Жаңалықтар

Азия ойындарында алғашқы алтынды алған қазақ қызы сұхбат берді

Азия ойындарында алғашқы алтынды алған қазақ қызы сұхбат берді
Фото: Тұрар Қазанғапов 27.09.2023 17:33 1283

Бүгін «Құралайды көзге атқан мергендеріміз» Азия ойындарында топ жарды. Нақтырақ айтсақ, Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындарында стенд атудың скит бағдарламасы бойынша сынға түскен әйелдер құрамасы рекорд жаңартып, чемпион атанды. Сонымен қатар, құрама мүшесі Әсем Орынбай жекелей сында да қола медаль алды. Аламан додада жүрген El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі спортшыдан эксклюзивті сұхбат алып үлгерді. 

- Өте қуаныштымын. Ең бірінші мақсатымыз финалға шығу және медаль алу болатын. Абырой болғанда екі жүлдеге ие болдым. Біреуі алтын, екіншісі қола.  Финал тартыстты өтті. Қолдан келгенді жасадық.

- Командалық бәсекеде Қытайдан екі ұпайға қалып келе жатып, бір ұпайға ұзып шықтыңыздар…

- Иә, соңғы серияға дейін бар күшін салдық. Берілмедік. Соның арқасында чемпион болдық. Қытай құрамасы - Азияда ғана емес, әлемде бойынша үздіктердің бірі. Сондай команданың жеріне келіп, мынандай жанып тұрған ауа-райында топ жару үлкен жетістік.

- Шынымен ауа-райы қатты әсер етті ме?

- Күн ыстық. Шөлдете береді. Сосын мына орналасқан жердің табиғаты да ерекше. Оған дейін көзіңді үйрету керек. Елдің намысы сынға түсіп жатқанда барымды салдым.

- Жекелей сындағы бәсеке туралы айтсақ…

- Командалықта алтын алған соң, жеңілдеп қалдым. Финалдың оңай болмайтынын білдім. Бұл Азия ойындары. Қытай құрамасының жанкүйерлері көп. Жергілікті спортшыларын қатты қолдайды.

- Жекелей сында да алтын алуға мүмкіндік болды ғой?

- Өздеріңіз көрдіңіздер, соңғы жағында бір атқаным дұрыс ұшпады. Қайталап көрген кезде мұның бәрі спортшыға әсер етеді…

- Оқу-жаттығу жиындары қайда өтті?

- Азия ойындарына Шымкентте дайындалдық. 20 күндей сонда болдық. 

- Келесі жылы Париж Олимпиадасы. Жолдама жағы қалай болып жатыр?

-Лицензия ойнатылатын жарыстар алда. Бірінші бәсеке Бакуда өтті. Енді алда тағы басқа лицензиялық бар. 2024 жылдың мамыр айына дейін жолдамалар ойнатылады. Бұйырса қол жеткіземіз.

- Командаластарың туралы айтсаң… 

- Әріптестерім мықты. Бұл алғашқы жүлдеміз емес. Бұған дейін әлем кубогы секілді жарыстарда бірге оза шапқанбыз.

- Жанкүйерлерге айтар қандай тілегің бар?

- Қазақстанның осы Азия ойындарындағы алғашқы алтынын алдық. Барлық спортшыларға жұғысты болсын.

Бұл ақпараттың жарық көруіне қолдау жасаған «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» КҚ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға