақалды шал болып келгенде ешкiмнiң, тiптi, әйелi мен туған баласының танымауы (кәрiс жәдiгерiнде жiгiттiң сәби боп қайта туылып, ышқынып айтқан жүрекжарды «iңгәсына» төңiрегiндегiлердiң түсiнбеуi, о дүниеде көрген азапты сапары), осылардың бәрiн корейдiң осыбiр орта ғасырлық прозасынан да табуға болады. Егер Дантенiң «Құдiреттi комедиясында» батыстың арғы-бергi ұлылары сөз болса, сiздiң өз кезегiңiзде, шығыстың тарихи тұлғаларын кейiпкер қылуға мүмкiндiгiңiз бар.

Иә, асырып айтқанымыз емес, жаңаша қорытып, ашылмаған қырынан пайымдай бiлсек, Азияның топырағында, рухани қойнауларында Батыстың әдебиетiмен иық теңестiре алатын, тiптi бiрқыдыру биiк те бола алатын жәдiгерлер әлi де жетерлiк. Осы орайдан алғанда, Батыстың өзiмiзден алып, өңдеп қайта ұсынған шедеврлерiне құр тамсана бермей, өз табанымызда жатқан, түртiп жiберсек жарқырап шыға келетiн асылдарымызға да бiр сәт зер салсақ, ұтпасақ ұтылмайтынымыз ақиқат.

Жас талапкерлерге бұл бағытта да ойлана жүрген дұрыс болар. Өйткенi бiздер азиялықтармыз ғой, Батыстың көшiрмесi бiзге жүрмейдi. Мейлi, қандай «...изм» үлгiсi болсын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға